ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ САЙЛАУШЫЛАРМЕН БІРГЕ

55

0

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ САЙЛАУШЫЛАРМЕН БІРГЕ«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының ғимаратында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары А.Ералиев, Б.Смағұл, Г.Шиповских, Б.Кесебаева және Ә.Сапарованың қатысуымен брифинг өтті.
Кездесу барысында депутат Бақытбек Смағұл еліміздің жетіс¬тігіне сүбелі үлес қосып отырған Сыр елінің айтарлықтай табыстарын атап өтті.
– Жылдағы дәстүрмен депутаттар Қызылорда облысына келіп отырмыз. Бүгінде облысымыз тек қана Сыр елінің емес, еліміздің жетістіктерінің көшін бастап келе жатыр. Бүгінгі күнге дейін облысымызды аралап, халықпен кездесіп, қоғамдық қабылдаулар өткізіп, көпшіліктің толғандырған мәселелерін тыңдадық. Аймақтағы бой көтерген шағын аудандар, жөнделген жолдар және жаңадан ашылған әлеуметтік ғимараттармен мақтанып отырмыз, – деді Б.Смағұл. 
Негізінен Парламент Консти¬туцияға сәйкес ең жоғарғы Заң шығару органы болып табылатынын баса айтқан депутат Балайым Кесебаева алтыншы сайланған Мәжілістің екінші сессиясында 66 Заң жобасы болып, оның 34-і мақұлданып, Сенатқа жіберілгенін мәлімдеді.
– Бүгінгі жұмыс сапарымыздың негізгі мақсаты депутаттар халық¬пен кездесіп, жасалып жатқан жұмыстар жөнінде қорытынды жасау. Сайлаушыларға өздерінің заң шығару қызметі, сонымен бірге Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспарында айқындаған тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндау, – деді ол.
Сондай-ақ, Абзал Ералиев жұмыс сапарының не¬гізі Парламент палаталарының бір¬лес¬кен отырысында қабылданған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына ар¬налған Декларациясы мен еліміздің алдағы күнгі даму жолын айқындайтын 5 институционалды реформа және осы реформаны жүзеге асыруға септесетін 100 нақты қадам туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу болып табылатынын айтты. 
– Өзім ауыл шаруашылығы саласында жүргеннен кейін Мәжілісте Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесімін. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы өмірге енгізілмек, – деді А.Ералиев.
Брифингке, сонымен қатар, Қос¬танай облысының тумасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әлия Сапарова да қатысты. 
– Сыр еліне алғаш келуім. Өзім Қостанай өңірінен болсам да, партиялық тізіммен сайланған депутаттар болғандықтан бүгін сәті түсіп, осы Қызылорда облысына келдік. Жұмыс сапары барысында ойдағыдай жұмыстар жасалады деген ойдамын, – деді Мәжіліс депутаты.
Ал депутат Геннадий Шиповских халықпен кездесулерде көтерілген мәселелер анықталатынын айтты. 
– Мен Мәжілісте Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесімін. Парламентте осы бағыт бойынша жұмыстар атқарылуда. Қазіргі кезде Экологиялық кодекске толықтырулар және өзгертулер енгізілуде, – деді ол.
Айта кету керек, депутаттардың сайлаушылармен кездесуі осы қаңтар айының 4-і мен 13-і аралығында өтеді. Халық қалаулылары облыс, аудан орталықтарымен қатар шағын қалалар, ауылдар мен шалғай елді мекендер тұрғындарымен кездесетін болады. Мәжіліс депутаттары осы уақыт аралығында азаматтарды қабылдап, өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандарға барады деп күтілуде.
Шынар БЕКБАН.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз