Халық жадындағы қасіретті жылдар

53

0

Халық жадындағы қасіретті жылдарҚазақтың қасіреті қарт тарихтың құшағына қалайша сыйып тұрғанына таңғаласың кейде! Әсіресе, өткен ғасырдағы қуғын-сүргін, аштық, соғыс салған сойқан ұлт тамырын тұтастай қырқуға шақ қалды. Ата-бабаларымыз осынау зұлмат күндерді бастан өткергеніне сенудің өзі қиын.

Жыл сайын 31 мамырда сұрқия саясаттың құрбаны болған бабаларды еске алу шаралары өтеді, олардың рухына құран бағышталады. Өткен сейсенбіде де Қызылорда қаласындағы марқұмдар құрметіне қойылған ескерткіш жанына сырбойылықтар жиналып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды, дұға оқып, бет сипады. Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, сөз сөйледі.

– Биыл Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Осы ширек ғасырдағы біздің жадымызды жаңғыртуға, тарихи әділдік орнату арқылы ұлттық рухты көтеруге септік еткен, маңызды қадамның бірі – 31 мамырды Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп тану. Елбасының арнайы Жарлығымен бекіп, саяси дағдыға айналған, қоғамдық санаға сіңген бұл дәстүр бізді өткенді ұлықтауға, тарихтың қаралы парағын ұмытпауға үйретеді. Сол қайғылы оқиғалардың бір парасы өзіміздің Сыр елінде де болғаны белгілі. Сыр топырағынан жаралып, барша Алаш үшін аянбай еңбек етіп, парасат пен қайраткерліктің биік мысалын көрсеткен Мұстафа Шоқай, Темірбек Жүргенов пен Сүлеймен Есқараевтар да сол қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Біз бүгін солақай саясаттың құрбаны болған барлық азаматтарымыздың рухын еске ала тұрып, тарих тағылымына тағзым етуді, одан тиісті сабақ алуды ұрпаққа парыз санаймыз, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, еңбек ардагері, «Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қор» төрағасы Сәпен Аңсатов, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Эльза Шариповалар сөз сөйлеп, ұлт жолында құрбан болған ардақтылар туралы сыр шертті.  

Нәубетті жылдары елімізде 103 мыңнан астам адам саясат құрбанына айналды. Қазақтың есіктегі басын төрге сүйреген тұлғаларымыз, Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулат, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаевтар атылып кете барды. Әжім басқан тарих беттеріне үңілсек, сол заманда оққа байланғандар саны 25 мыңға жеткен екен. Ал, ашаршылық құрбандары ше? Тарихшы-демограф ғалымдарымыздың деректеріне сүйенсек, ашаршылық жылдары 3 миллиондай қазақ қырылған. Ұлт тарихындағы осы бір зобалаң жылдар зардабы ел зердесінен өшпейді.

 

Нағымжан САУЯЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз