ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙҒА ҚАНЫҚТЫ

82

0

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙҒА ҚАНЫҚТЫКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында студент
жастарға «Халықаралық валюта жүйесінің қалыптасуы мен дамуы» тақырыбында кезекті
дәрісін оқыды.

Айта кету керек, облыс әкімі студенттерге
дәріс оқуды дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Жылда аймақ басшысының дәрісін Қорқыт
ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенттері тыңдайтын болса,
биыл қаладағы бірқатар орта арнаулы және жоғары оқу орындарының жастары тыңдауға
мүмкіндік алды. Бұл жолғы тақырып та өзектілігімен ерекшеленді. Облыс әкімі дәрісінде халықаралық валюта жүйесінің қалыптасуынан бастап,
қазіргі кезде әлемде орын алып отырған қаржылық-экономикалық ахуал, оның ішінде
еліміздегі жағдай жөнінде кеңінен әңгімелеп, оның орын алу себептеріне тоқталды.

– Сіздер, Сыр елінің, тәуелсіз
мемлекетіміздің болашағысыздар, сондықтан жылына екі-үш мәрте өздеріңізбен кездесіп,
өзекті мәселе бойынша лекция оқып, пікір алмасып, жаһандану процестерінде болып
жатқан өзгерістерді түсіндіру – басты мақсат. Бүгінгі лекциямның тақырыбын «Халықаралық
валюта жүйесінің қалыптасуы мен дамуы» деп алуымның басты себебі тұрақсыз дүниедегі
тұрақсыз валютаның жағдайларын айтып өту арқылы ғаламдық деңгейде орын алып отырған
қаржылық-экономикалық жағдайды түсіндіру, дұрыс бағыт-бағдар беру, ғаламдық процестерде
Қазақстанның орнын көрсету,– деді аймақ басшысы өз кіріспесінде.

Қырымбек Елеуұлы Украина төңірегінде
болып жатқан жағдайды мысалға алып, оның
өзге елдерге тигізген әсеріне тоқталды. Украинада орын алған жағдайдың салдарынан
батыс елдері мен Ресей мемлекеті арасына сызат түсіп, Еуропа елдері мен АҚШ Ресейге қарсы кең көлемді
экономикалық санкциялар жариялады. Ең қиыны Ресей үшін маңызды экспорттық тауар
болып табылатын мұнай бағасының 115 доллардан 40-45 долларға дейін түскені болды. Осының негізінде рубльдің долларға шаққандағы құны екі есе арзандады.

– Өздеріңіз білетіндей, Ресей
Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі. Ресей мен Қазақстан арасындағы шекараның ұзындығы
жеті жарым мың шақырымнан асады. Қазақстанның алты облысы Ресей Федерациясының
12 субъектісімен шектеседі. Екі ел экономикаларының өзара тәуелділігі де соған
сәйкес өте жоғары. Биылғы жылдың басында Ресей рублінің құны кенеттен қатты
төмендеген кезде Ресеймен шекаралас Қазақстан облысының тұрғындары жаппай көрші
елге барып, азық-түліктен бастап, тұрмыстық техника, көлік пен тұрғын үйге
дейін арзан бағамен сатып алды. Нәтижесінде соңғы бір жыл ішінде Қазақстаннан
Ресейге 20 миллиард доллар жеке қаражат кеткен. Ол өз кезегінде қазақстандық
тауарлардың бәсекеге қабілетін төмендетті, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Осы орайда
Қырымбек Елеуұлы валюта бағасы деген не,
ол қалай өлше­неді, ол бағаның еркін өзге­руі нені білдіреді, валюта жүйесінің
болашағы не болады деген сұрақтарға тоқталды.

– Әлемдік валюта
жүйе­сінің қазіргі жағдайы мен оның болашағы – дү­ние жүзінде ең қызу талқы­ланып
жатқан мә­се­ле­лердің бірі. Көп ма­ман­дардың пікірінше, ал­­дағы уақытта
валюта жүй­есі түбегейлі түрде өз­геруі мүмкін. Басты қағи­далары мен ережелері
ХХ ғасырдың ортасында қа­лып­тасқан және АҚШ долларына негізделген қазіргі
әлемдік валюта жүйесі осы күнгі әлем экономикасындағы күштердің арасалмағын
ескермейді, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Саяси
ғылымдарының докторы студенттерге көтерілген тақы­рыптың ұғынықты болуы үшін
түрлі мысалдармен түсіндірді.

Әлем
экономикасының тарихында құлдырау, өрлеу болып отыр­ған. Сондықтан бұл
қиыншылықтың да өтпелі кезең екені айтылды.

Басқосу соңында
студенттер өздерін толғандырған суалдарға тұшымды жауап алды.

***

Ұлболсын
Райымқұлова, Қорқыт ата атындағы ҚМУ магистранты:

Экономикамыз
мұнай бағасына тәуелді. Осы ретте, бізді алаңдататыны – мұнай бағасының
арзандауы. Енді қашан мұнай бағасы өседі?

Сарапшылардың
айтуынша, мұнай бағасы бұрынғыдай көтерілмейді. Негізгі себеп – «қара алтынға»
сұраныс аз. Ал ұсыныс көп. Жалпы, мұнай бағасының өсуінің дәуірі өтті деп
есептеймін. Жақында Сауд Арабиясының мұнай министрі: «Тас дәуірі тас
түгесілгендіктен аяқталмағаны белгілі, сол сияқты мұнай дәуірі де біткелі отыр,
оған мұнайдың таусылуы себеп болып тұрған жоқ», – деген болатын. Қазіргі
уақытта әлемде жел, күн, биоотын секілді баламалы энергия көздерін іздеу, табу,
пайдалану қарқынды жүріп жатыр. Әлемге әйгілі Shell мұнай компаниясы бүгінгі
күні судан энергия алу бағытында зерттеу жүргізуде. Біздің заман баламалы
энергия көздерін табуды талап етіп тұр. Алдағы 30-40 жылда осыған куә боламыз.
Сондықтан тас дәуірі секілді мұнай дәуірі де аяқталып бара жатыр деп ойлаймын.

Құрмаш Асқаров,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ студенті:

– Ғаламдық
экономикалық дағдарыс кезеңінде Таяу Шығыс елдерінде, соның ішінде Сирияда саяси
жағдай ушығып кетті. Осы шиеленістің салдары миграциялық дағдарысты тудырды.
Саясаткер ретінде, бұл туралы не айтасыз? Егер босқындар біздің шекараны
жағаласа, оларды қабылдай аламыз ба?

– Таяу Шығыста
саяси жағдай өте күрделі. Әсіресе, саясиланған діни фактордың әсері жоғары
болып тұр. Өкінішке қарай, о жақта суниттер мен шииттер шайқасып, турасын
айтқанда, елін қаңғытып жіберді. Содан кейінгі миграциялық толқынды, Еуропа
елдеріндегі саяси ахуалды теледидардан көріп-біліп отырсыздар. Дін – ұстай алсаң
қасиет, ұстай алмасаң қасірет. Біз ата-баба жолымен жүруіміз керек. Қаншама
ғасырдың тәжірибесінен өткен руханиятымызды ұстаған ата-бабаларымыз дін мен
салт-дәстүрді бір-біріне еш қарама-қайшылықсыз синтездеп, ұлтымыздың
иммунитетін қалыптастырған. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз қасиетті Құранды бізге
түсінікті тәпсірлеп, ұлы даланың салтымен ұштастырып, «Диуани хикмет» еңбегін
жазды. Рухани мұраға баймыз. Басқаның аузына қараудың керегі жоқ. Таяу Шығыста
ИГИЛ деген террористік ұйым Мекке мен Иерусалимді басып аламыз деп жоспар
құрыпты. Мұның арты үлкен трагедияға алып келіп жатыр. Сондықтан, дінге
келгенде өз ұстанымымыз бар, ата жолымыз бар, содан қателеспеуіміз керек. Ал
енді босқындарға келсек, Қазақстан тәуелсіз ел ретінде халықаралық құжаттарға
қол қойған. Соған сәйкес біз өз міндеттемелерімізді білеміз. Жалпы, жаңа
заманның шақыруларына жауап беріп, қауіптердің алдын алу үшін еліміздің әрбір
азаматы білікті, білімді, отансүйгіш болуы керек. Бірлігіміз күшті болса, кез
келген сынақтан аман өтеміз деп ойлаймын.

Қайсар
Төлегенов, Қорқыт ата атындағы ҚМУ магистранты:

– Қазіргі кезде
экономиканың қай бағыттарын қолға алып, дамытқан дұрыс болар еді?

– Осы қиыншылық
уақытта халықтың әл-ауқатын төмендетіп алмауымыз керек. Бәрі керемет деуге
болмайды. Нарықтық экономикада өте байлар да, өте кедейлер де болады. Мұның
көрсеткіші 5-7 пайыздан аспайды. Қалғаны орта деңгейде өмір сүріп жатқандар.
Статистика бойынша, халқымыздың үштен бірі өз бетінше еңбек етіп табыс табады.
Оларды біз кәсіпкерлікке, өз тіршілігін жасауға мүмкіндік жасап, тартуымыз
керек. Байқадыңыздар ма, Елбасы «Нұр Отан» партиясының 16-съезінде сөйлеген
сөзінде «Орта тап – мемлекеттің тұрақты күші» деп айтқан болатын. Елдегі
экономикалық, саяси, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететіндер – орта тап өкілдері.
Соларға жағдай жасау, қолын аузына жеткізу – мемлекеттің басым бағыты.
Сондықтан Елбасының шағын және орта бизнесті дамыту үшін тексеруге мораторий
жариялап, басқа да шаралар қабылдап жатқаны содан. Біз балаларымызды мәпелеп
өсіргеніміз секілді, Елбасы шағын және орта бизнесті солай мәпелеп отыр. Ал біз
өз бетінше күнелтіп жүргендерге қолдау көрсетуіміз керек. Мәселен, Польша
мемлекетінің экономикасы жақсы дамып келеді. Ішкі жалпы өнімнің дамуының 50
пайызы кіші және орта бизнестің арқасында жүзеге асқан. Әсіресе, осы шағын және
орта бизнесті жүргізіп, тасын өрге дөңгелетіп отырғандардың жартысы микробизнес
арқылы көтерілгендер. Біз де микробизнес туралы заң әзірлеу жөнінде үкіметке
ұсыныс жасамақпыз. Біз кепілге қояр ештеңесі жоқ азаматтарға қамқорлық
танытуымыз керек. Мұндағы мақсатымыз – халықтың әл-ауқатын төмендетіп алмау,
керісінше арттыру болып отыр.

Ақнұр
Шәмшадинқызы, М.Мәметова атындағы гумани­тарлық колледжінің студенті:

– Осы Студенттер
сарайында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ғылыми жиын өткен болатын.
Сонда Түркістаннан келген тарихшы ғалым Мұхтар Қожа «Қармақшы мен Қазалы
шекарасының тұсында хандар пантеоны болған» деген тың жаңалықты айтқан еді. Осы
туралы қандай да бір шешім қабылданып, жұмыс жасала ма?

Иә, Түркістаннан
келген ғалым Мұхтар Қожа Ақжар ауылының тұсында хандар пантеоны бар деген
болатын, Әбілқайырдан бастап. Бұл – қуанышты жаңалық. Тек осының анық-қанығына
толық жетуіміз керек. Осы дәлелденсе, Сыр елінің қазақ тарихында ерекше орын
алғанын тағы да мақтанышпен айтатын боламыз. Мысалы, сақтардың астанасы –
Шірік-Рабат, Оғыз мемлекетінің астанасы – Жанкент, Қыпшақ мемлекетінің, кейін
Қазақ хандығының орталығы болған Сығанақ та біздің қасиетті топырақта
орналасқан. Қызылорда қаласы Кеңес Одағы тұсында Қазақ елінің астанасы болған.
Ол да мақтаныш. «Сыр – Алаштың анасы» дейді. Неге? Батыста Ресеймен, оңтүстікте
– Қоқанмен, Бұхармен, Жетісуда – жоңғармен, шүршітпен кеңбайтақ жер үшін
шайқасқан бабаларымыз осында келіп, есін жиып, басын біріктіріп, ел үшін, жер
үшін шайқасқа қайта шығып отырған. Ата-бабаларымыз үлкен аманатты – ұлан-байтақ
жерді қалдырып кетті. Осыған ие болу – біздің парызымыз.

Егер біздің облыста хандар пантеоны
табылып жатса, үлкен қуаныш деп ойлаймын. Жақында облыс әкімінің жанындағы
ғылыми-әдістемелік кеңесте мәдени мұраға қатысты мәселе қаралады. Экспедицияны
қаржыландыру туралы мәселе шешіледі. Мәдениет министрлігіне біз өз ұсынысымызды
айттық.

Ахмет Дәден,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ магистранты:

– Экономикалық
дағдарысқа байланысты қарапайым халыққа қандай кеңес берер едіңіз?

– Бізде Кеңес
Одағы кезінен қалған бір ауру бар, ол – масылдық көзқарас. «Мемлекет шешеді»,
«үкімет береді» деп қол қусырып отыратындар бар. Елімізде талпынған жанға
жағдай жасалған. Заман өзгерді, нарықтық экономика кезеңінде әр адам өз
тағдырына ие болуы керек. Біреу мен үшін жасап береді деген түсініктен арылу
қажет. Кезінде АҚШ президенті Джон Кеннеди айтқан: «Америкалықтарға балық
беруді қойыңдар, қайта оларға балық аулауды үйретіңдер» деп. Тағы бірде:
«Америка маған не береді деп емес, мен Америкаға не беремін» деп ойлануы керек»
деген болатын. Бірінші, масылдықтан құтылуымыз керек. Екінші, ысырапшылдықты
қою керек. Әсіресе, той-томалақта ысырапшылдыққа көп барамыз. Қазіргі уақытта
несие ала беруді шектеу керек деп ойлаймын. Өз әулетіңді құлдыратпай, жағдаймен
санасқан жөн. Үшінші, еңбек ету керек. Еңбек бәрін жеңбек. Алдымызға биік
мақсат қоюымыз керек.

Айнұр БАТТАЛОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз