ЕСЕПТI КЕЗДЕСУДЕ ҚОЙЫЛҒАН САУАЛДАР

99

0

ЕСЕПТI КЕЗДЕСУДЕ ҚОЙЫЛҒАН САУАЛДАРАлғашқы сұрақтар облыс әкіміне онлайн режимі арқылы
түсті:

Арал қаласының тұрғыны Октябрь Ахметов:

– Қазіргі қаржы дағдарысы облыс экономикасына
қаншалықты әсері бар. Оның жұмыс орындарының қысқаруына әсері бар ма?

Жауап: – Арал ауданында үлкен инвестициялық
жобалар жүзеге асырылуда. Аудандағы ас тұзы мен техникалық тұз өндіру өндірісі
жаңғыртылды. Бұрын «Аралтұз» АҚ жылына 120 мың тонна тұз өндіріп келсе, енді
оның өнімділігі 78 пайызға, яғни 213 мың тоннаға артты Кәсіпорын қуаты қайта
құрудан кейін жылына 200 мың тонна тұзға дейін өсті. Оның ішінде 170 мың тонна
ас тұзы, 30 мың тонна техникалық тұз. «Аралтұзда» жүздеген жұмыс орны сақталып,
жаңадан 343 жұмыс орны ашылды. Кальцийлі
сода өндірісі зауытының жобасы дайындалуда.

«Аралтұз» АҚ вице-президенті Нағашыбай Әуезханов:

– Бүгінгі таңда кәсіпорында қосымша секторлар ашу
жоспарлануда. Демек, жуық арада кәсіпорындағы жұмыс орны бір мыңға
жуықтайды. Жұмыс орындары қысқармайды.

Қармақшы ауданының тұрғыны:

– «Бітер істің басына жақсы келер қасына» дегендей,
әкеңіз бастаған істі жалғастырып, Түркі дүниесінің абызы – Қорқыт бабамыздың
кесенесін жаңа заман талабына сай, қайта жаңғырттыңыз. Ол сәулетті нысанға
айналды. Енді осы кешенді бүкіл әлем халқына танытатын жағдай жасау керек
сияқты…

Жауап: – Кешенді жаңарту туралы 2013 жылы Елбасы ұсыныс
жасаған болатын. Оның жобасы бекітіліп, соған сәйкес жұмыстар жүргізілді. Сәті
келгенде жұмыс сапары барысында Елбасы барып көреді деп ойлаймыз. Ендігі міндет
Қорқыт ата мемориалдық кешенін бүкіл Түркі әлемінің рухани орталығына
айналдырып, ЮНЕСКО-ның мәдени мұра каталогына кіргізу. Сіздер білесіздер,
«ЭКСПО-2017» көрмесіне 5 млн-нан аса туристер келеді деп жоспарлануда. Біз көрмеге келген қонақтар тек бір жерден
қайтпасын деген ой айттық. Көрмеге келушілер Астанадан Байқоңырға ұшып келіп,
ғарыш айлағын көрсе, сонымен бірге Қорқыт ата кешенінде болса деген ұсыныс
жасадық. Оны Елбасы қолдады. Амандық болса, ол жоспар жүзеге асады деп сенеміз.
Туристер демаламын десе Қамбаш көлі жағасындағы санаторий-профилакторий қызметі
дайын тұрады. Осылайша ол туристік үлкен рухани орталыққа айналады деп
ойлаймыз.

Жалағаш ауданы еңбек ардагері Тасқара Байниязов:

– Аудан орталығындағы №246 орта мектепке өткен жылдан
бері көптеген жөндеу жұмыстары жүргізілді. Енді сол жұмыстың уақытылы және
сапалы орындалуы Сіздің назарыңызда болса деп едім.

Жауап: – Бұл білім ошағы Жалағаш ауданындағы ең
үлкен мектеп. Оны жөндеуге 380 млн теңге шамасында қаржы бөлінген. Өйткені оған
қосымша ғимараттар салынады. Былтыр бюджеттен 50 млн теңге қаржы жұмсалды. Биыл
бюджеттен қаржы бөлінсе, жұмысты жалғастырамыз. 1 қыркүйекке дейін аяқтай
алмағанмен, жыл соңына дейін бітеді деп
болжап отырмыз.

***

Мұнан кейін облыс әкімі Қ.Көшербаев залдағылардың
сұрақтарына жауап берді.

Әлішер Қардашев, «Жас Отан» Жастар қанатының
хатшысы:

– Қырымбек Елеуұлы, өзіңізге білгілі, өткен жылы
облысымыздың 100-ден астам жасы Ресей еліндегі жоғары оқу орындарында білім алуға аттанды. Биыл да дағдарысқа
қарамастан Ресейде білім алам деушілерге қолдау көрсетіле ме?

Жауап: – Біздің Қызылорда облысының 66
шаруашылығына қажетті мамандықтар бойынша Ресейдің бұрынғы Кеңес Одағындағы ең
сапалы білім беретін жоғары оқу орындарымен келісіп, осы мүмкіндікке қол
жеткіздік. Қазір 107 сырбойылық жас Мәскеу мен Санкт-Петербургте инженерлік
мамандығы бойынша оқып жатыр. Биыл да Мәскеу құрылыс институты, Тимирязев
аграрлық университеті секілді бірнеше ресейлік жоғары оқу орындарымен келісіп
отырмыз. Биылғы ерекшелік, Ресей үкіметі есебінен 300-ге жуық грант бөлуге
келісім беріп отыр.

Қайрат Қожамжаров, Жаңақорған ауданының тұрғыны:

– Жаңақорғандағы Шалқия кен байыту фабрикасына жөндеу
жұмыстары жүргізіліп жатқанын білеміз. Бұрын да бұл фабриканың жұмысы басталып,
кейін қайта тоқтап қалған болатын. Сондықтан тағы да сол жағдай қайталанып,
кәсіпорын тоқтап қалмай ма деген қорқынышымыз бар. Сіз бұл кәсіпорынның
келешегі туралы не айтасыз?

Жауап: – Бұған ешқандай алаңдаудың қажеті жоқ.
Бұл кәсіпорынды Елбасы жақсы біледі. Біз, қызылордалықтар, Елбасына тікелей
алғыс айтуымыз керек. Себебі, кезінде
Шалқияны «Самұрық Қазынаға» сатып алу туралы нақты тапсырма беріп, сатып
алынды. Соның негізінде қазіргі таңда 76 млрд теңге инвестициялық жоба жасалып
жатыр. Жобалық-сметалық құжаты дайын. Биылғы екінші жартыжылдықта құрылысы
басталады.

Кішкене Айбосынов, Арал ауданының тұрғыны:

– Құрметті, Қырымбек Елеуұлы, өткен жылы қыста аудан
орталығын елді мекендермен байланыстыратын көпірде төтенше жағдай орын алған
болатын. Сол көпірдің маңыздылығын ескеріп, қалыпқа келтіру шараларын қолға
алдыңыз. Дегенмен, сізден үлкен өтініш, көпірдің тезірек ел игілігіне берілуіне
ықпал етсеңіз.

Жауап: – Сіздер алаңдамаңыздар. Кәрібөгеттегі
апатты жағдайдағы көпір міндетті түрде биыл қайта салынады. Оған облыстың
бюджетінен 62 млн теңге қаржы қаралып отыр. Жобасы жасалынды. Облыста 133
кішкене ғана көпір бар, бәрі бақылауымызда.

Оразғали Бекпанов, Қазалы аудандық ардагерлер
кеңесінің төрағасы:

– Құрметті, Қырымбек Елеуұлы, өзіңіз аймақты басқарып
келе жатқан уақыттан бері көптеген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып
келеді. Дегенмен, аудандағы проблемалар таусылар емес. Біздің аудан орталығы –
Әйтеке би кентінде су мәселесі орын алып отыр. Яғни, кенттің шет аймақтарында
судың келісі дұрыс емес. Осыны шешуге ықпал етсеңіз

Жауап: –Әйтеке би кентінің даму жоспарына сәйкес, Әйтеке би мен Қазалының ортасындағы жерге
инженерлік-инфрақұрылымды қамтамасыз ету керек. Оған жоспар жасалынған. Менің
есебімше, оған 500 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Соның жартысы өткен жылы
жұмсалған, биылғы жылы да бюджетте бар.Шешімін табады.

Асхат Қошманов, «Арай-Шұғыла» саяжай төрағасы:

– Әкім мырза, біздің саяжайға қарасты №288
подстанцияны қаладағы КРЭК-тің балансына алуға ықпал жасасаңыз деген өтінішпен
келдім.

Жауап: – Саяжайлардың жағдайын жақсы білем. Саяжайлардағы
электр желілерінің 70 пайызының тозығы жеткен. Қазір саяжайлар мөлтек
аудандарға айналып барады. Бұрын уақытша тұратын болса, қазір үй салып, тұрақты
тұрып жатыр. Сондықтан орталық есепшот болмайды, жеке есепшот ашу керек. Осы орайда
КРЭК мекемесінің басшысы мен қала әкіміне және ЖКХ басшысына КРЭК-ке қабылдау,
тұрақты түрде электр қуатымен қамтуды тапсырамын. Үшеуіңіз осы мәселені
шешесіздер.

Ынтымақ Боранбайұлы, Шиелі ауданының тұрғыны:

– Құрметті Қырымбек Елеуұлы, өзіңізге белгілі, бірнеше
жылдан бері ауданымызда мия тамырын заңсыз жинау фактілері орын алуда. Осы
келеңсіздіктің алдын алуда қандай шаралар көріледі.

Жауап: – Жаңа ғана бейнероликтен көрдіңіздер,
Жалағаш пен Шиеліде екі мия зауыты іске қосылды. Біз үкіметке мәселе қойып, мия
тамырын республикадан тыс жерге шығаруға тыйым салу жөнінде ұсыныс бердік. Енді
ішкі істер органдары осыған байланысты жұмыс жасауда. Қазір мия тамырының бір
келісі 200 теңгеден келіп отыр. Қазір үш
өнім шығарсақ, жақында бес өнім шығаруға көшеміз. Болашақта бұл бізге өте
тиімді болмақ. Қызылмия бізге үлкен
пайда әкеледі. Бұл жерде әлде де бірнеше фармацевтикалық кәсіпорын салуға
болады. Енді қызыл мияға қатысты бейберекетсіздікке жол берілмейді.

Сабыр Серікбаев, Жаңақорған ауданы, Түгіскен
ауылының тұрғыны:

– Құрметті Қырымбек Елеуұлы, Жаңақорған ауданында көп
жылдан бері шешімін таппай келе жатқан
мәселенің бірі – Түгіскен ауданындағы жер мәселесі. Кезінде жер үлесіміз
«Түгіскен тұқым»» шаруашылығына өткен болатын. Сол үлесімізді қайтып ала алмай
жүрген жағдайымыз бар. Осы мәселені шешуге жұмыс жасап жүргеніңізді де білеміз.
Сұрағым, осы жер мәселесі шешімін таба ма?

Жауап: – Мәселе негізінде шешімін тапты. Өткен жолы ауыл­ шаруашылығы министрі Асылжан
Мамытбеков мырзаны шақырдық. Сонда мәселе көтерілді. 1400 гектар жерді
шаруашылық өзіне алып қалады да, қалған жер сіздерге қайтарылады. Енді
жеке-жеке бөлініп кетпей жұмыс істеңіздер. Егер бөлініп кетер болсаңыздар,
майда шаруашылықтар субсидия ала алмайды, мемлекеттен қолдау болмайды.
Сондықтан 3-4 шаруашылықтың негізінде біріге жұмыс жасаңыздар. 17 жылдан бергі
мәселе оң шешімін тапты. Басқа аудандарда да солай. Жерлеріңді шешіп бердік,
енді сендерге аманат, бөлінбей жұмыс істеңіздер.

Дәулет Тоқсанбаев, қала тұрғыны:

– «Басшысы жақсы ел озады» деген бар, облыс көлемінде
атқарылып жатқан жұмыстар халықтың назарында. Еңбегіңіздің ел көгіне шыға
беруіне тілектеспіз. Менің сұрағым, баспана мәселесіне байланысты болмақ. Қала
тұрғындарын және кезекте тұрған кісілерді баспанамен қамту мақсатында қандай
жұмыстар атқарылады?

Жауап: – Мен әдейі осы сұрақ болатын шығар деп
мына цифрларды ала келгенмін, айтып шығайын.2015 жылдың соңына дейін 14 жылғы мемлекеттік бағдарлама аясында және
инвесторлар есебінен құрылысы басталған 20 үйдің және биылғы жылы құрылысы
басталатын 23 үйдің, барлығы 43 үй, 2406 пәтер тұрғындардың игілігіне
табысталады деп отырмыз. Осы кезде 5600 жұмыс орны ашылады. Қайдағы дағдарыс,
2406 пәтер тапсырайын деп отырмыз. Кеңестер кезінде де бір жылдың ішінде
Қызылорда қаласында 43 үй салу жағдайы болмаған. Бірақ бізде халықтың саны тез
өсіп отыр, сондықтан тезірек қимылдауымыз керек. Статистикалық есеп бойынша 754
мың тұрғын бар, ал медициналық есепте 823 мың адам тұр. Мен екінші цифрға
сенемін. Бұл дегеніміз, жыл сайын біздің халқымыздың саны бес пайызға өсіп отыр
деген сөз. Осылай жалғасса алдағы 10 жылда біздің халықтың саны 1млн-ға жетеді
деген сөз.

Қызылорда қаласының тұрғыны:

– Біздің уақыт белдеуіміз Астана уақытымен
теңестірілген. Бұл қыс кезінде оқушылардың мектепке қатынауында үлкен қиындықтар
тудыруда. Денсаулығына зиян келеді, қауіптілігі де аз емес.

Жауап: – Бұл өте дұрыс. Парламенттегі
депутаттарымызға айттық. Біз өз тарапымыздан Метрологиялық комитетке ұсыныс
жолдадық. Комитет қолдап отыр. Уақыт белдеуін туралау Үкіметтің құзырындағы мәселе.
Үкіметке ұсыныс беріп отырмыз. Мәселе оң шешіледі деген үміттеміз.

Өтеген Жаппарханов, ардагер журналист:

– Облыс ардагерлері атынан жасалған жұмыстарға оң баға
беремін. Батаның ең күштісі «Құдай бергенін қайтып алмасын» дейді. Сіз облыс
басшылығына келгенде құрылысы бітпей тұрған 34 нысан бар еді. Соның 33-нің
жұмысы аяқталғанын ақпарат құралдарынан біліп отырмыз. Ал Талсуаттағы оңалту
орталығының құрылысы қашан бітеді?

Жауап: – 2013 жылдың басында әртүрлі себеппен
құрылысы аяқталмай қалған әлеуметтік нысандар болды. Оның ішінде жемқорлық
фактілері салдарынан тоқтап қалғандары да бар. Мен Манарбек Еспенбетов
басқарған қызылордалық құрылысшылар қауымдастығына рахмет айтқым келеді. Құрылысты аяқтау туралы
осы азаматтарға өтініш айттық. Басқа мүмкіндік болмады. Сол азаматтардың
арқасында 34 нысанның 33-ін өткіздік. Ең соңғысы Талсуаттағы жүйке аурулары
диспансері.

 

ПІКІРЛЕР

Бүгінде
облысымыздың экономикалық әлеуеті қарқынды дамып келеді. Қай салада болмасын,
барлық жағында өсім мен өркендеу бар. Мәселен, бір ғана көлік инфрақұрылымын
алар болсақ, облыстық, аудандық автомобиль жолдары және елді мекен көшелерін
қайта жаңғырту мен күрделі жөндеу жұмыстарынан бөлек, өткен жылы
«Батыс-Еуропа-Батыс-Қытай» автодәлізінің, «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» жаңа
темір жол желісінің құрылысы аяқталып отыр. Алдағы уақытта
«Қызылорда-Жезқазған” бағытындағы автомобиль жолдары қайта жаңғыртудан өтпек.
Бұл аймағымыздың еуропалық бағыттарға тауарларды еркін экспорттауға мүмкіндік
береді. Сондай-ақ, халықтың жұмыспен қамтылуына да өз септігін тигізбек. Бұған
қоса бірқатар елдерге тікелей әуе қатынасы жүретін болады деп күтілуде. Бұл –
өңірдің қол жеткізген жетістігі. Алдымызда қиын кезең келе жатыр. Бірақ соған
қарамастан, еліміз, оның ішінде Сыр елі осы қарқынмен алға жылжыса, ол
қиындықты да еңсеретіндігімізге сенімдімін.

Жәнібек НҰРҚЫШҰЛЫ,

облыстық жолаушылар
көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастауыш ардагерлер ұйымының
төрағасы.

 

 

Облыс
әкімінің бер­ген есебінен өңіріміз­дің өткен жылды табыс­ты қорытындылап отыр­­ғандығын
аңғаруға бола­ды. Расымен де, жылдан жылға аймағымызда оң өзгерістер орын алып,
халық­тың әлеуметтік жағдайы жақсаруда. Көзге көрінетіні, көрінбейтіні бар
қаншама ауқымды тірліктер жасалып, бүгінде халықтың игілігі жолында жұмыстар
атқарылуда. Мұның барлығына көңілім толады. Ең бастысы, аймақты газдандыру
мәселесі шешімін табуда. Яғни, облыстағы ауқымды жобалардың бірі
«Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының құрылысы аяқталып, осы уақыттан бастап
Арал ауданын газбен қамту жұмыстары іске асырылып жатыр. Бұл жергілікті халықты
қуантып отыр. Өйткені, бір жағынан аудан тұрғындары жұмыспен қамтылатын болса,
бір жағынан көгілдір газға қол жеткізбек. Кіші Аралда тіршілік тіні қайта
жалғасын тапты. Балық шаруашылығы қолғаалынып, өндірілген өнім елімізді ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерге
де экспортталуда. Өңірімізде ауланатын балықтың 5-6 мың тоннасы осы Кіші
Аралдың еншісінде. Жаһанды дағдарыс жайлаған тұста мұндай жетістікке жетуіміз,
еліміздің экономикалық дамуының осал еместігін көрсетсе керек.

Алдаберген ЖОЛАНОВ,

«Нұр Отан» партиясының
Арал аудандық филиалы төрағасының
бірінші орынбасары.

 

Бүгін,
міне, облыс әкімі аймақтың дамуы мен
өсіп-өркендеуі жолында атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктерді са­ра­лап,
алдағы уа­қыт­тағы басты мақсат-мін­деттерді айқындап бер­ді. Индустриялық ай­мақтар
құру, ауыл ша­руашылығын жаңғырту, кәсіпкерлікті дамыту өңірдегі негізгі басым
бағыттар болып отыр. Әсіресе, индустриалды-ин­но­вациялық дамудың жолға
қойылуы, облысымыз үшін өзіндік маңыздылығымен ерекшеленуде. Өйткені, аймақ
экономикасын әртараптандыру арқылы бюджетіміз нығайып, халықтың әлеуметтік
жағдайы жақсаруда. Өткен жылы осы бағыт бойынша бірқатар нысандар, құрылыс
материалдары өндірісі, нан цехы, әк зауыты, мия тамырын өңдейтін зауыттар іске
қосылған. Бұл аймақ экономикасы көкжиегінің кеңейіп жатқандығын білдірсе
керек. Сонымен қатар, білім саласының да
қазіргі қарқыны жаман емес, ауыз толтырып айтарлық жетістіктер жетерлік. Оның
басты дәлелі ретінде инновациялық әдістемені енгізу мақсатында мектептердің
«Монтессори» білім жетілдіру кабинеттерімен жабдықталуын, мемлекеттік
бағдарламалардың өз деңгейінде орындалуын, дүниежүзілік банк гранты
есебінен педагогтардың шет мемлекеттерде
біліктілік арттыру курстарынан өтуін, жағдайы төмен отбасы балаларының гранттарға қол жеткізіп, олардың білім
алуларына жақсы мүмкіндіктердің жасалуын ерекше айтуымызға болады. Бұл
облысымыздың білім саласында алға ілгерлеудің бар екендігін білдіреді.
Сондықтан өткен жылы осындай ауқымды жұмыстар жасалса, биылғы жылы да аймағымыз
мол жетістікке жетеді деп ойлаймын.

Ләззат БАЛТАЙ,

№144 орта
мектептің директоры.

Қызылжарма
ауылы.

 

Аймақ басшысы ел алдындағы кезекті есебін­де
жанар-жағармай, ауыл шаруашылығы тауа­рын өн­дірушілерге су жеткі­зіп беру
қызметі, мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін жә­не сапасын арттыру, ты­ңайтқыштар
құ­нын арзандатуды субсидиялау бойынша жұмыстар жалғаса беретінін айтты. Ауыл
шаруашылығы тауар өндірушілерін отан­дық өнімділігі жоғары, бәсе­кеге қабілетті
күріштің тұқымымен 50 пайызға дейін қамтамасыз етуді алға мақсат етіп қойды.
Бұл ауылшаруашылық саласына деген үлкен қолдау деп білеміз.

Ел игілігіне орай «Байқоңыр» ӘКК ҰК акционерлік қоғамы
арқылы басымды инвестициялық жобалар биыл да жалғасатын табатыны кәсіпкерлер
үшін үлкен олжа. «Байқоңыр» инвестфорумы арқылы біз көкжиегімізді кеңейтеміз.
Аймақ басшысының осындай қолдауы арқасында өңірде кәсіпкерлік жедел түрде
дамитынына сенемін.

Бердібек
ҚАДЫРОВ,

«Шаған Жер»
ЖШС төрағасы.

 

Елі мен жері бай Сыр елі тұрақты дамып келе жатыр.
Оған дәлел, аудан орталықтары мен ауыл-аймақтардың бет-бейнесі, қаламыздың
көркем келбеті.

Биыл облыс орта­лы­ғында салынатын көп­пәтерлі тұрғын
үй­лер құрылысы, кезек­те тұрған жас отба­сылардың бас­па­на мә­се­лесі
шешілетініне қуанамын. Сыртқы дағ­да­рыс­тар­ға қарамай, төмен пайызбен сатып
алу немесе жалға беру мақсатымен салынатын үйлерге қаржы тартылатынына разымын.

Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне деген құрмет
түгесілмей, әлеуметтік қолдау көрсету
жалғаса бергені жақсы үрдіс. Балабақшаларда мүмкіндігі шектеулі балалар үшін
мамандандырылған топ ашылатыны мүгедек балаларға деген қайырымды шараның ең
үлкені деп білемін.

Тамара
ТӨЛЕБАЕВА,

зейнеткер.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз