ЕСЕЛІ ЕҢБЕККЕ ЛАЙЫҚТЫ ҚҰРМЕТ

68

0

ЕСЕЛІ ЕҢБЕККЕ ЛАЙЫҚТЫ ҚҰРМЕТКеше Н.Бекежанов атындағы
қазақ музыкалық драма театрында құрылысшылардың кәсіби мерекесі аталып өтті.
Салтанатты шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, сала мамандарын
құттықтады, еңселі еңбегімен дараланған үздіктерді марапаттады.

Алаштың анасы атанған елдің бүгінгі даму қарқыны өзгелерге
үлгі боларлық деңгейде. Қайнаған тіршіліктің тамыр соғысын облыста жүргізіліп
жатқан құрылыс нысандарынан-ақ аңғаруға болады.

Мерекелік рәсімде алдымен Құрылысшылар күніне арналған
бейнекөрініс жұртшылық назарына ұсынылды. Онда Қызылорда облысындағы құрылыс
қарқыны жөнінде ақпарат берілді. Сырбойылық құрыш қолды құрылысшылардың
нәтижелі еңбектері, аймақтың жетістіктері айтылды. Алақайлап айтуға тиіспіз,
Сырдың елі соңғы жылдары құрылыс жөнінен республикада алдыңғы лектің қатарынан
көрінуде. Биылдың өзінде 30 әлеуметтік нысан құрылысы жүріп, оның 8-і
пайдалануға берілген. Аймақта апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі келер
жылы толығымен шешілгелі тұр. Айталық, қазіргі таңда мұндай санаттағы 12
мектептің кірпіші қалануда, биыл бұлардың 5-і пайдалануға берілсе, келер жылы
қалғанының есігі айқара ашылады. Сондай-ақ, Сырдың елі сүйіншілейтін
жаңалықтардың төресі – Қызылорда облысы көпқабатты тұрғын үй тұрғызудан облыс
тарихында болмаған көрсеткіштерге қол жеткізді. Былтыр 54 көпқабатты үйде қоныс
тойы тойланса, биыл бұл көрсеткіш 80-ге жеткелі тұр. Салыстырмалы түрде айтсақ,
2015 жылы Алматы қаласында 51 үй пайдалануға берілген.

Мерекелік шарада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев
құттықтау сөз сөйлеп, құрылысшылардың қай кезде де құрметке лайық екендігін айтты.

– Тарихқа көз жүгіртсек, құрылысшылар мерекесі осыдан
60 жыл бұрын 12 тамызда атап өтілген. Қазіргі таңда да ТМД елдері арасында
кеңінен тойланады. Баршамызға мәлім, құрылыс индустриясы – экономиканың негізгі
іргетасы. Сондықтан да елдің экономикалық күш-қуатының, әлеуметтік жағдайының
артуы құрылыс саласының дамуымен тікелей байланысты. Дағдарыстың ызғарына
қарамастан, соңғы жылдары Қызылорда облысында құрылыс саласы жоғары қарқынмен
жүргізіліп келеді. Сіздер осы ауқымды саланы серпінді дамытуға зор еңбек
сіңірудесіздер. Қызылорда облысындағы құрылыс қарқыны соңғы жылдары зор
жетістіктерге жеткендігін мақтанышпен айта аламыз. Оның анық айғағы – биылғы жылдың көрсеткіштері. Өткен 6 айда
тұрғын үй құрылысына тартылған инвестиция көлемі 12,6 млрд теңгені құрап, өткен
жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32,7 пайызға өсті. Яғни, құрылыс жөнінен
республикада алғашқы үш аймақтың қатарындамыз. Өздеріңізге мәлім, Қызылорда
қаласында қазіргі таңда жаңадан 8 шағын аудан ашылды. Бүгінгі күні 263 800
шаршы метрді құрайтын 80 көпқабатты үйдің құрылысы жүруде. Демек, биыл баспана
кезегінде тұрғандардың 24 пайызы пәтер алады деген сөз. Осыншама еңбектің
барлығы құрметті құрылысшыларымыздың қолынан өтуде. Бүгінгі төл мерекелеріңіз
құтты болсын! – деді аймақ басшысы.

Аймақта көпқабатты үйлер ғана емес, жеке тұрғын үйлер
құрылысы ерекше серпінмен жүруде десек, қателеспейміз. Өйткені, облыс
тұрғындарының саны артып келеді, осыған орай бас шаһардың аумағы да ұлғаюда.
Жуырда, Тұңғыш Президент күні қарсаңында Қызылорданың солтүстік шығысынан 6600
адамға жер телімі берілді. 980
гектар аумаққа орналасқан «Бәйтерек» шағын ауданының
инженерлік ифрақұрылымын дайындау үшін 10 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған.
«Ел үкіметі жеке тұрғын үйлердің инфрақұрылымы үшін 29 млрд теңге бөлсе, оның
9,1 млрд теңгесі біздің облыс еншісіне тиді. Бұл – құрылыс саласында жүрген
жауапты мамандардың ерен еңбегінің нәтижесі», – деді аймақ басшысы.

Дарияның төсіндегі Сыр шаһары жыл өткен сайын
шырайланып келеді. Өзеннің оң жағалауы игерілсе, сәулетіміз бен дәулетіміз одан
сайын асқақтай бермек. Тиісті жердің инженерлік инфрақұрылымы үшін қажетті 174
млрд теңге жуық арада «Азия даму» банкінен бөлінеді деп күтілуде. Сол
жағалаумен байланыстыратын көпір құрылысы биыл біткелі тұр. Яғни, сырбойылықтар
құрылысы қарқынды Қызылорданың алар асуы алда деп біледі, ел болашағына нық
сеніммен қарайды.

Мерекелік шарада бір топ құрылысшыға облыс әкімінің
«Құрмет грамотасы» табыс етілді. Сондай-ақ, мереке иелері Ұлттық экономика
министрлігіне қарасты салалық комитеттің марапатын иеленді. Шара соңы естелік
суретке түсумен, мерекелік концертпен жалғасын тапты.

 

Нағымжан САУЯЕВ.

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз