ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚТАР ҚҰРУ

119

0

өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырады

Елбасы өзінің халыққа арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауында индустриялық инфрақұрылымдарды дамытуға ерекше назар аударды. Өйткені инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру құрылыс материалдарына, көліктік-коммуникациялық, энергетикалық және тұрғын үй-коммуналдық салалар үшін өнімдер мен қызмет көрсетулерге үлкен сұраныс тудырады. Осы орайда Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдерге индустриялық аймақтарды нақты жобалармен толықтыру бойынша жедел шараларды жүзеге асыруды тапсырды.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өзінің биылғы жылға арналған іс-қимыл жоспарында Қармақшы, Жаңақорған және Сырдария аудандарында индустриялық инфрақұрылым құру бойынша жұмыстарды жандандыру мен Қызылорда қаласындағы индустриялық аймаққа қажетті инженерлік инфрақұрылым тарту бойынша жұмыстарды жалғастыратынын айтты. Сондай-ақ, Арал, Қазалы, Жалағаш және Шиелі аудандарының индустриялық аймақтарында жаңа өндірістер құру бойынша жұмыстардың басталатындығын да жеткізді. Сонда облыс аумағында кең көлемде жүргізілетін бұл жұмыстардың бас­ты мақсаты неде?

Бүгінде өңірімізде облыс
басшылығы тарапынан жаңа өндіріс орындарын құрушыларға барлық қолдау көрсетіліп
келеді. Соның ішінде аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін
индустриялық аймақтар құру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Осы орайда
айта кеткен дұрыс, құрылатын индустриялық аймақтарға инженерлік инфра­құрылым
жұмыстарын жүргізудің алар орны ерекше. Бүгінгі күндері индустриялық аймақтар
құру үшін барлық аудан мен Қызылорда қаласында жалпы көлемі 906 гектар жер
телімі бөлінген.

Өткен жылы төрт ауданға
инженерлік инфрақұрылымды жеткізу үшін республикалық бюджеттен барлығы 834 млн.
теңге қаржы қаралды. Соның ішінде Арал ауданына 191,9 млн. теңге, Қазалыға
153,6 млн., Жалағашқа 271,7 млн. және Шиелі ауданына 217,8 млн. теңге бөлінді.
Қазіргі күні осы аталған индустриялық аймақтарға мердігер компаниялар тарапынан
автомобиль жолы, электр және су жүйелері секілді қажетті инженерлік
инфрақұрылымдар жүргізілді. Мұнан бөлек, Сырдария және Қармақшы аудандарында
жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде.

Жалпы бүгінде облыстың барлық
аудандарында индустриялық аймақтар құрылып жатыр. Әрі осы мақсатқа 146 гектар
жер телімі де бөлінген. Ал, 2013-2014 жылдары аудандық бюджеттер есебінен алты
ауданда индустриялық аймақтарға инженерлік инфрақұрылым жүргізу үшін жобалау-сметалық
құжаттарды жасауға 46,5 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ, Қызылорда қаласының
индустриялық аймағын дамыту тұжырымдамасын әзірлеу үшін 5,2 млн. теңге бөлініп,
бұл жұмысты облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы толықтай орындап
шыққан. Сонымен қатар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық
шаруашылығы басқармасы бөлінген 20,8 млн. теңгеге индустриялық аймақтың
жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеп, оны ҚР Ұлттық экономика министрлігіне
жолдаған.

Көпшілікке белгілі, бұрынғы
Целлюлоза-картон зауыты (ЦКЗ) біржолата жұмысын тоқтатты. Сонан бергі бірнеше
жыл ішінде зауыттың дүние-мүлкі талан-таражға түсті. Оның орнынан енді
өндірістік аймақ құрылады. Сөйтіп осы мақсатқа алғаш кезекте 44 гектар жер
бөлінді. Сонымен қатар, осы индустриялық аймаққа жергілікті бюджеттен 25,6 млн.
теңге қаржы бөлініп, оған газ, су, электр желісі, кәріз жүйесі, автожол, жолды
жарықтандыру және телефон желісі секілді қажетті инженерлік инфрақұрылым
жеткізілді. Айта кету керек, осы жүргізілген инфрақұрылым жүйелерін қазірдің өзінде
пайдаланып отырғандар да бар. Солардың қатарында құрылыс материалдарына қажетті
пенопласт өндірумен және электрлі жарық шамдарын залалсыздандырумен айналысатын
кішігірім серіктестіктер бүгінде үзіліссіз жұмыс істеп тұр.

Қорыта келе айтқанда,
өңірімізде индустриялық аймақтарды құру ісінде кешенді жұмыстар жүзе­ге
асырылуда. Істің бұлайша ұйым­дастырылуының басты мақса­ты ол облыста жаңа
өндіріс орындарын, соның ішінде өндіруші және өң­деуші кәсіпорындарды ашу жайы
ойластырылуда. Өз кезегінде олар­дың тұрақты жұмыс істеуі өңірімізге келетін
инвестиция көлемін арт­тыруға да үлесін қосады. Ал облыс­тың инвестициялық
тартым­дылығы артқан сайын ол облыс экономикасының өсіп-өркендеуіне жол ашады.

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз