ИДЕОЛОГИЯНЫҢ МІНДЕТІ – ҰЛТЖАНДЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ

68

0

ИДЕОЛОГИЯНЫҢ МІНДЕТІ – ҰЛТЖАНДЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУҚызылордада «Қазақстан – 2050» стратегиясының міндеттерін жүзеге асыру
барысын түсіндіру мәселелеріне арналған идеологиялық актив жиыны өтті. Оған
облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері
комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, «Қазақстанның Азаматтық альянсы» заңды
тұлғалар бірлестігінің президенті Нұрлан Ерімбетов, ҚР Білім және ғылым
министрлігі Жастар ісі комитеті төрайымының орынбасары Еркін Үйсінбаев, аудан
әкімдерінің орынбасарлары, қоғамдық ұйымдар өкілдері, ардагерлер қатысты.

Актив жиынды облыс әкімінің орынбасары
Ақмарал Әлназарова жүргізді. Жиынның алғысөзінде облыс басшысы «Сыр өңірі,
еліміздің басқа өңірлері секілді мемлекеттілігіміздің қалыптасу тарихының талай
іздері сақталған аймақ. Қазіргі уақытта өзектілігі айрықша мәнге ие болып
отырған идеологиялық мәселелерге қатысты ауқымды жиынның осындай тарихы мен
мұрасы бай өңірде өткізілуінде үлкен мән бар», – деді.

Аймақ басшысы Елбасы тапсырмасына сәйкес
жақында пайдалануға берілген «Жезқазған-Бейнеу» теміржол тармағының
экономикалық, саяси, стратегиялық мәні жайлы сөз етті. Бұл теміржолдың бүкіл
Кеңес Одағы бірігіп, ұзақ жылдар бойы құрылысын салған Байкал-Амур
магистралі (БАМ) тәрізді ұлы жобамен
терезесі тең.

– Бұл елімізді төтесінен қосатын ең
маңызды торап. Сондықтан, біз, қызылордалықтар, осы тораптың бойында
орналасқанымызға қуаныштымыз және осындай игі бастаманы ұсынған Елбасымызға
үлкен алғысымызды білдіреміз, – деді ол.

Қырымбек Елеуұлы Елбасының Ұлытау төріндегі
ұлағатты сұхбатын «болашақ ұрпаққа жасаған үндеу» деп атап өтті.

– Қазақ тарихындағы осындай киелі жерден
шыққан мұндай ойлар мен сөздер жас­тарды ата-бабалар аңсаған жолымен жүруге
бастауы тиіс деп санаймын. Ол жол – сара жол, Мәңгілік Елдің жолы! Бұл жол –
елімізді Мәңгілік ел ету жолы. Елбасы баршамызға мақсаты айқын, мұраты мағыналы
ұлттық идея төңірегіне бірігудің абыройлы міндетін жүктеді. Сондықтан еліміздің
кемел келешегі мен баянды болашағы жолында стратегия­да белгіленген бағыттарды
негізгі ұстаным ете отырып, оны жүзеге асыру барысында ішкі саясатымызды
идеялық жағынан ұдайы толықтырып отыруымыз аса қажет, – деді облыс басшысы.

ИДЕОЛОГИЯНЫҢ МІНДЕТІ – ҰЛТЖАНДЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ«Қазақстан – 2050» стратегиясының ел
дамуындағы алатын орны туралы айтқан облыс басшысы елімізді Мәңгілік ел ету жолының
айқын мақсатына, мағыналы мұратына тоқталды.
Ұлттық идея төңірегіне бірігуге бастайтын стратегия алдағы күннің бағытын белгілейтін «саяси
компасқа» айналды.

Идеялогия саласының негізгі бағыттарын
айқындаған облыс басшысы Ұлт Көшбасшысының «Мәңгілік ел» идеясын түсіндірудің,
іске асырудың маңызын атап өтті.
Халқымыздың ғасырлар бойы армандаған
тәуелсіздікті баянды етуде, оны Мәңгілік елге айналдыруда көп ретте
жастарға үміт артылады. Жастардың басын біріктіретін, қанаттандыратын идея осы
болуы керек.

Сондай-ақ, Елбасының «Жалпыға ортақ
еңбек қоғамы» идеясын насихаттаудың маңызы зор. Адам мақсатына жету үшін бір
мамандықты игеріп, оны бүге-шігесіне дейін зерттесе, табысқа жетеді. Қырымбек Елеуұлы құқықбұзушылыққа қарсы
тұру, аймақтағы қоғамдық-саяси ұйымдармен жұмыс жүргізу, «Жас ұлан» балалар мен
жастар ұйымының жұмысына қатысты пікірін айтты.

Аймақта барлық маңызды саяси мәселелер
қоғам талқысына түсіп, бұқаралық ақпарат құралдарында көрініс табады. Бұл ретте
тәуелсіз БАҚ-тың да потенциалы пайдаланылады. Облыстық және аудандық
басылымдардың басын біріктірген «Сыр медиа» холдингі құрылған. Оған қоса, жергілікті атқарушы органдар
жұмысымен халықты хабарландырып отыру үшін коммуникация қызметі іске қосылды.
Онда апта сайын аудан, қала әкімдері, мемлекеттік орган басшылары брифинг
өткізеді. Жастарға еңбектің бағасын
ұғындыру үшін аймақта еңбек династияларының форумын өткізу жоспарлануда.
Осылайша тұрғындардың моральдық және мәдени дамуына, азаматтық ұстанымдарының
қалыптасуына көңіл бөлініп келеді.

Қырымбек Елеуұлы Елбасының «Тәуелсіз
еліміз үшін ең басты құндылық – тұтастық!» деген тағылымына тоқталып, «бірлік
бекем болған жерде ұлттық мәдениеттің, ішкі-сыртқы саясаттың орнықты қызмет
еткенін көрсетеді», – деді.

– Облыс халқының 86 пайызы аймақтағы
қоғамдық-құқықтық ахуалды тұрақты деп бағалаған. Құқықбұзушылыққа қарсы
мәдениет қалыптастыру туралы Елбасы идеясы айрықша рөл атқарады. Бұл ретте
қылмыстың алдын алудың маңызы зор. Біздің облыста бұл мәселеге тұрақты көңіл
бөлініп келеді. ҚР Ішкі істер
министрлігі Қызылорда облысын еліміздегі ең қауіпсіз аймақ деп таныды,– деді облыс басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі «Нұр Отан»
партиясы облыстық филиалына халықпен жұмыс істеуде белсенді болу керектігін
ескертті. Әлеуметтік сауалнамалар әрбір екінші респонденттің алдағы күні
жағдайының түзелеріне сеніммен қарайтынын көрсетті. Қоғамдық-саяси жұмыстардың
ауқымын кеңейтіп, іс-шаралар ұйымдастырумен шектелмей, жұмыстың белсенді
формалары – қоғамдық тыңдаулар, халықпен кездесулер ұйымдастыру керек. Партия ұйымдары мүмкіндігі шектеулі
жандармен, жетім балалармен, нашақорлармен, ВИЧ дертіне шалдыққандармен,
балалары тастап кеткен қариялармен, бұрын сотты болғандармен жұмыс жасаудың
арнайы бағдарламасын әзірлеуде бастамашы болуы тиіс.

ИДЕОЛОГИЯНЫҢ МІНДЕТІ – ҰЛТЖАНДЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ– Арбаға таңылған жандардың қоғамдық
маңызы бар шараларда бір залда бәрімізбен қатар отыруын дәстүрге айналдыру
керек,– деп атап өтті.

– Қазақ елі тегінде бар тектіліктің,
қанында бар қасиеттің, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар ұлттық идеологияның алтын
тамырына сызат түсірмей, әлем алдындағы абыройын сақтап отыр. Ал осы ұлы
құндылықтардың, сарабдал саясат пен бейбітшіліктің берік тұғырын қалауда,
ұлттың дара дәстүрін, сара әдет-ғұрпын дүниеге паш етуде. Тұңғыш Президентіміз,
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегін халық ерекше құрметтейді. Олай
болса біз жұрт болып жұмылып, ел болып бірігіп Елбасының алға қойған
міндеттерін жүзеге асыруға тиіспіз, – деді Қ.Көшербаев.

Сондай-ақ, облыс әкімі елімізде жасалған
ірі реформалардың бірі орталық атқа­ру органдары пен аймақтардың арасындағы
өкілеттіліктерді бөлудің маңызына,
жауапкершілігіне тоқталды.

– Бірақ, жауапкершілікпен қоса кең
көлемді мүмкіндіктер де береді. Сол себепті, ең бас­ты­сы, сол мүмкіндіктерді
дұрыс қолдана білу. Осыны терең ұғынған жағдайда ғана біз Ел­басы халық игілігі
үшін қойып отырған міндеттерді абыроймен атқара аламыз, – де­ді.

Жиында ҚР Мәдениет және спорт
министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин еліміздегі мемлекеттік
саясаттың дін саласындағы өзекті мәселелеріне, діни ахуалға тоқталды. Қазақстанда
конфессияаралық келісім салтанат құрып, зайырлы мемлекет құру бастамасы қолдау
тауып келеді. Ең басты заң – Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасы өзiн
демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады,
оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары»
деп көрсетілген. Мемлекеттің дін саласындағы салиқалы саясаты еліміздегі діни
ахуалдың тұрақтылығына кепіл болып келеді. Дегенмен, ислам атын жамылған
радикалды, керіағар топтармен жұмыс жүргізу үшін имамдар мен теолог мамандардың
біліктілігін арттыру керек. Комитет төрағасы жұртшылыққа түсіндіру жұмыстарын
жүргізетін ақпараттық-насихаттық топтардың дәстүрлі дін құндылықтарын
насихаттаудағы еңбегіне баға берді. Әйткенмен, АНТ құрамына зиялы қауым өкілдерін,
дінтанушыларды, үкіметтік емес ұйымдарды қосу арқылы оның сапасын арттыруға мән
берілмек. Сондай-ақ азаматтарға тәуелсіз еліміздің қол жеткізген табыстары
түсіністік, рухани келісім арқасында орнағанын ұдайы айтудың маңызы зор.
Комитет төрағасы Сыр өңіріндегі діни
ахуалдың тұрақтылығын атап өтті. Қоғам дамуын тежейтін керітартпалықтың
алдын алу үшін насихаттық жұмыс жүйелі түрде жалғаса беруі керек.

– Біз мемлекет пен дін бір-бірінен
бөлінген зайырлы мемлекетте өмір сүрсек те, имамдардың білімін көтеруіне,
әлеуметтік жағдайына көмектесіп келеміз, – деді комитет төрағасы.

Одан әрі сөз алған «Қазақстанның Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар
бірлестігінің президенті Нұрлан Ерімбетов «Қазақстан-2050» стратегиясының Кеңес
заманындағы ұзақмерзімді бағдарламалардан ерекшеліктеріне тоқталды. Қазіргі
заманғы кәсіптік бағдар берудің олқы тұстарын сынға алды. Екі-үш дипломның
нанын жей алмай, мүлде басқа тірліктің бодауында кеткендердің қателігі кәсіптік
бағдарды дұрыс алмағанында.


Жақында әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Респонденттер ең басты құндылық
– әділеттілік, екінші орында жемқорлықты ауыздықтау, үшінші орында ғана айлық
табыс деп есептейді екен. Бүгінде халықтың 75 пайызы несиеге өмір сүруге
дағдыланып кеткен. Несиеге баспана алуды түсінуге болады, ал несиеге көлік,
тұрмыстық техника алу, той жасау өзін-өзі алдаумен тең, – деді бірлестік
президенті.

Сондай-ақ аты дардай техникалық оқу
орындарының маман даярлаудағы кемшіліктерін баса көрсетті. Осындай көптеген оқу
орындары тек диплом таратумен айналысуда. Алдағы уақытта бір көзден
қаржыландыруды қолға алатын Азаматтық альянстың жұмыс ауқымына тоқталды.

– «Біздің заманның геройы кім?» деген
мәселе ойландырады. БАҚ-та шоу бизнес өкілдерінің жеке өмірінің кеңінен
насихатталуы өскелең ұрпақ бойына «адам болам десең, әртіс бол» деген тәрбие
сіңіруде. Имамдар халықпен етене араласпайды. Сіздер жамағатты мешітте күтіп отырғанда, орта жолда өз насихатын,
кітабын, ұстанымын тықпалағандар оларды түзу жолдан тайдырып әкетіп жатыр. Мені
өз басындағы қиын ахуалды, кедейлігін, жұмыссыздығын тағдырға жауып отыра
беретін жастардың көбейгені алаңдатады. Олар жауапкершіліктен қашады, – деді
Нұрлан Кенжебекұлы.

Жиында ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі
жөніндегі комитет төрайы­мының орынбасары Еркін Үйсінбаев сөз алып, ел
жастарының бастамашылдығымен қолға алынған бірқатар игіліктерге тоқталды.
Жалпыұлттық «Жасыл ел» бағдарламасына қатысқан 200 мыңнан астам жас елдің
өркендеуіне өз үлесін қосып келеді.

ИДЕОЛОГИЯНЫҢ МІНДЕТІ – ҰЛТЖАНДЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ– Қызылорда облысында тек осы жылдың
өзінде 1000-нан астам адамға жалақы төле­ніп, бағдарламаның байыпты жүзеге
асуына жағдай жасалды. Өкініштісі, басқа облыстар «Жа­сыл елдің» жүйелі жұмысы
үшін мұндай мүмкіндік ұсынбай отыр, – деді министрлік өкілі.

Оған қоса, Сыр жастарының басқа да
мемлекеттік бағдарламаларға қатысудағы белсенді­лі­гін жоғары бағалады. Біздің
аймақта жастар ресурстық орталығын құру жұмыстары аяқталды.

Соңғы 2 жылда әлеуметтік жағдайы төмен,
бірақ білімге құштарлығы бар балаларға арналған облыс әкімі грантының саны
363-ке жетті. «Серпін» бағдарламасы бойынша басқа өңірлерге білім алуға 420
сырбойылық аттанды. Сондай-ақ, металлургиялық өндірісті дамыту аясында Ресей
Үкіметінің гранты есебінен Мәскеу, Санкт-Петербург жоғары оқу орындарында мамандар дайындау
жолға қойылды.

Рухани-танымдық тәрбие берудің кейбір
мәселелеріне тоқталған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері
Сейілбек Шаухаманов экономикалық, тұрмыстық қиындықтардың уақытша екенін,
рухани тоқыраудың бәрінен де қауіптілігін баса айтты. Қоғамдағы қазақтың
санасына сыймайтын, құлақ естіп, көз көрмеген жағдайлардың орын алуы қалыпты
жағдайға айналып барады.

– Нашақорлық, зинақорлық, өсек-өтірік,
жемқорлық сияқты санаға орнықпайтын жайттардың белең алуына алаңдаймыз. Мұның
ең сорақысы бауыр еті баласы мен ата-анасынан безінгендер дер едім. Қазір
еліміздің қарттар үйлерінде 7700 қария зар шегіп жатыр. Әлеуметтік жағдай
тұрақталған сайын ата-анасын керексіз еткендер саны көбейіп барады. Жетімдер
үйіндегі 10 мыңнан астам баланың басым бөлігінің ата-анасының көзі тірі. Некесіз
туылған сәбилер саны артып барады. Жер жаһанның 25 еліне 8 мыңнан астам бала
сатылып кеткен. Дүниеге келген сәбилердің дімкәс болуы, бозбалалардың әскерге
баруға денсаулығы жарамайтыны ойландырмай қоймайды. Еліміз түрме саны жөнінен
алғашқы орындардың бірінде. Тек әйелдер отыратын колониялар саны 5-ке жетіпті.
Өзіне қол жұмсағандар жөнінен де алдыңғы қатарға шығыппыз. Мұндай фактілерді
жүздеп келтіре аламын. Енді не істеу керек? Бұл жағдайдан қалай шығамыз?

Біз бұл мәселелерді қазақ халқының
салт-санасы, дәстүрі мен мыңжылдықтар бойына жинаған тәжірибесіне сүйеніп
шешуіміз керек. Екінші, дінге сүйену арқылы шешеміз. Исламның күш-қуаты арқылы
жоғарыда мысалға келтірген сұмдықтарға тосқауыл қоюға әбден болады. Үшінші,
өркениетті елдердің жақсы үлгілерін алу, оларды өзіміздің ыңғайымызға бейімдеу
арқылы жұмыс жүргізу керек.

«Мың өліп, мың тірілген» қазақтың төрт ұраны болды. «Аттан, Алаш, Асар, Алас»
деген ұрандармен барлық мәселені шешті. «Аттан» дегенде белдеудегі атына мініп,
елін қорғауға аттанды. «Алаш» дегенде бүкіл қазақ атқа қонды. Ғасырлар бойы
бабасы­нан қалған атамекеніне көз алартқандарға жерінің шетін бастырмады.
«Асар» дегенде барлығы жиылып келіп, шаруаны еңсерді. «Алас» дегенде ел
ішіндегі тентектерді, жо­ғарыда айтылғандай, масқаралыққа барғандарды,
ұры-қарыларды ар жазасына тарт­қан.
Өлімнен де ауыр жазаны қолданатын болғандықтан мұндайға ешкімнің дәті
бармаған.

Қазақтың ұрлыққа қарсы қолданған жазасын
қазіргі экономикалық шара көрулермен
салыстыра алмайсың. Мәселен, ертеректе кісен ұрлаған адам ат төлеп құтылатын
болған. «Кісен атты қорғайды, ат ерді қорғайды, ер елді қорғайды» деп, ұрлыққа
тосқауыл қойған.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген
сөз бар. Мен бесікті де есік пен терезені де түзейтін уақыт жетті дер едім.
Есікті түзе дейтінім, шеттен келген мыңдаған миссионерлер миллиардтаған ақшаны
шашып, біздің ұлттық құндылықтарымыздың тас-талқанын шығаруда. Бізге кімнің,
қандай мақсатпен келіп жатқанын таразылау керек. Терезені түзеу керек
дегенді балаларымыз теледидардан,
интернеттен, газеттерден не оқып, не тоқып жатқанын бақылау керектігіне сүйеніп
айтамын.

Әлемдік тәжірибелерден үлгі ретінде
тумысынан ақсүйек ағылшын халқының өнегесін айтайын. Олар «ағылшынның ұлы құл
болмайды, қызы күң болмайды» деп баласын өжеттікке тәрбиелейді. Немістер «сен
ең асыл нәсілсің» деп құлағына құяды. Бізге балаларымызды «Сен қазақ деген ұлы
халықтың ұрпағысың» деп тәрбиелеуге кім кедергі келтіріп отыр? Психологтардың өзі баланы тұқырту, «сен адам
болмайсың» деп төмендету оның болашағына кері әсер ететінін айтады.

Тәрбиеде діннің күшін пайдалану
керектігі айқын. Біз іздеген мыңдаған сауалдың жауабын Құраннан табуға болады.
Өзіне қол жұмсағандардың бір бөлігінің мұндайға баруына несиені өтей алмауы
себеп екен. «Ақшамен ақша жасағандардың» тірлігін халық түсінбей, қарызға
белшесінен батып жатыр. Табан ақы, маңдай терінің өтеуін ала алмай қанша адам
сандалып жүр. Құранда «адамның еңбекақысын көйлегінің тері кепкенше бер» дейді.

Мемлекеттік және ұлттық идеологияның темірқазығы дін мен
дәстүр бола алады. Бүгінгі жиын осы мәселелерді тағы бір мәрте қозғауға,
тереңнен қаузауға мүмкіндік берді, – деді қоғам қайраткері.

Идеялогиялық актив жиынын облыс әкімі
Қырымбек Көшербаев қорытындылады.
«Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасын іске асыруда Елбасы «Алаштың
анасы» атаған Сыр елінің орнын атап өтті. Күллі қазақтың ашыққанда тойынған,
қамыққанда жұбанған, маңдайын тіреген жері – Сырдың бойы екенін тарихшылар
айтып та, жазып та жүр. Сондықтан елдік мұраттар жолындағы бастамаларға қолдау
білдірудегі, жүзеге асырудағы міндеттер айқын болуы тиіс.

Идеялогиялық қызметтің басты міндеті
саналы, тәрбиелі, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу, Елбасы идеяларын жүзеге асыру,
еліміздің әлемдегі озық отыздыққа енуіне қызмет ету болып қала бермек.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

ПІКІРЛЕР

Ғабит БӘЙМІШЕВ, Қаза­лы ауданы
әкімінің орынбасары.


Бүгінгі жиын «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген аталар тәмсілін қайта бір
жаңғыртқан басқосу болды. Көп нәрсе айтылды, көкейде жүрген сауалдар да
қойылды. Шынында да Қазақстанның кешегісі мен бүгінгісінде аспан мен жердей
айырмашылық бар. Осының бәрі бір күнде орнай қалған жоқ. Бұл ұзақ жылғы
бейнетпен келген береке. Бұл жолда ешкім дініне, ұлтына қарап бөлінген жоқ. Бар
қиындықты бірлікпен жеңді. Қазақстанды әлемдегі мойны озық елдің қатарына қосу
үшін әлі де топтаса түсуіміз керек. Жиында айтылған мәселелердің бәрі маңызды. Әсіресе, жастар
тәрбиесі, еңбек әулеттерінің форумын
өткізу секілді тың бағыттар көпшіліктің көңілінен шықты.

Гульчин ГЕЙДАРОВА, түрік этномәдени
орта­лығының төрайымы:

– Бүгінгі иделогиялық жиын келелі ой,
пайымды пікір айтылған басқосу болды. Ұлт Көшбасшысының «Мәңгілік ел» идеясын
ел арасында түсіндірудің маңызы жайлы көп нәрсеге қанықтық.

Санагерлік саласындағы келелі
мәселелерді көтерген жиында мен бірлігі бұзылмаған мемлекетте тұратыныма тағы
бір мәрте көзім жетіп, көңілім көкке көтерілді. Алдыңғы буын бізге жеткізген
осы берекелі бірлікті сақтап, кейінгіге үлгі ету жолында бәріміз де үлес
қосуымыз керек. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың жиында сөйлеген сөзі маған
осындай ой салды.

Расында да мақсаты айқын, мұраты анық
Ұлттық идея төңірегінде топтасу бәріміз үшін абыройлы міндет. Қазақстандағы
жүздеген ұлтты бір тудың астына біріктірген Ұлт көшбасшысы – Нұрсұлтан Әбішұлы
Назарбаевтың Жарлығымен 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып
жарияланып отыр. Біз өз тарапымыздан осы бастамасының жан-жақты насихатталуына
аянбай атсалысамыз. Өйткені, бәріміз бір Отанның баласымыз.

Меруерт АҢСАТОВА, тарих ғылымдарының
кандидаты, Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры:

– Бүгінгі идеологиялық актив үкіметтік
емес ұйымдар жұмысына да бағдар бергендей болды. Облыс әкімі Қырымбек
Көшербаев Елбасы бастамашы болған
«Қазақстан – 2050» стратегиясын түсіндіруді тереңдетудің бір жолы ретінде
жастар құрған қоғамдық ұйымдарды кеңінен тарту туралы тарата айтты.

Біз жастардың бойына
өзіне деген сенімді орнықтыра білуіміз керек. Сонда ғана олар азаматтық қоғамды
дамытатын тұлға болып қалыптасып, елдік идеялар жолында топтаса алады. Аймақ
басшысының идеологиялық жиындағы ұсыныс-пікірлері облыста азаматтық қоғамды
дамыту ісіне тың серпін береді деп ойлаймын.

Алмас БЕКЖІГІТОВ, Жаңа­қор­ған
аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы:

– Аймақ басшысы бүгінгі жиындағы сөз
басын Елбасының Ұлытау төріндегі ұлағатты ойларынан бастап, «Мәңгілік ел» сынды
ұлы идея төңірегінде бірігуіміз керектігін баса айтты. Елбасы бастамашы болған идеяны халыққа жеткізу бізге – бұқаралық ақпарат
құралдарына жаңа міндет жүктейді.

«Қазақстан-2050» – елдi жаңа белес­ке
жеткізетін стратегия. Қазақстанның бұрынғысы мен бүгінгісін қатар көрген аға
ұрпақ осы бастаманы баспасөз арқылы жастар арасында насихаттауда белсенділік
танытуы керек.

Жиында мемлекеттің жастарға білім мен
тәрбие беру саласындағы жаңа бағыты жайлы да келелі әңгіме қозғалды. Санагерлік
саладағы сан түрлі мәселені көтерген басқосу біздің алдағы бағытымызды белгілеп
берді.

 

СҰРАҚ-ЖАУАП

Амангелді
Әбдібаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Қазіргі уақытта біздің жастарымыз
солтүстік өңір­лерге білім алуға аттануда. Жастардың оқығаны жақсы, өйт­кені
келешек солардыкі. Әйткенмен, біз болашақта маман тап­шылығын көрмейміз бе?
Осыған қатысты сіздің ойыңызды білгім келеді.

Қ.Көшербаев: – Елбасы тапсырмасымен жасалған
«Серпін» бағдарламасы солтүстік аймақтағы демографиялық, экономикалық ахуалды
есепке алып түзілген. Статистикалық мәліметтерге қарағанда облыс халқының саны
700 мыңнан асты. Жыл сайын елеулі өсім байқалып отыр. Алдағы онжылдықта бір
миллионға жетеді деген болжам бар. Ал солтүстікте, керісінше, табиғи өсім
төмендеп барады. Ондағы кәсіпорындар жұмыс қолын қажет етеді. Жастарымыздың
солтүстікке барып білім алуына, кәсіби шыңдалуына, отбасын құрып, сонда
тұрақтап қалуына түсіністікпен қарау керек.

Дүйсенбек Беркінбаев, «Ақмешіт
апталығы» газетінің бас редакторы:

– Марқұм болған кісінің үйінен ас
беруді, ондағы ысырап­шы­лықты дін құптамайтыны белгілі. Бірақ қазалы үйде
тойда­ғы­дай дастарқан жайылуы, жүздеген адамға қонақасы берілуі әлі де
тыйылмай келеді. Тіпті бәсекеге айналып кетті. Осы ысырап­кершілікті тоқтатудың
қандай жолдары бар деп ойлайсыз.

С.Шаухаманов: – Бұл мәселе бәрімізді де ойландырады.
Бұрын қазақта өлік шыққан үйден тамақ ішу болмаған. Сырттан ат арытып келген
адамдарға ғана қонақасы берілген. Мұны тоқтату үшін А.Тоқмағамбетов атындағы
мәдениет үйіне жұртты жинадық. Айттық, тіпті жасап көрсеттік. Ешкім елең
қылмады. Дінде ысырапты шайтанның ісі деп атайды.

Ендігі жерде бұл іске билік араласуы
керек деп есептеймін. Біздің бар уақытымызды той ұрлауда. Бұл мәселені туыстас
халықтар шешті. Арнайы қаулы қабылдап, тойға шақырылатын адам санына шектеу
қойғандары бар.

Қазақта қаралы үйде тамақ желінбек
түгілі, оның маңынан жас балалар да атпен шауып өтпеген. Барлық жоралғылар
сақталған. Бұл мәселенің де шешімін ұлттық дәстүрімізден іздейік.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз