ХАЛҚЫНА ҚАЛДЫРҒАН ҚАЗЫНАСЫ МОЛ

263

0

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында облыстық ішкі саясат басқармасы және «Руханиятты қолдау» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен мемлекет және қоғам қайраткері, академик Шахмардан Есеновтің 90 жылдығына арналған «Қазақстанның кен ресурстары: игерілуі, даму барысы мен болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, академик Досмұхамед Кішібеков, геологтар, ғалымдар, болашақ геология саласының мамандары мен докторанттар, магистранттар, студенттер қатысты.
Конференциядан бұрын Қызылорда қаласы «Евразия» мәдени-спорт кешені алдындағы Ш.Есенов бюстіне гүл шоқтарын қою рәсімі болды.
Конференция модераторы, облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов ғалым-геолог, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, ҚазКСР ҒА академигі Шахмардан Есеновтің геология ғылымын дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі туралы айтты.  
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өз құттықтау сөзінде Ақжайықтан Алтайға дейінгі алқапты алып жатқан өңірдің қойнауындағы қазынасын халық қажетіне жарата білген ғалымның өмір жолының тағылымына тоқталды.  
Еңбек жолын қатардағы геолог болып бастаған Ш.Есенов Қазақстанның Геология министрі, Қазақ ССР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары, Геология ғылыми-зерттеу институтының директоры, Қазақстан Ғылым академиясының президенті қызметтеріне еңбексүйгіштігі, білімділігі мен зеректігі, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында қол жеткізді. Геологиялық зерттеу факультетін бітірген жас маманның қарымын байқаған Қаныш Сәтбаев оны Жезқазғандағы кешенді геологиялық зерттеу экспедициясына жұмысқа жіберген. Ш.Есенов Ұлытау-Жезқазған аймағындағы геологиялық қызметке қатыса және оны басқара жүріп, Жезқазған руда кенішінің үлкен масштабты болжамды геологиялық картасын дайындауға басшылық жасады.  
Ол 1960 жылы 33 жасында Қазақ КСР Геология және жер байлығын қорғау министрінің орынбасары болып тағайындалады, ал, 1961-1965 жылдары министр қызметін атқарады. Кейін Есеновтің тікелей басшылығымен Оңтүстік Маңғыстау өңіріндегі аса ірі «Жетібай», «Өзен» мұнай кендері қысқа мерзімде барланып, іске қосылды.
Маңғыстаудың мұнай-газ кен орындарын барлап табу ісіне тікелей басшылық жасағаны үшін 1966 жылы қазақ ғалымдарының арасынан алғашқылардың бірі болып, сол кездегі Кеңес Одағы бойынша ғылыми жетістіктері үшін берілетін ең жоғары құрметті атақ – Ленин атындағы сыйлыққа ие болды.  
Аймақ басшысы бұл жоғары дәрежелі атаққа Ш.Есеновтің ие болуының тарихына қысқаша тоқталып өтті.  
– 1954 жылы Кеңес Одағының басшысы Н.Хрущев Қырымды Украинаның иелігіне береді. Он жылдан кейін Маңғышлақ түбегі де осының кебін киюдің алдында тұрды. Осыған дейін Қазақстанның құмды облысында қоры үлкен мұнай табылды, ол мұнайды өндіру жұмыстарын Әзербайжан немесе Түркіменстан сияқты тәжірибелі республикалар айналысу керек деп түйіндеді. Қазақстанда сол уақытта мұндай тәжірибе жоқ еді. 1965 жылы Мәскеуде КСРО министрлерінің Кеңесі мен Жоғарғы Кеңес Төралығының жабық түрде біріккен отырысы өтіп, Маңғышлақты беру мәселесін талқыға салды. Сол кездегі Қазақстанның басшысы Д.Қонаев отырысқа республиканың көлемінде ғана емес, Кеңес Одағында да беделі бар жас геология министрі Ш.Есеновті жібереді.  
Шахмардан Есенов отырыста мұнай мен газ кәсіпшілігімен айналысуға ғылыми әрі өндірістік әлеуеттің Қазақстанда да бар екенін және Әзербайжандағы мұнай қорларына қарағанда кен орнының қорлары көп есе артық екенін көрсетіп айтты. Шахмардан Есенов осы тұста кеңес жетекшілерін Маңғышлақты Қазақстанның құрамында қалдыру туралы шешім қабылдауға көндірді, ал, бірнеше жылдардан кейін елдің басқа өңірлерінде, яғни, қазіргі Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарында мұнайдың кен орындары табылды, – деді ол.  
Ол 1972 жылы бір топ ғалымдармен бірге геология және метоллогения саласы бойынша Қазақстан Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Ғалым туған жері – Сыр өлкесінің жерасты қазба байлықтарын барлаудың бастау бұлағында тұр. Бүгінгі «Шалқия», «Құмкөл» кеніштерінің, Аралдағы өте жоғары сапалы кварц құмы кен орнының ашылуына зор еңбек сіңірді.  
Аймақ басшысы Сыр өңіріндегі кен өндірісінің қазіргі қарымы туралы конференция қонақтарына айтып берді. «Хорасан-2» кенішіндегі, «Байкен-U» кәсіпорнындағы, әлемдік мырыш нарығындағы негізгі өндіруші –  «Шалқия»  кенішіндегі, «Баласауысқандық» ванадий кенішіндегі  жобалар, олардың табыстарына тоқталды.  
Халқына қызмет еткен Ш.Есенов есімі Ақтаудағы Каспий мемлекеттік университетіне, Алматы, Қызылорда, Жезқазған қаласындағы, Қызылорда облысының Шиелі кентіндегі көшелерге, оның туған ауылы Тартоғайдағы орта мектепке берілді. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті студенттерге және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Ұлттық ғылым академиясы жас ғалымдарға академик Шахмардан Есенов атындағы стипендия мен ғалымдарға арналған геология және тау-кен ісі саласындағы сыйлық тағайындады. Қ.Сәтбаев атындағы Геология институты, «Жезқазған-геология» акционерлік қоғамы ғимараттарының қабырғаларына ескерткіш тақта, Қызылордадағы «Қазатомпром» РУ-6 мекемесінің ауласына ескерткіш орнатылды. Облыс әкімі ерлік істерімен, жасампаз еңбегімен тарих құндылығын толықтырған ардақты азаматтарды ұлықтау шаралары Сыр өңірінде кезең-кезеңмен жалғаса беретінін айтты.  
Конференцияда Парламент Сенатының депутаты М.Бақтиярұлы Сенат Төрағасы Қ.Тоқаевтың құттықтауын, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің проректоры Г.Жолдасбаева осы оқу орнының ректоры Б.Ахметовтың құттықтауын жеткізді.  
Ш.Есеновтің геология, білім, ғылым және өндіріс салаларына сіңірген еңбегі туралы баяндама жасаған геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор А.Жүнісов бұл шара жастардың білім-ғылымға талпынысын арттыра түсетінін айтты. Жезқазғанды Сәтбаев әлемге танытса, ондағы комбинаттың жұмыс істеуіне  академик Есеновтің еңбегі сіңді. Сол маңайдағы жерасты суының қорларын ашты. Алтайдағы кен орындарының ашылып, барлануы, оның халыққа қызмет етуіне үлкен үлес қосты. Торғай ойпатындағы кен орындары Ш.Есеновтің тікелей араласуымен  барланды.
Профессордың айтуынша, қазір жер бетіне жақын кен орындары ашылып болды. Енді терең қабаттарда орналасқан кен орындарын барлау керек. Өз уақытында академик Есенов терең қабаттағы кен орындарын барлау мәселесін көп зерттеді.  
Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің кафедра меңгерушісі, PhD докторы Т.Еңсепбаев зерттеу нысанын игеруде Есенов салған сара жолдың, әдіс-тәсілдердің әлі де ескірмегенін айтты.  Ғалым мұнай-газ генерациялы көкжиектерді ашудың геологиялық-геохимиялық кешенді зерттеулері туралы баяндама жасады. Д.Қонаев атындағы Тау-кен ісі институтының зертхана жетекшісі Н.Жалғасұлы кенді геотехникалық әдістермен өндіру жайындағы зерттеулері мен Ш.Есеновтің көзін көріп, оған еліктеген өз қатарластары туралы естелік айтты.   Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің доценті С.Нұрымова жаңа геология-геофизикалық негіздерді есепке ала отырып  Қарақия аңғарының мұнайгаздылығына жасалған зерттеулердің нәтижесіне тоқталды.
«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары  Ғ.Байманов Қызылорда облысында мұнай және газ іздеу жұмыстарының даму болашағына тоқталды. «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» осыдан біраз уақыт бұрын «Солтүстік Қызылқия» кен орнын іске қосты. «Тұзкөл», «Кетеқазған», «Солтүстік Кетеқазған» кеніштері де іске қосылу алдында тұр. Тасқұдық, Аралқұм, Жаңбыршы, Ақжар деген жерлерде барлау жұмыстары жүргізілуде. Компания бұл жұмыстарға 200 млн-нан астам  АҚШ долларын бөлген.
Конференцияның қорытынды сөзін облыс әкімі Қ.Көшербаев жастарға арнады.
– Айналайын жастар, біз сіздерді залды толтыру үшін шақырған жоқпыз. Ш.Есенов сияқты ұлағатты адамның өмірінен үлгі алсын дедік.  Алдарыңызда әртүрлі замана шақырулары тұр. Біз, аға буын, мұнаймен, жерасты байлығымен өмір сүрерміз, ал сіздердің заманыңыздың мұнайы – ол ақпараттық санды технологиялар екенін жақсы түсінулеріңіз керек. Кеше жер астынан іздегенімізді бүгін жасанды интеллект арқылы іске асыруымыз керек. Сіздер осыған дайынсыздар ма? Ш.Есенов табиғат ресустарын ел игілігіне жұмсау үшін ғылымға, білімге, жаңалыққа талпынып, күн-түні еңбек етті.
Осыдан екі күн бұрын Астанада өткен баспасөз конференциясында  маған  «Мақтанатын жетістігіңіз қандай?» деген сұрақ қойылған еді. Мен биылғы мектеп бітірушілердің 97 пайызы жоғары және арнаулы оқу орнына түскенімен мақтанатынымды айттым.  Біздің өңір білімге, ғылымға, мәдениетке, денсаулық сақтау саласына жан басына шаққанда қаржы бөлу жағынан республиканың 16 облысының арасында 1-орында тұрмыз, – деді аймақ басшысы.  
Қазір Сыр жастары Ресей Үкіметінің гранты есебінен Мәскеудің, Петербордың маңдайалды техникалық оқу орындарында оқиды. Облыс әкімінің грантымен ауыл түлектері білім алып жатыр.  «Серпін» бағдарламасы мыңдаған жастардың армандарына қанат байлады.  Алдағы жылы Мәскеу Мемлекеттік университетінің физика-математика мамандығына гранттар бөлінбек. Бұл 5700-дей қыз-жігіттің болашағына даңғыл жол салынғанын айқындайды.  
Конференция барысында академик Ш.Есеновтің өнегелі өмір жолына арналған деректі фильм көрсетілді. Зиялы тұлғаның тау-кен саласын игерудегі жетістіктері Тәуелсіз елімізге қызмет етуде, әлі де қызмет ете бермек.  
***
Осы күні түс ауа Шахмардан Есеновтің 90 жылдығына арналған іс-шара Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жалғасты. Онда ғалымның 90 жылдық мерейтойына орай өнегелі өмірін үлгі ету мақсатында  жарыққа шыққан «Өнегелі өмір» және «Шахмардан» атты кітаптардың тұсаукесері болып өтті. Оған республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, мемлекет және қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова, академик Ш.Есенов атындағы ғылыми білім беру қорының атқарушы директоры Ирина Грищенко, Шиелі ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев, жазушы, журналист Ақайдар Ысымұлы, «Саутс Ойл» ЖШС президенті Серікжан Сейітжанов секілді ел ағалары қатысты.  
Жиынға қатысқан қонақтар алдымен Шахмардан Есенов жайлы әсерлі естеліктерімен бөлісті. Қайраткердің өмірі, еңбек жолы және қарапайымдылық, адамгершілік қасиеттері жайында кеңінен әңгімеледі.  
Мұнан кейін «Шахмардан» кітабының  авторы Ақайдар Ысымұлы туындыны құрастырудағы мақсатын айтып берді. Кітап төрт бөлімнен тұрады. Әрбір бөлімде  ғалымның өмірі, қызықты да мазмұнды еңбек жолы мен фотосуреттері жинақталған екен.
Жиынға қатысушылар жаңа кітаптармен танысса, студенттер мен оқушылар кітап авторынан қолтаңба алып, естелік суретке түсті.
Жалпы, Сыр елінің топырағынан талай текті тұлғалар өмірге келіп, келер ұрпаққа өшпес мол мұра қалдырды. Елі үшін қалтқысыз еңбек еткен қайраткерлер  есімі ұрпақ есінде мәңгіге қалары сөзсіз.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
Сара АДАЙБАЕВА,
Нұрболат Нұржаубай (сурет).
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз