ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ ИГІЛІККЕ БАСТАЙДЫ

34

0

ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ ИГІЛІККЕ БАСТАЙДЫЖұма күні Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Индустрияландыру күні» өтті. Онда елімізде жүзеге асырылып жатқан Индустрияландыру бағдарламасының орындалу барысы қорытындыланып, Елбасының «Алтын сапа», «Парыз», «Өндірістегі үздік инновация-2013», «Үздік индустриялық жоба» атты арнайы сыйлықтары табыс етілді.
Салтанатты шара барысында жалпы ұлттық телекөпір ұйымдастырылды.  Елбасы онлайн режимінде Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған 10 өндірістік жобаны іске қосты.
Ағымдағы жыл Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының төрт жылын тауысып, алғашқы бесжылдыққа аяқ басқан шақ. Онымен қоса, бұл Елбасының мемлекет алдына маңызды міндет қойған «Қазақстан-2050» Стратегиясын орындау кезеңіне кіріскен жыл. Яғни, осы жылдан бері Қазақстан әлемдегі ең озық отыз елдің қатарына кіру мақсатындағы күрделі жолдың алғашқы жылын артқа тастағалы отыр.  
Мемлекет басшысы өз сөзінде республика индустриялық-инновациялық бағдарламаның бірінші бесжылдығын іске асырудың соңғы сатысына қадам басқанын атап өтті.
– Кейінгі 4 жылда 500-ден астам серпінді жоба іске асырылып, 60 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды. Индустрияландырудың заңнамалық базасы қалыптастырылып, үнемі жетілдірілуде. «Бизнестің жол картасы – 2020», «Өнімділік – 2020», «Экспорттаушы – 2020» және басқа да бағдарламалар жүзеге асуда. Бүкіл бизнеске жеке бастамаларды мемлекеттік қолдаудың жүзге тарта құралдары ұсынылуда. Теміржол саласы бойынша машина жасауды дамыту жөнінде көп жұмыс атқарылуда. Ел тарихында алғаш рет электровоздар, тепловоздар, жолаушылар мен жүк вагондарын құрастыру ісі жолға қойылды. Автомобиль өнеркәсібі дамып келеді. Мұндай серпінді өндірістер бұрын Қазақстанда болған жоқ. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз, барша қазақстандықтардың жеңісі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті бұл жұмыстар экономиканың бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға, халықты жұмыспен қамтамасыз етуге, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталғанына тоқталды.
– Іске асырылып жатқан шаралардың арқасында 2013 жылдың қорытындысы бойынша экономика өсімі 6 пайыз деңгейінде болады деп жоспарланып отыр. Инфляция 5 пайыздан, жұмыссыздық 5,2 пайыздан аспайды. Жалпы, елімізді индустрияландыру үдерісі өте жақсы бастау алды. Қазір 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған индустрияландырудың екінші бесжылдығы жобасымен жұмыс жүріп жатыр. Бірінші бесжылдықтың тәжірибесін ескере отырып, біздің бұдан кейінгі қадамымыз нақты сараланған және дәл есептелген болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті атап өткендей, Үкімет инвестиция тартудың нақты жоспарын жасап, іске асыру үшін ұсынылған әрбір жобаны тыңғылықты елеп-екшеуге тиіс.   
 – Оның басымдықтарын дәл анықтау керек. Бірінші кезекте, бәсекеге қабілеттіліктің жоғары деңгейін қамтамасыз ете алатын салаларды дамытқан жөн. Мұнай-газ және тау-кен саласындағы машина жасау, азық-түлік өнеркәсібі мен құрылыс материалдарының өндірісі, агроөнеркәсіп кешені осындай сектор бола алады. Осы секторлардың айналасында қосалқы кәсіпорындар желісі құрылуы мүмкін. Солардың көмегімен шикізатты дайын өнімге дейін жеткізу қажет. Бұл – шағын және орта бизнес үшін де керемет мүмкіндік. Біз тәжірибе мен білім және жаңа технологиялар алу арқылы отандық инновацияны өзіміз құра аламыз, – деді Қазақстан Президенті.
 Елімізде шағын және орта бизнестің 800 мың субъектісі қызмет етеді. Экономиканың осы секторында 2,4 миллион қазақстандық жұмыс істейді. Шағын және орта бизнестің өнім шығару көлемі соңғы бес жылда 1,6 есеге – 2008 жылғы 4,9 миллиард теңгеден 2012 жылы 8,3 миллиард теңгеге дейін өсті. Сондықтан бүгін шағын және орта кәсіпкерліктің рөлін жаңаша бағалау маңызды.  
Мемлекет басшысы сондай-ақ екінші бесжылдық жоспарының міндеттерін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен толық үйлестіруді қамтамасыз етуді тапсырды.
– Шағын және орта бизнес қазір салынып жатқан жаңа инновациялық кәсіпорындар төңірегінде дамуы тиіс. Бұл – Үкіметтің, Ұлттық палатаның, кәсіпкерлер мен барлық деңгейдегі әкімдердің міндеті. Бизнеске жүргізілген заңсыз тексерістер үшін шенеуніктерді жазалауды қатайту жөнінде қосымша шаралар қолдану маңызды. Бас прокуратура бұл тұста әлі өз жұмысын толық орындап отырған жоқ. Тек 2013 жылдың 9 айында ғана 140 мың тексеріс жасалған. Оның жартысынан көбісі – жоспардан тыс, ондай тексерістер жүргізуге негіз бар екендігі туралы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің жалған хабарламалары үшін өткізілген тексерістер, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігі жанынан бизнесті одан әрі дамыту үшін барлық қаралған мәселелер бойынша заңнамалық базаға ревизия жүргізу жөнінде арнаулы комиссия құру, салықтық жеңілдіктер жасау және әкімшілік кедергілерді жою қажеттігі туралы айтты.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті құқық қорғау органдарына, соның ішінде Бас прокуратураға бизнеске тексеріс жүргізуге жалған негіздеме жасау жайттарын сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылыққа теңестіру үшін заңнамаға өзгерістер енгізуді тапсырды.
 – Менің тапсырмам бойынша жаңа бастаған бизнесмендерге арналған «Әрбір қазақстандық үшін шағын бизнестің қарапайым 100 түрі» нұсқаулығы дайындалды. Онда қазіргі біздің қоғамда сұранысқа ие бизнес-идеялар бар. Олар мүдделі әрі еңбекқор жандарға жұмыс және өсіп отыратын кіріс береді. Бүгінде Қазақстанда 500 мыңнан астам көпбалалы ана, 600 мыңнан астам мүгедек, 570-ке жуық студент және 1,7 миллиондай зейнеткер бар. Бұл оқу құралы соларға арналған. Жалпы, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолдау көрсету – игі іс. Бұл – әрбір министрлік үшін міндет, ірі, орта және шағын компаниялар үшін менің өтінішім болсын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айтылған жайттар негізінде Мемлекет басшысы Үкіметке 2014 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін Индустрияландырудың 2015-2019 жылдар кезеңіне арналған екінші бесжылдығы бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Бұған қоса, сол мерзімге қарай Үкімет экономикадағы дәстүрлі салаларды дамытудың бесжылдық жоспарларын да дайындауы тиіс.
Шара аясында Нұрсұлтан Назарбаев «Алтын сапа», «Қазақстанның үздік тауары» және «Парыз» конкурстары жеңімпаздарын құттықтап, бұл марапаттар отандық кәсіпкерлікке оның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халқымыздың әл-ауқатын арттыруға қосқан қомақты үлесін бағалай отырып, үлгі тұтарлық жетістіктері  үшін берілгенін атап өтті.
 «Парыз» конкурсының  Гран-при жүлдесі «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ директорлар кеңесі төрағасы С.Гелерге, «Алтын сапа» конкурсының арнаулы «2013 жылдың өндірістегі үздік инновациялары» жүлдесі «ENRC» компаниясының акционері А.Машкевичке, «Алтын сапа» конкурсының арнаулы «2013 жылдың үздік индустриялық жобасы» жүлдесі «СарыарқаАвтоПром» ЖШС директорлар кеңесінің мүшесі А.Лаврентьевке табыс етілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз