ИГІЛІГІ МОЛ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЫҚПАЛДАСТЫҚ

44

0

ИГІЛІГІ МОЛ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЫҚПАЛДАСТЫҚҚазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Француз
Республикасының Президенті Франсуа Олландпен кездесті.

Шағын және
кеңейтілген құрамда өткен кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты
ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылап, күн тәртібіндегі халықаралық
өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Мемлекет басшысы Франция Қазақстанның маңызды серік­тестерінің
бірі екенін, елдеріміздің арасында бүгінде экономика және саясат мәселелері бойынша
толық түсіністік орнағанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Франсуа Олланд Франция Президентінің Астанаға
жасаған кейінгі сапары кезінде қол жеткен уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын
да талқылады.

Қазақстан Президенті бүгінде Астана мен Париж арасында сауда-экономикалық,
инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, сондай-ақ аэроғарыш салаларындағы ықпал­дастықтың
зор әлеуеті бар екенін атап өтті.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Франция Президентін І
дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Мұнан кейін Елбасы Францияның жетекші компаниялары
басшыларымен кездесті. Кездесуге қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет
басшысы олардың көпшілігінің елімізде жұмыс істеп жатқанын, Қазақстанның
мүмкіндіктері мен ұзақмерзімді басымдықтарын жақсы білетінін айтты.

– Францияның 24 компаниясы Қазақстанда қазірдің өзінде 2
миллиард доллардан асатын жобаларды жүзеге асырды, 14 жоба жүзеге асырылу
кезеңінде тұр, тағы 10-ы – келешектің еншісінде. Бір ғана менің сапарым
барысында жалпы құны 5 миллиард доллардан асатын келісімшарттарға қол қойылатын
болады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Францияның
сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастығына егжей-тегжейлі тоқталды.

– Франция Қазақстанның жетекші экономикалық серіктестерінің
қатарына кіреді. Біздің өзара сауда айналымымыз соңғы жылдары сыртқы жағдайдың
күрделілігіне қарамастан, 6 миллиард доллар көлемінде тұрақтап отыр. Француз
бизнесінің соңғы 10 жылда біздің экономикамызға салған инвестициясы шамамен 12
миллиард доллар болды. Қазақстан нарығында 130 француз компаниясы түрлі
салаларда жұмыс істейді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті бүгінде дайын өнім алатын бірлескен
табысты жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

– Олардың қатарында «Альстом» электровоздары, «Еврокоптер»
тікұшағы, «Пежо» және «Ситроен»
автомобильдері, күн батареялары, цемент, «Данон» сүт өнімдерінің жаңа түрлері
мен басқа да өндірістер бар. «Эйрбас Дефенс энд Спейс» компаниясымен бірлесіп
Жерді қашықтан зондтайтын екі жерсерік ұшырдық және ғарыш аппараттарын
құрастыру-сынау кешені ғимаратының құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді
Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы жүзеге асырылып жатқан бірлескен
инвестициялық жобалар қатарында Airbus компаниясымен жұмысқа арнайы тоқталды.

– Еліміз титаннан жоғары технологиялы өнім жасайтын зауыт
ашты, бұл өнім Airbus ұшақтарын құрастыру үшін пайдаланылады. Қазақстанның «Эйр
Астана» компаниясы француз авиация өнеркәсібінің ұшақтарын пайдалану арқылы осы
циклды аяқтайды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, Астана мен Париж арасында
тікелей әуе қатынасын ашу және инвесторлар үшін визасыз режім енгізу екі елдің
инвестициялық ықпалдастығына оң әсерін тигізеді.

Сонымен қатар екі елдің іскер топтары арасында қол қоюға
әзірленіп жатқан келісімшарттар
Францияға уран жеткізу, автомобиль өнеркәсібі, сумен қамтамасыз ету,
қалдықтарды жою және басқа да маңызды бағыттарды қамтитыны атап өтілді.

Мемлекет басшысы Қазақстанның инвестициялық ахуалды одан әрі
жақсарту, Бес институционалдық реформаны және Ұлт жоспарын, «Нұрлы жол»
бағдарламасын жүзеге асыру, сондай-ақ Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық
мамандандырылған көрмесін өткізуге дайындық жұмыстары туралы да айтты.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев француз бизнесін Қазақстанды
индустрияландыруға, жоспарланып отырған ірі кәсіпорындарды жекешелендіруге және
құрылып жатқан «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына белсене қатысуға
шақырды.

Француздың ірі компанияларының басшылары Қазақстандағы қолайлы
инвестициялық ахуал қалыптастыру саясатына жоғары баға беріп, біздің елдің өзін
сенімді серіктес ретінде көрсеткенін атап өтті. Сонымен қатар, француз
бизнесінің өкілдері Қазақстан бизнесімен бірлесіп жаңа жобаларды жүзеге асыру
ісіне зор қызығушылық танытты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз