Халықаралық дәліз әлемдік талаптарға сай болады

66

0

Халықаралық дәліз әлемдік талаптарға сай боладыТәуелсіз Қазақстанның жаңа кезеңінде ғасыр жобасы атанған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізі Елбасының тікелей бақылауындағы ғаламдық деңгейдегі құрылыс болып саналады. Көлік дәлізінің еліміз аумағы арқылы өтетін учаскесінің қашықтығы 2787 шақырымды құрап, 5 облыстың аумағын кесіп өтеді. Ал біздің облыс аумағынан өтетін қашықтығы 812 шақырымды құраса, оның 246 шақырымы бірінші техникалық, ал 566 шақырымы екінші техникалық санатқа жатады. Қазіргі таңда жолды қайта жаңарту жұмыстары барысында 48 көпір, 83 мал өткелі, 14 екі деңгейлі жол айрығы, 2 темір жол өткелі салынып пайдалануға берілді.  Осының нәтижесінде көлік құралдарының жүріс жылдамдығы сағатына 120 шақырымға өсіп, автомобиль жолы 8 елді мекенді айналып өтеді.
Оның 812 шақырымында, яғни, М-32 «Самара – Шымкент» автомобиль жолында (1240 – 2057 шақырымдар аралығы) қайта жаңғырту жұмыстарын төрт бас мердігер – «Салини» АҚ, «Аккорд – Окан» БК ЖШҚ,  «Евраскон» ААҚ,  «Тодини» АҚ  жүргізді. Алдағы уақытта Қызылорда қаласынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысының шекарасына дейінгі ұзындығы 246 шақырымды құрайтын автомобиль жолы ақылы жолдардың санатына кіреді. Жолдың екі жағы тор сеткалармен қоршалып, жол қозғалысының кауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Аталған жолда спутниктік өлшем құралдары (спутниковые весовые арки) орнатылып, жолдағы кез келген көлік құралдарының жүру жылдамдығы мен жүк салмағының мөлшерлерін қадағалап отыру мүмкіндіктері жасалатын болады. Бұл жолдағы жүргізушілердің жауапкершілігі мен жол қозғалысының ережелерін сақтаудағы міндеттерін арттырады. Аталған жұмыстар Халықаралық қайта құру және даму банкі өкілдерімен де жиі тексерілуде.
Осыған орай «Қазавтожол» ҰК АҚ Қызылорда филиалы облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол жағдайларын жақсарту бағытындағы іс-шараларды үнемі жүзеге асырып келеді.  
Халықаралық көлік дәлізі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасының құрамына кіретін «Самара-Шымкент» автожолының бойында жүргіншілерге қызмет көрсететін А, В, С санатындағы 33 сервистік объектілер салынады. Аудан және қалалық әкімшілік жанынан құрылған комиссия «Қазавтожол» ҰК АҚ Қызылорда облыстық филиалымен бірлесіп сервистік объектілерді орналастыратын  жер учаскелерінің орнын анықтайтын болады. 
Жобаның 85 пайызы Бүкілдүниежүзілік банк есебінен, 15 пайызы республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Жолдың өн бойында демалатын орындар, сервистік қызмет көрсету ғимараттары орналасатын болады. Жолды қайта жаңғырту жұмыстары 2010 жылы басталды. Жобаға қазақстандық бас мердігер компания мен 12 қосымша мердігер компаниялар қатысты. Олардың қатарында «Салини» АҚ, «Аккорд Окан», «Евраскон», «Импреза», «Тодини» сияқты компаниялар бар.
Жол жұмыстарының сапасын бақылауға Кореядан, Англиядан және Қазақстаннан бірқатар компаниялар тартылып отыр. Жалпы, Қызылорда өңірінен өтетін жол учаскелерін салу үшін тиімді технологияларды пайдалану маңызды талап ретінде қарастырылуда. Себебі, Қызылорда облысының егіншілігі суармалы, жол бойының жиегінде күріш алқаптары орналасқан. Сондықтан егістік алқаптары жақын орналасқан жол учаскелерінің табанына ылғалға төзімді материалдар төселеді. Олардың сапасы кәдімгі асфальт төсеніштен жоғары болып келеді. Мұндай материалдар соңғы кездері Еуропа елдері мен Израильде жиі қолданылады. Олар жоғары технологиялық материалдар болып табылады.
Қызылорда қаласының оңтүстік батыс бөлігінде «Алматы-Москва» темір жолы бойынан жерасты өткелі, Сырдария өзенінен үлкен көпір, сондай-ақ «Шіркейлі» каналынан бірнеше көпір салынды. Сонымен бірге бірнеше айналма жолдар құрылысы салынып, пайдалануға берілді. Жол бойында архитектуралық келбеті бүгінгі заманға сай келетін көптеген өндірістік және әлеуметтік нысандар пайдалануға берілетін болады.
Жобаны жүзеге асыру үшін 3 мыңға жуық техника, 5400-ден астам адам күші тартылды. Жұмыс күшінің 65 пайызы жергілікті жердің адамдары болып табылады. Қалғандары Қазақстанның басқа аймақтарынан, шетелдерден келген мамандар.
Қазіргі таңда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы бойынша ақтарылатын жұмыстардың соңғы кезеңі жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 815 шақырым жолдың барлық 15 учаскесінде жол-құрылыс жұмыстары жүргізілді. Олардың 246 шақырымы бірінші техникалық категорияға, 566 шақырымы екінші техникалық категорияға жатады.
Жол құрылысының басталуы жергілікті құрылыс индустриясының дамуына ерекше серпін берді. Жаңақорған, Шиелі аудандарында қиыршық тас зауыттар, Қызылорда қаласында битум зауыты пайдалануға берілді. Жергілікті «Дорстрой», «УАД» секілді жол ұйымдары жемісті жұмыс істеді. Олар үшін «Техмаман» оқу орталығы мамандар даярлады. Мердігерлер жергілікті тауар өндірушілердің жанармайын, азық-түлігін пайдаланды. Жол құрылысы аяқталысымен оның бойында халықаралық стандарт талаптарына жауап беретін қонақүй-кемпингтер, тамақтану, техникалық қызмет көрсету орындары пайдалануға берілетін болады.
Ерұлан ЖҮНІСОВ,
«Қазавтожол» Ұлттық компаниясы АҚ
Қызылорда филиалының директоры.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз