ХАЛҚЫНА ҚОРҒАН, ҰРПАҚҚА ҰРАН БОЛҒАН БАТЫР

420

0

ХАЛҚЫНА ҚОРҒАН, ҰРПАҚҚА ҰРАН БОЛҒАН БАТЫРБұл күндері Сыр өңірінде қазақтың қаһарман баһадүрі, ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы, ха­лық батыры Жанқожа Нұрмұ­ха­ммед­ұлының 240 жылдығы кең көлемде аталып өтуде.

17 жасынан қол бастаған қайсар батыр Хиуа, Қоқан
хандықтарының езгісіне және Ресей отар­шыларына қарсы тұра білді. Халқының
бостандығы мен тәуелсіздігінің ерен күрескері болды.

Кеше батыр бабамызға арнап, Қызылорда теміржол вокзалы
алаңында еңселі ескерткіш ашылды. Салтанатта Жанқожа батырдың өр рухы
театрландырылған қойылымда көрініс тапты. Дала батырының текті қанында тулап
жатқан азаттық жолындағы ой маржандары жиылған қауымды тебірентті.

Ескерткіштің ашылу салта­на­тында облыс әкімі Қырымбек
Көшербаев, жиналған халықты төл қуаныштарымен құттықтады.

ХАЛҚЫНА ҚОРҒАН, ҰРПАҚҚА ҰРАН БОЛҒАН БАТЫР– Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев Отаны­мыздың қасиетті
бай­тақ даласын дұшпандарынан қор­ғаған батыр бабаларымызды ұлықтап,
лайықты құрмет көрсету біздің перзенттік парызымыз деген болатын. Соның айғағы,
халқымыздың тұтастығы мен еліміздің бірлігін ойлаған ұлт-азаттық көтерілістің
бас қолбасшыларының бірі, Сыр бойынан шыққан қас батыр Жанқожа Нұрмұхаммедұлына
арнап облыс орталығында батырдың зәулім ескерткішін орнатып отырмыз. Бұл
ескерткіштің Қызылорданың көркіне көрік қосып, жастарымыздың бойына патриоттық
сезім беретін рухани орынға айналатынына сенеміз. Келешекте сарбаздар осы жерде
Отан алдында ант беретін, әскери лауазым алғандар мен оқу бітірушілерге куәлік
тапсыратын, әскери борышын өтеуге аттанатын жас өрендерге ақ жол тілейтін, жас
жұбайлардың гүл шоғын қоятын киелі жер бол­ғанын қалаймыз – деді. Сонымен
қатар, елін жауға бермеген батыр бабалардың атын ардақтау өскелең ұрпаққа өнеге
боларын жеткізді. Мерейтой аясындағы бұл тамаша тарту шаһардың ажарын аша түсер
маңызды нысанның біріне айналарына сенім білдірді.

Салтанатты шарада мемлекет және қоғам қайраткері
Ұзақбай Қараманұлы, Республикалық арда­герлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ
Озғанбаев ескерткіштің ашылуымен құттықтап, Жанқожа ба­тырдың ерлігі мен өр
рухы жайында бейнефильм тү­сіруді ұсынды. Ал, облыстық қорғаныс істері жө­ніндегі
департаментінің басшысы, генерал-майор
Әлімжан Ерниязов батыр бейнесі патриотизм мен қайсарлықтың туындай жас ұрпаққа
берер тәлімі мол болатынын жеткізді.

Алып ескерткіштің ақжамылғысы салтанатпен түрілді. Батыр
ескерткішіне ұрпақ тағзымы ретінде гүл шоқтары қойылды. Көк найзасын көтеріп, қол бастаған қаһарман
батыр қасиетті топырағында құт­ты тұғырға қонды. Екінші бостандығы үшін күрес­кен, ұрпаққа
ұран болған бабаның ескерткіші халқының тәу етер қастерлі орны болмақ.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз