ХАЛЫҚШЫЛ ХАТШЫ

256

0

  Әлде кадр тапшылығынан ба, әлде пар­тияның сыңаржақ, солақай кадр саясатынан ба, әйтеуір, кеңес дәуірінде Қызылорда облысының партия, кеңес органдары бас­шылығына келіп кеткендердің қатары қалың болды. Кейбір  басшы кадрлар бар-жоғы үш айға ғана ке­ліп, облыстың кадрлардың сынақ алаңына айналғаны  ақиқат. Оның бәрі бірдей заман, уақыт талабына сай болды, елдің, халықтың сенімі мен үмітін ақтап, көңілінен шықты деп айту қиын. Бірақ, айналайын Қызылорданың кеңқолтық халқы бәріне де бағынды, бәрін де тыңдады, сыйлады, бәріне де сенді, көнді, ешқайсысының да көкірегінен итеріп, бетін қайырмады, сағын сындырмады.

Халық «Келіннің аяғынан, шопанның таяғынан» дегендей, жақсы басшы келсе: «Елге құт, береке, қыдыр келді» – дейді, жаман басшы келсе: «сұмырай келсе, су құриды» – дейді.

Қай кезде болмасын басшылық тізгінін ұстаған біреулер елді өсіреді, біреулер өшіреді, енді біреулер елді алға сүйрейді, ал біреулер артқа сүйрейді, біреулер жоқтан бар жасайды, тағы біреулер барды жоқ қылады. Бес саусақ бірдей емес, бұрын да солай болған, қазір де солай, келешекте де солай болмасына кім кепіл?  Жалпы, жақсы басшылар халықтың бағына туады деп тұжырымдасақ, сірә да қателесе  қоймаспыз.

Өткен ғасырдың алпысыншы ­жылдары Сыр еліне бір шоғыр туабітті талантты, тәжірибелі, білімді, іскер, жасампаз, мемлекет және қоғам қайраткерлері облыс басшылығына келді. Бұл тіпті кездейсоқтық емес, тарихи, тағдырлы, өмірлік, өңірлік қажеттілік  еді. Олар: Мұстахым Ықсанов, Сейдалім Танекеев, Қаржаубек Жарқынбеков – облыстық партия комитетінің бірінші, екінші, үшінші хатшылары, Әбен Асқаров – облыстық кеңес атқару комитетінің төр­ағасы болды. Олардың әрқайсысы өз орнында, өз қызметінде, өз саласында өзінің республикадағы, Одақтағы замандастарынан, тағдырластарынан, әріптес­терінен, үзеңгілестерінен оқ бойы озық тұрған тұрпатты, тұғырлы тұлғалар еді. Олардың әрқайсысының бір-бір облысты дөңгелентіп  бас­қаратындай қабілет-қауһары, мүмкіншілігі  бар  азаматтар  болатын. Олар  ортақ  мүдделі  қызмет салаларында  ылғи да  бірін-бірі то­лық­­тырып, бірін-бірі жетілдіріп, бірін-бірі биіктетіп, бірін-бірі кеңейтіп, бірін-бірі терең­­детіп, өзара сеніммен, сыйластықпен, түсі­ністікпен, үндестікпен, үйлесімділікпен іскер­лік қарым-қатынаста, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ел, халық, мемлекет үшін нәтижелі, абыройлы, жаңашылдықпен, жанашырлықпен, жасампаздықпен еңбек етті. М.Ықсановтың жанкештілік, жанқиярлық, біл­гірлік еңбегінің арқасында,  А.Асқаровтың темір­дей тәртібінің, жан-жақты дүлділдігінің арқасында, С.Тәнекеевтің шалымдылығының, алымдылығының, шаруақорлығының, шебер­лігінің арқасында, Қ.Жарқынбековтің  адам түсінгіштігінің, адам сыйлағыштығының, адам сүйгіштігінің, елдестірмек елшіден дегендей мәмілегерлігінің арқасында, шайтанға да тұзақ құра алатындай саясаткерлігінің  арқасында сол жылдары облысымыздың  ісі оңға басып, өсу-өркендеу жолдары болды.

Міне, осы асыл азаматтар елімізге ырыс, құт, береке, бақ, дәулет, қыдыр болып келді деп үлкен ризашылықпен, зор қанағаттанарлық сезіммен айта аламыз. Бұл әрдайым, тұз-дәмін ақтаған, жақсыларды жақтаған, антына адал, сертіне берік Қызылорда халқының адал да, әділ бағасы.

Осы абзал азаматтардың ортасында біздің бас кейіпкеріміз –  С.Тәнекеевтің  алатын   орны да, жолы да  жөні де, өзі де, сөзі де, өмірі  де, өнегесі де  өрісті, өркениетті  әңгімеге  арқау боларлықтай. Ол облыстық  партия комитетінің екінші хатшысы есебінде ауыл  шаруашылығы мен қай заманда, қай қоғамда болмасын басты,     шешуші   мәселе, кадр  мәселесіне  жетекшілік етті. Екі саланы да  іскерлікпен, білгірлікпен, білімділікпен, нәтижелі  басқарды.

Жергілікті кадрларды тану, табу, таңдау, сатылап өсіру, тәрбиелеу, тұрақтандыру, қолдау, қажет жағдайда  қорғау мәселелері жүйелі түрде  жолға қойылды.

Сәкеннің тікелей   ұсынысымен  Нәлқожа Ергеш­баев, Мақсұт   Қалыбаев, Ким Дон  Чер,  Елеу Көшербаев,  Николай  Подольских, Аралбай Маханбетовтер жауапты жұмыстарға жоға­рылатылды.  Облыста бірінші рет  жас  ­мамандар Тереңөзектен – мен, Исабаев Отызбай, Қазалыдан Шәріпов Жарылқасындар ірі кеңшар    директорлары  болып  сайланды.

Осылайша ешкімге  қиянат  жасалмай, еш­кімді де мазаламай, жазаламай, ретсіз, жөнсіз  атқа  мінген  азаматтардың бір тал шашын да  түсірмей, облыстың жоғарғы, төменгі кадрлары  арасында  сенімділік, белсенділік, іскерлік хал-ақуал қалыптастырылып, болашақ кадрлардың  алтын  қоры  жасақталды.

Бұл партияның  қай  кезде де  істің  тағ­дырын  кадр шешеді  деген қағидасының  облыста бұлжытпай  іске асырылуының нақты  көрінісі  еді.

Сондай-ақ, М.Ықсановтың қолбасшылығы­мен, С.Тәнекеевтің  тікелей  жетекшілігімен  сол жылдары  облыста  тағдырлы, игілікті, ізгілікті, бұрын-соңды адамның қиялына да сыймайтын қыруар  жұмыстар  атқарылды.

Сыр елінде 240 мың  гектар жер  тегістеліп, инженерлік  жүйеге  келтірілді, 2500 ­шақы­рым магистральдық каналдар, 31 мың шақы­рым­дай  ішкі шарауашылық каналдары мен қашыртқылары,  24 мың ірілі-ұсақты гидро­тех­ни­калық  инженерлік   нысандар  салынды.

Осыншама  инженерлік  жүйеге  келтірілген  суармалы  жерді   халық еліміздің алтын қоры деп  атайды. Алтын  қор десе, алтын  қор  дегендей, жердің инженерлік жүйеге келтіріліп тегістелуі, негізгі дақыл күріш көлемі мен өнімнің еселеп өсуі, облысымыздың  экономикасының бет-бей­несін түбегейлі  өзгертіп, оның қарқынды  дамуын, халқымыздың хал-ахуалының, тұрмыс-тіршілігінің  түбегейлі жақсаруын  қамтамасыз  етті.

Сыр елінде  барлық  инфроқұрылымдары  шешілген, өндірістік, тұрмыстық, мәдени, әлеу­меттік базасы жасалған кеңшар орталықтары –  кіші  қалашықтар  пайда  болды. Басқа  облыстарда  аудан  орталықтарына  баратын  жолдар  жоқ  заманда, Қызылордада    күріш алқаптарының ішінде асфальт  жолдар, механикаландырылған қырмандар,  ұшақ  алаңдары, дала   қостары салынды.

Ақ күріш халқымызға  бақ та, тақ та, абырой да, атақ та, айбат та,  қайрат та, ырыс-несібе, бедел-береке де  болды.

Жастардың Жақаевшылар қозғалысы дүние­ге келіп, үлкен  жасампаз қоғамның қозғау­шы күшіне айналды. Қаншама  азаматтардың  бағы  жанып, Социалистік  Еңбек  Ері, Мемлкеттік сыйлықтың лауреаттары, жоғарғы партия, кеңес органдарының  делегаттары мен депутаттары  болып   сайланды десеңізші.

Міне, осы  байлықтың, бақыттың, ­авторы да, актері де, айналайын  біздің Қызыл­ор­да­ның халқы, мыңдаған білікті су жер мамандары, С.Тәнекеев  сияқты іскер, ­талантты  ұйым­дастырушы басшылардың  бір шоғыр тобы  екендігіне  ешкімнің  де дауы жоқ шығар деп  ойлаймын.

Сәкең – соғыс және еңбек ардагері. Май­дандағы ерлігі бір төбе, бейбіт, жасампаз өмірдегі өрлігі бір  төбе  азамат.

Оқу, соғыс, аудандық  партия  комитетінің   нұсқаушысы, бөлім бастығы, екінші ­хатшысы, төраға, үш  ауданда  бірінші хатшы, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы. Респуб­ли­калық халықтық бақылау комитеті төр­ағасының орынбасары, тұтынушылар одағы­­­ның  басқарма  төрағасы, ­зейнетке шыққаннан кейін «Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың  ерікті одағы» мемлекеттік емес ұйымының  төрағасы. Осындай өмірдің бар ­сынынан сүрінбей өткен, сан алуан, мақсатты, мағыналы бай өмірдерегінің, мол тәжірибесінің  арқасында  Сәкеңнің  білгені де көп,  көргені де көп, тергені де, түйгені  де көп, көп  оқыған, көп тоқыған, әбден  шыңдалған, шыныққан, қай  салаға салсаң да тастай батып, судай сіңіп істің  бағын  жандыратын  әмбебап басшы  болды.

Көпшіл, елшіл, халықшыл, қазақшыл, мем­ле­кетшіл  қайраткер  еді.

Тарихшыл, шежірешіл, әңгімешіл, әдемі, жарасымды әзілшіл, мәдениетшіл, әдебиет­шіл, спортшыл, дәстүршіл, сыршыл, ­сыншыл, тал­ғампаз кісі  болатын. Ақылды, ­парасатты, зерделі, білімді азамат – мектепті де, универ­ситетті де  үздік бітірген, өте  сауатты, қазақша да, орысша да   еркін  жазып, шебер  сөйлейтін, сөз  қадірін, сөз құдіретін білетін   шешен  хатшы болатын. Қазақстан Жазушылар  ода­ғы­ның  мүшесі, бірнеше  мәнді, мағыналы  кітап­тардың  авторы. Әдетте, сегіз қырлы, бір  сырлы  деп осындай жан-жақты талантты, талайлы  азаматтарды  айтса   керек.

С.Танекеев  Қызылорда  облысында он екі жыл жұмыс  істеді. Жақсыда жаттық жоқ  дегендей, оған  облыста ешкім де  жат  емес  еді, өзі де ешкімге жат болған жоқ. Елмен, халықпен, ат арқасындағы  азаматтармен тез, терең түсі­нісіп, сыйласып, енісіп, қойын-қолтық, аянбай еңбек етіп, Сыр елінің  бір  төл  баласындай болып кетті. Юлий Цезарь, Александр Македонский, Бонапарт Наполеон секілді  атақты қолбасшылар өздерінің қарамағындағы  25-30 мың солдаттың әрқайсысын жеке-жеке ­танитын, әрі  аттарын  білетін  болған  екен. Сон­дай-ақ, Сәкеңнің де есте сақтау жады өте мықты болатын. Шаруашылықтың, меке­ме­­­лер­дің, сан алуан салалардың, қаланың, аудандардың үлкенді-кішілі басшыларының   көпшілігін  жеке таныды, кімнің  кім  екенін, оның  қадір-қасиетінен, қабілет-қауқарынан жеткілікті дәрежеде  хабардар болды. Осының өзі  кадр  жөніндегі хатшының  облысымыздың басшы кадрлар  корпусын жазбай, жаңылмай жасақтауына септігін тигізгендігі  сөзсіз.

«Жігіттің жүрген жері мысыр шаһар» деген де аталы, ат басындай сөз бар, Қызылорда, Сыр елі С.Тәнекеевтің мысыр  шаһары болды. Осында өнді, өсті, абыройлы еңбек етті, қазақтың  далалық даналығын бойына сіңірді. Қабырғалы хатшы болып  қалыптасты. Сәкең Сырдың жерін, халқын, елін, қазақи қасиеттерін, әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүрлерін, Қызылорданың даласын да, данасын да, баласын да, жантағын да, жыңғылын да, жидесін де, шеңгелін де, сыйлады да, сағынды да. Сонау жылдары Көшербаев Елеудің асына келгенде: «Қызылорданың жері­нен айналайын, халқынан айналайын, елінен айналайын, Қазақта мұндай ел бар ма, мұндай жер бар ма?!», деп ағынан жарылып сөйлеп, халықтың мәртебесін асырып, мерейін тасытып, ризашылығы мен ілтипатына  бөленгені   бар.

Дүниеден өткенше «Қызылорданың халқы адал, ақкөніл, қонақжай, бейнеткер, жоқтан бар жасайтын халық» деумен кетті жарықтық.

Сондай-ақ , Қызылорданы «Алаштың анасы» деп сыйлады.

Қызылорданы «Қазақтың үш жүзінің, 46 тайпасының, 345  руының басын қосып, сүттей ұйытып отырған қазақтың қара  шаңырығы» – деп сыйлады.

Қызылорданы «қилы-қилы заманда мың өліп, мың тірілген, қазаққа  баспана болған, төрт рет қазаққа  астана да  болған» – деп  сыйлады.

Қызылорданы «қазақтың әдет-ғұрып, салт-санасының, дәстүрінің, қазақи  қасиеттерінің  қаймағын  бұзбай  сақтап  отырған  өңір» – деп  сыйлады.

Қызылорданы «исламның, имандылықтың есігі, Қожа Ахмет Яссауи мен Қорқыттың  қолтығында  жатқан  550 әулиенің, аруағын, рухын  тербетіп  жатқан  бесігі» – деп  сыйлады.

Қызылорданы «қасиетті, киелі жер, іргелі ел, қабырғалы  халық» – деп  сыйлады.

«Сыйға – сый,  сыраға бал», «Әркім де  сыйлағанның құлы» –  дегендей, Қызыл­орда­лықтар да, Сәкенді сыйлады, сенді, халыққа  қамқоршы, жанашыр, жаңашыл, жанасыл  басшы  деп  білді. Облысқа  қадамы құтты болды, елімізде белсенді, берекелі тірлік болды, ауызбіршілігіне  сызат  түспеген тыныштық,  бірлік  болды. Сәкеңнің ерен еңбегі Сыр елінің, халқының есінде мәңгі сақталады деп  ойлаймын.

Ахмет Байтұрсынов: «Дұшпанымнан қо­рық­паймын, көп болса  атар, досымнан қорық­паймын көп болса сатар, немқұрайлы, немкетті, бей-жәй, бейтарап  адамдардан қорқамын», –  деген  екен. Сәкең өте зерек, сергек, сезімтал, уақытқа да, уақиғаларға да, ешкімге де, ешнәрсеге де  немқұрайлы, немкетті, бей-жәй, бейтарап қарамайтын кісі еді. Алдына келген адамның не айтып отырғаны түгілі, не айтайын деп отырғанын, не ойлап отырғанын сезіп қоятын сезімталдығы, көріпкелдігі болатын.

Зейнеткер кезімізде, Сәкең екеуміз Алматыда ауруханада қатар бөлмеде жаттық. Күн құрғатпай кездесіп, ұзын-сонар, әңгіме-дүкен құрамыз, естеліктерді ортаға саламыз. Сол жолы Сәкеңнің Қызылордаға байланысты бар сырын, бар шынын менің алдыма жайып салғаны бар.

Бірде күндегі әдетіммен бөлмесіне барсам теледидарда Құрманғазы оркестрі «Сары Арқа» күйін ойнап жатыр. Сәкең бар ынтасымен, ықласымен екі қолын жайып жіберіп, кәдімгідей дирижордың  міндетін атқарып отыр, беріліп кеткені соншалықты жан-жағына қарауға  да мұршасы жоқ. Құтты бір өзі ойнап, өзі басқарып, өзі көрсетіп жатқандай.

Екінші бір естелік:

Директор кезімде кеңшарға Сәкең келді, менің жеңіл машинам жоқ болатын, су таситын машинамен барып қарсы алдым. Шаруамен толық танысып, атқарып жатқан жұмыстарымызға ризашылығын білдіріп кетті. Облысқа барғасын базада бір бес орындық УАЗ машинасының барлығын біліп, «Казсельхозтехника» басшысын шақырып, сол машинаны  ХХІ партсъезд кеңшарының  директорына бересін  дейді. Ол облыстық кеңес атқару комитеті төр­ағасының басқа бір кеңшарға бересін  деген тапсырмасының бар екендігін айтады.

Сәкең «жоқ, мен  айтқан кеңшарға бересің» – дейді. Машина бір-екі ай  базада тұрып қалды.  Мен «қай жеңгенің менікі» деп жүре бердім. Ақыры машина бізге берілді. Осы уақиғаның өзі С.Тәнекеевтің қаншалықты тұзының ауыр­лығын, беделін, принциптілігін көрсетіп  тұр­ғандай.

С.Тәнекеев өмірде жолы болған, еңбегі жанған, бақ қарап, қыдыр дарыған, халықтан, елден, мемлекеттен тиісті жоғарғы бағасын алған бақытты азамат.

Сайланатын мәртебелі орындардың бәріне сайланған, мадақтан, марапаттан кеңде емес, орден-медаль, атақтары көп, шатағы жоқ азамат.                                                  

Сәке!!! Қазақта өлік өлік емес, тірі өлік деген қасқабас қағида бар.

Сыр елі сізге риза, сіз де риза болыңыз.

 

С.ШАУХАМАНОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз