ХРУЩЕВ және ҚАЛЕНОВ немесе Қаратерең ауылында алғашқы орта мектеп үйі қалай тұрғызылды

142

0

ХРУЩЕВ және ҚАЛЕНОВ  немесе Қаратерең ауылында алғашқы орта мектеп үйі қалай тұрғызылдыМың тоғыз жүз елуінші жылдар. Қара¬терең ауылдық кеңесіне қарайтын Тарас Шевченко және «Жаңақұрылыс» колхоздары бірі балық аулаумен, екіншісі егіншілікпен айналысады. Тарас Шевченко атындағы колхоз – миллионер. Басқарма төрағасы Мақсұтқали Демесінов – балық аулаудан  аудан бойынша көш бастап тұр.
1954 жылы желтоқсан айы¬ның 20-жұлдызында ауылдық кеңестің төраға-лығына Қаленов Шамұрат келді. Жасы 54-55-тер шамасында. Ұзын бойлы, сарғыш мұртты, келімді азамат еңбек жолын ашық теңізде жүзетін «Аралец», ¬«Ударник» моторлы кеме¬лерінде матрос, рулевой болып бастап, кейін балық аулауды бақылау инс¬пекторы қызметінде жүргенде іскерлігімен танылып  «Жігер» кол¬хозының төрағалығына сайланады. Одан соң Сазды, Көзжетпес, Ақирек, Октябрь  ауылдық кеңестері¬нің төрағалығын атқарып, 1953 жылы «Қарашалаң» колхоз төрағасының орынбасары, әрі партия ұйымының хатшысы қызметінде болады. Соғыcтан броньмен  қалған. Шамұрат көкеміздің ширекғасырлық еңбек өтіліне зер салсақ, аудан көлемін бір¬сыпыра аралап шыққан екен. Енді ол бесінші ауылдық кеңесте төрағалықты бастап отыр.
1958 жылғы қаңтар айының орта шені. Орталау мектептің теңіз жақ алаңын басып қалған қар көшкінін қол күрекпен та¬залап жатқанбыз. Фельдшерлік пункттің са¬ни¬таркасы-ау деймін.
– Директор қайным, Сізді ауылнай аға шақырады, – деді аяз қарыған бетін уқалап.
Төрағаның жанында ауылдық кеңестің хатшысы Зилаш Есжанова апай мен шолақ тонды орыс жігіті отыр. Шәкең алдындағы газеттен Н.С.Хрущевтың баяндамасын оқып, әр тұсын қызыл қаламмен сызып қояды.
– Бері кел, – деді маған бос орындықты нұсқап, – сен директор едәуір іс тын-дыр¬дың, – кешкі  мектеп аштың. Сөйтіп 8-9-10-сыныптарда жұмысшы жастардың оқуына жол ашылды. Қоғамдық негіздегі интернатқа да шалғайдан қатынайтын елу бала орналасты. Бұл да игілікті шара болды. Сенің редакторлығыңмен жергілікті радио¬торабынан жұма сайын оқылатын отыз минуттық «Радио-газеттің» хабарын тыңдап, апта сайын шығатын көп тиражды «Озат балықшы» газетінен ел жаңалығын оқығандардың алғысы шексіз. Оқуды өнді¬ріс¬пен ұштастырып, жаз айларында мектеп ұжымы мен шәкірттердің бақшалық дақылдар егіп, күтіп-баптауға жұмылуы да құптарлық, – деп бір тыныстап, Хрущевтің ұзын-сонар сөзіне қайта көз жүгіртті.
– Мына Хрущев жолдастың баяндамасын оқыдың ба?! Ауылдық мектептер колхоздар мен совхоздардың қаржысы есебінен салын¬сын, – деген. Ал мектебің құлар алдында тұр. Т.Шевченко атындағы колхоз жарлы емес, миллионер. Кезектен тыс сессияға дайындал. Тақырыбың «Мектеп және өндіріс». Жол-жобаны хатшыдан аласың. 
Оңайбике әжем жағынан қуалағанда Айдарбектің арданасы маған нағашы болып келеді. Сары мұртты шиырып, әлде кімдерге шүйлігерсің-ау, деп жүргем. Сол «Майдан» жақындағанға ұқсайды. Алайда… Мақсұтқали басқарманы, Жұмахмет пен Мақамбетәли, Өтебай мен Бөлебай сынды бригадирлерді, Шарапат пен Жарас белсенділердің бетін бері қаратып, онжылдық мектепке ақша бөл¬гізу бола қояр ма екен, деймін нағашыма бо¬лысып. Сессияда сұрақ қарша борады. Мектепте небәрі төрт-ақ оқу бөлмесі. Сабақ үш ауысымда жүреді. Төртінші ауысымға кешкі мектепте оқитындар келеді. Алты жерден тіреу қойылған және тұрғын үйлердің қақ ортасында қалған. Көгалдандырып, спорттық шаралар өткізу мүмкін емес. Дене¬шынықтыру пәнінің мұғалімі түрлі жат¬тығулар үшін 1,5 шақырымдағы теңіз жағалауына шапқылаумен жүреді.
– Бала саны онжылдық мектеп сұрауға толық жетеді. Не отырыс сендердікі? – деп депутат Ізімбетұлы Жұмахмет айқай салды.
– Жөке, бұл мәселе аудандық партия, кеңес орындарына қойылған, –деді Шамұрат Қаленов депутат сауалына орай, – алдағы бесжылдық жоспарға кірген. Бірақ одан да жоғары ұйымдар қаржы жетіспейді, деп сызып тастаған.
– Ал, сонда осылай қимылсыз қала бере¬міз бе? Өзге көзі жоқ па?
– Өзге көзі бар, – деді Каленов Н.С.Хрущевтың сөзі жазылған газетті қолына алып, – міне, мында Хрущев жолдас мектептер мен балабақшалар колхоз бен совхоз қаржысына тұрғызылсын деп ап-анық айтқан. Бұл нұсқауды орындауға біздің колхоздың күші жетеді. Депутат Демесінов, сіз не айтасыз?
Басқарма Демесінов жан-жағына қарап алды да:
– Жаңа мектепке қанша қаржы керек екен? – деп ауылнайға қайыра сауал қойды.
– Анатолий Иванович, Сіз түсінік беріңізші, – деді ауыл ағасы кешегі шолақ тонды орыс жігітіне бұрылып.
«Мынау кім?» дегендей жиналғандар оған таңырқай қара¬ды. Ал инженер-құрылысшы бәрін ойластырып, есеп¬теп қойыпты. Сайрай жөнелді.
– Құрылыс материалдарына негізінен жергілікті саз, құм, қамыс, қиыршық тас, шалаң пайдаланылады. Ағаш бұйымдары мен терезе-есіктері, оқу-құрал жабдықтары сырттан тасылады. Он бір сынып және шеберхана мен кітапхананы қосқанда он бес бөлме болады деп жобаладым.
– Қаржысын айтшы, қаржысын!..
– Құрылысшылардың еңбекақысын қосқанда 600 мың сом жетіп қалар деп нүкте қойдым. 
– 600 мың!..
– Ойбүй, мына көк көзің не дейді! Қазір ғой, құлынды биенің өзі базарда үш жүз сомнан аспайды. Сонда 600 мың сомың екі жүз мыңдай құлынды биенің құны-ау!
  – Қойыңдар, ондай ақшаны колхоз бөле алмайды, – деді Демесінов басқарма басын шайқап, – мұндай ірі мәселеге колхозшылар жиыны ғана уәкілдік ете алады. 
 Сөзді  Шарапат Орынбаев алды. Бұл ағамыз Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан, колхоз шаруасын да қара нардай көтеріп жүрген айбарлы кісі еді.
 – Мәке! – деді Демесіновке көз  тастап, – әлгі өзің айтқан колхозшының бірі бізбіз. Баладан не аяймыз? Ауылдық кеңес ағасы мәселені дұрыс қойып отыр. Бұл пісуі жеткен іс. Сіз де, біз де, ауылнай аға да бас¬тауыш сыныптан әрі аса алмадық. Енді жастардың бағын байламайық. Оқысын. Жан-жақты білімдар болсын. Соған осынша қаржы жинап, аз  да болса  үлес қосқанымызға мақтанайық!..  Бұндай бейбіт күнге жетеміз дедік пе?!– деп мінбеден түсті.
Көктем шыға мектеп құрылысы басталып, оның басы-қасында жүріп, кем-құтығын тауып беруге колхоздан соғыс ардагері Маханбетұлы Темірбай мен ауылдың кеңес атынан мектеп зовхозы Орынбай Дүйсенов бөлінді. Әр отбасына мың данадан қам кесек басып беру міндеттелді. Осы іске кірісер алдында ауылдық кеңес хатшысы Зилаш апай бір ешкісін сойып, бастаңғы жасады. Кесек басудан ұстаздардан Құдайберген Әлиев, Толыбай  Сармырзаев, Елубай Құлдияров өзгелерге үлгі болды. Міне, қазіргі Қаратерең ауылдық округінің «Жаңа ауыл» аталатын кең жазирада алғашқы орта мектептің іргесі осылай қаланған-ды.
***
 Содан бері де алпыс жылдай уақыт өтіпті. Қаленұлы Шамұрат зейнет жасына толғасын «Жаңақұрылыс» ауылына қоныс аударды. Биылғы жыл  басында сол «Жаңақұрылыста» жауапты қызметтегі Қаленовтың ұлы Шерниязбен хабарласып бір-жар қағаздар алғызған едім. Сөйтсем, Ш.Қаленов Ұлы Отан соғысы жылдарында «Ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталса, 1944 жылдың 14 тамызында ол төрағалық еткен «Сазды» ауылдық кеңесі Қазақ КСР Министрлер кеңесінің Ауыспалы Қызыл туы мен қаржылай сыйлығына ие болыпты. Тағы бір жазбада Қызылорда облысынан Алматыдағы мәслихатқа шақырылған 18 делегаттың қатарында болып Шаяхметов, Қазақбаевтармен бірге суретке түскені айты¬лады.
Ал, мына телеграмманы толық келтіруді жөн көрдім.
«Арал ауданы, «Сазды» ауылдық кеңесінің төрағасы Қаленов жолдасқа!
Сіз 10 мың сом заемға және ақшалай-заттай лоте¬реяның 7 мың сомдық билетіне өз қалауыңызбен жазылып, 17 мың сомды қолма-қол төледіңіз. Сөйтіп неміс-фашист басқыншыларымен қанды шайқастағы Қызыл Армияға үлкен көмек көрсеткеніңіз үшін облыстық партия және атқару комитеті Сізге алғыс жариялайды».
Р.Төлебаев, Ж.Төлепбергенов. 25 қазан, 1943 жыл.
Сол пәленбай мың сомға жазылған заем да, лотерея да кезінде қолына тимепті. Бірақ бұл жайында өзі тіс жарған емес. Ұрпақтарының естелігінен оқып білдік. Не деген мәрттік! Алла-ай, соншама ауылдық кеңеске ағалық еткенде, қай¬сы-сында Қаленұлын еске алардай бір белгі бар ма, жоқ па, деп ойға қалғандайсың енді!.. Ағалардың еңбегі елді осылай өсірген еді.
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
дербес зейнеткер.
Арал ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз