ФЕРМЕРЛЕРГЕ ПӘРМЕНДІ ҚОЛДАУ

106

0

ФЕРМЕРЛЕРГЕ ПӘРМЕНДІ ҚОЛДАУЕлімізде «Сыбаға», «Алтын
асық», «Құлан» бағ­дар­ламалары қабылданып, ха­лықтың төрт түлік мал өсіріп,
игілігін көруіне жағдай жасалып отыр. Мемлекеттік бағдарламаларға жалағаштық шаруалар
да белсене қатысуда.

Соңғы жылдары сапаға ынта
қойған шаруашылық басшылары мен мал иелері асыл тұқымды малды сырттан әкелуге
және МІҚ малының аналығын асыл тұқымды мал ұрығымен қолдан ұрықтандыруға ден
қойып отыр. Аудан көлемінде 2 шаруашылық асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын
өсірумен айналысса, биылғы жылы Мақпалкөл ауылдық округіндегі «Сарғасқа жылқы»
фермер қожалығы Батыс Қазақстан облысынан 60 бас асыл тұқымды қазақтың ақбас
сиырының қашарын әкелуді жоспарлап отыр.

Бүгінгі күні «Сыбаға»
бағдарламасы бойынша 400 бас мүйізді ірі қара малының аналығы мен 14 бас асыл
тұқымды бұқа сатып алу жоспары белгіленді. Қаракеткен ауылдық округінен «Әсел»
шаруа қожалығы өз қаражатына 3 бас асыл тұқымды «Абердин ангус» бұқасын сатып
әкеліп, 90 бас жергілікті аналық малымен бірдейлендіріп, ИАС (ақпараттық
аналитикалық жүйе) жүйесіне тіркеу жұ­мыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, «Ауыл»
кредиттік серіктестігі арқылы «Иса Бақыт» жеке кәсіпкерлігі 3 млн теңге несие
алып, 2 бас асыл тұқымды бұқа, 20 бас жергілікті аналық алуға жұмыс жасауда.

Мемлекеттік бағдарламалар
арқылы аудан шаруалары жеңіл неиеге қол жеткізу мақсатында құжаттарын дайындап
жатыр. Атап айтсақ, Мақпалкөл ауылдық округінен «Нұрбек» ШҚ 14 млн несиеге
құжаттарын дайындауда. «Агронесие коорпорациясы» АҚ-дан Мырзабай ахун ауылдық
округінен «Нұрлы арман» ШҚ басшысы Сүлеймен Әмір несие алуға құжат дайындауда.
Мемлекеттің шарапатын көрген «Баят» ЖК 15 млн теңге несие алып, 5 бас асыл
тұқымды бұқа мен 90 бас жергілікті аналық алуды жоспарлап отыр.

Былтыр 12 шаруашылықта
«Құлан»бағдарламасымен қаржы институттары арқылы 112 млн теңге несие алынып, 47
бас айғыр мен 402 бас бие сатып алған болатын. Бүгінде олар алғашқы төлдерін
алып, мал басын көбейтуге ден қойып отыр.

Егін және мал
шаруашылығымен айналысатын аққұмдық «Бағдаулет-57» шаруа қожалығы биыл «Алтын
асық» бағдарламасымен Батыс Қазақстан облысынан асыл тұқымды 300 бас ірі қылшық
жүнді құйрықты қойын және 15 бас қошқар алып, қой шаруашылығын дамытуды көздеп
отыр.

Биыл «Құлан» бағдарламасы
бойынша ауданға 190 бас бие мен 13 бас асыл тұқымды айғыр, «Алтын асық»
бағдарламасымен 450 бас қой мен 15 бас қошқар малын сатып алу жоспары облыс­тан
белгіленіп отыр.

Бұдан бөлек, «Ауыл
шаруашылығын қолдаудың қаржылық қоры» АҚ және «Қазагроқаржы» АҚ арқылы «Ырыс»
сүтті мал шаруашылығындағы фермаларды дамытуды несиелендіру бағдарламасы қолға
алынды. Несиені 14 пайыз жылдық мөлшермен (7% жылдық мөлшермен субсидиялауды
ескеріп) 84 айлық мерзімге дейін алуға болады. Бағдарламаның негізгі мақсаты
қуаттылығы 50, 100, 200 басқа арналған сүтті-тауарлы фермаларды дамыту болып
табылады.

Жалпы, соңғы жылдары
мемлекеттік қолдау нәтижесінде фермерлердің қатары күрт көбейіп келеді.

 

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

Жалағаш ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз