ЭТНОАУЫЛ ГОЛЛАНДИЯЛЫҚ ТУРИСТЕРДІ ҚАРСЫ АЛДЫ

144

0

 

 

Елордадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін тамашалау мақсатында төрткіл дүниеден ағылған туристер қазақ халқының бүгінінен ғана емес, өткенінен де мол мағлұмат алғысы келеді. Осыған орай аймақта Қорқыт ата мемориалды кешенінің жанынан көшпелілер өмірінен хабар беретін этноауыл ашылған болатын. Апта басында тарихи шараны тамашалауға келген голландиялық туристер этноауылда болып, салт-дәстүрімізбен танысты. Сондай-ақ, олар, жергілікті қолөнершілеріміздің әзірлеген бұйымдарына қызығушылық танытты.

Аймаққа арнайы атбасын бұрған туристер қазақы дәстүрмен бауырсақтан дәм ауыз тиіп, этноауылдың тыныс-тіршілігіне қанықты. Оларды жүз шайыр шыққан қасиетті Қармақшы өңірінің өнерпаздары ұлттық күймен қарсы алды. Мұнан соң голландиялықтар этноауылда тігілген әрбір киіз үйде болып, салт-дәстүрімізбен танысты. Жергілікті қолөнершілеріміздің өнеріне тәнті болған туристер олардың әзірлеген бұйымдарын сатып алды. Соңында алған әсерімен бөліскен голландиялық және басқа да мемлекеттерден келген меймандар қонақжай халықтың кеңпейілдігіне алғысын білдірді.

– Мен Қазақстанға бірнеше рет келгенмін. Бұған дейін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан 2004 және 2012 жылдары айға аттанғанмын. Ал бүгін Қармақшы жеріне жолым түсіп отыр. Қазақтың тыныс-тіршілігін, қолөнершілердің туындыларын өз көзіммен көріп, танысқаныма қуаныштымын. Этноауылда тігілген әрбір киіз үйді көрдім. Қазақтың тарихы бай екен. Қонақжайлылығына ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар, Астана қаласындағы “ЭКСПО-2017” көрмесінің жақсы өтуіне голландиялықтар да өз үлесін қосуда. Мен болашақта Астананы ғарыш саласымен байланыстырамын, – деді нидерландық ғарышкер Андре Кейперс.

Қазақстанға алғаш келген Хэндрик тен Кэйт пен Карен Киман да алған әсерімен бөлісті. Хэндрик тен Кэйт жылқыға алғаш отырса да, өзін жайлы сезінетін жеткізді. Сондай-ақ, ол бүгінде жылқының медицина саласында да өзіндік орны бар жануар екенін атап өтті. Голландиялық турист қазақтар жылқының пайдасын ерте ғасырлардан-ақ білгенін айтып, таңданысын жасырмады.

– Бұл жерде атқарылған жұмыстар нағыз еңбекті қажет ететіні көрініп-ақ тұр. Біз бұл сапарымызда шынымен де қазақтың бай тарихымен таныстық. Тігін тігу, тоқыма тоқу жұмыстарын алғаш көріп тұрмын. Ал шеберлеріңіз әзірлеген сыйлықтар көздің жауын алады. Сондай-ақ, мен осы саяхатта Гагарин ұшқан стартты көрдім. Отандасымыз, ғарышкер Андре Кейперс ұшқан жерде болдық. Қазақстанға келгеніме қуаныштымын, – деді Карен Киман.

Айта кетейік, 20 маусымда ашылған этноауыл 15 қазанға дейін жұмыс жасайды. Мұнда бүгінде 7 киіз үй тігілген. Әрбір үйдің киіз, саз, кілем, былғары, зергерлік бұйымдары сияқты өз атаулары бар. Этноауылда меймандарды қарсы алу мақсатында 25-ке жуық адам жұмыс жасаса, олардың 11-і жергілікті қолөнершілер. Өз жұмысын бастаған уақыттан бастап 2 шілдеге дейін этноауыл 1200-ден астам мейманға қызмет көрсетті. Осыған дейін мұнда Астана, Ақтау, Алматы, Атырау, ОҚО, СҚО облысы мен Германия, Ирландия, Румыния, Франция, Өзбекстан, Қырғыстан, Польша мен Ресейден туристер келсе, бүгінде олардың қатарын голландықтар толықтырып отыр.      

Жалпы аймақтағы Қорқыт ата мемориалды кешені мен «Байқоңыр» ғарыш айлағы – тарихи шара барысында шетелдік қонақтар қызығушылық танытатын орындар қатарында. Бірі еліміздің болашаққа бағытынан хабар берсе, енді бірі тағылымды тарихымыздан сыр шертеді. Бүгінде әлем Сыр өңірін жұлдызды қалашық арқылы таниды. Себебі, Байқоңыр – бренд. Ал түркі жұртының абызына арналған Қорқыт ата кешені туыс халықтарды жақындастыра түсетін киелі жерге айналуы қажет. Алдағы уақытта да «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Қармақшы жеріндегі кешенге келген туристер қазақтың бай мәдениетімен, салт-дәстүрімен танысатын болады. Халқымыздың өнері, музыкасы, өмір салты қандай болған деген сауалдарға шетелдіктер қасиетті мекеннен жауап алады. Елбасы көрме аясында Астана маңында этноауыл мен экоауылдан тұратын белдеу құруды ұсынған еді. Сыр өңірі де осы мақсатта ұлттық салт-дәстүріміздің өміршең үлгісін ұсынып отыр. Бұл – тарихы, мәдениеті бай халқымыздың ұлттық құндылықтарын ұлықтаудың ұтымды жолы.

Этноауылда келушілердің алдымен көзіне түскені жағалай тігілген киіз үйлер. Туристер әрбірінің ішіне кіріп салт-дәстүрімізбен танысты. Бірінде ағаш бұйымдар қойылса, бірінде шеберлер қолдан қыш құмыра жасаудың әдістерін көрсетті. Қолөнершілер көпшілікті киіз өнімдерімен таныстырды. Шетелге шыққан адамның барған жерінен естелікке сыйлық ала қайтатын әдеті болады. Бұл жергілікті саудагерлердің кәсібін жүргізеді. Түрлі кәдесыйлар мен композициялық мүсіндерді сатуды табыс көзіне айналдыруға болады. Этноауылда бұл да қарастырылған. Жергілікті қолөнершілердің өнеріне тәнті болған голландиялықтар да ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдарды естелікке сатып алды.

Этноауыл бір жағынан ұлттық ойындарымызды дәріптейтін алаңға айналды. Келушілер жауырынды жігіттердің қазақша күресі мен балалардың асық ойынын тамашалады. Сонымен бірге, қыз-жігіттердің алтыбақан басындағы ойын-сауығы да туристерді таңдандырмай қоймады. Тіпті олардың өздері де алтыбақанға тербеліп, көңілдері бір серпіліп қалды.

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін тамашалаушылар қатары күн сайын артып келді. Болжам бойынша алдағы уақытта келушілер саны әлі де еселене түседі. Осы орайда туристерді тартудың тың әдісі саналатын этноауыл да қонақтар қарасын көбейтуге септігін тигізеді. Көшпелілер мәдениетіне тамсанған туристер қолдан жасалған қазақ ауылына ат басын бұрса, тарихымыздан мол мағлұмат алып, салт-дәстүрімізбен танысатыны сөзсіз.

Кенжетай БАЛҒАБАЙҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз