ИНТЕГРАЦИЯЛЫҚ БІРЛЕСТІКТІҢ ИГІЛІКТІ ҚАДАМЫ

78

0

ИНТЕГРАЦИЯЛЫҚ БІРЛЕСТІКТІҢ ИГІЛІКТІ ҚАДАМЫАқордада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев және Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қатысты.

Іс-шара барысында Еуразиялық экономикалық одақты дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары қарастырылды.

Қазақстан Президенті қатысушылардың барлығын ЕАЭО туралы келісімнің жасалғанына екі жыл толуымен құттықтады.

– Бұл құжатқа 2014 жылғы 29 мамырда Ресей, Қазақстан және Беларусь елдері осында, Астанада қол қойды. Қысқа уақыт ішінде біздің қатарымыз Армения және Қырғызстанмен толықты. Құрылғанына аз ғана мерзім өткенімен және бастапқыдағы экономикалық қиындықтарға қарамастан, бүгінде ЕАЭО толыққанды интеграциялық бірлестік ретінде қалыптасты деп сеніммен айтуға болады. Экономикаларымызды жақындастыру ісі енді  ЕАЭО туралы келісімде белгілеген жоспарлар мен мерзімдерге сәйкес жүзеге асырылуда. Үкіметтер және бизнес қауымы бір-бірімен ынтымақтасудың қажетті тәжірибесін жинақтап жатыр. Өзара іс-қимылдың ішкі мәселелері негізінен  регламенттелді. Қойылған міндеттер мен одақ қызметі қағидаттарының жүзеге асырылуы мемлекеттеріміздің экономикасына қуатты серпін беретініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлем бойынша экономикалық бірлестікке мүдделілік артып, ЕАЭО-ның халықаралық байланыстарын барған сайын қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Одақ аясында тауарлар мен қызметтердің еркін қозғалысы Қытай басшылығы ұсынған «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасына сәйкес келеді. Бұл жоба ынтымақтастықтың біздің елдеріміз үшін экономикалық пайда және өзара мүдделілік тудыратын салаларын қамтиды деп жоспарланып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті біздің елде жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды.

– «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы мен оларды жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Олар –трансқұрлықтық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомобиль дәлізінің қазақстандық бөлігі, «Қазақстан-Түркіменстан-Иран» теміржолы, Ляньюньган қытай портындағы логистикалық терминал сияқты жобалар. Каспий жағасында Құрық паром кешенінің құрылысы жүруде. Осылайша, Қазақстан ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыра отырып, осы көлік жолдары арқылы өңіраралық өзара іс-қимыл үшін сенімді платформа қалыптастыруда, – деді Мемлекет басшысы.

 Қазақстан Президенті биыл ЕАЭО-ға біздің елдің төрағалық ететінін ескере келіп, интеграциялық бірлестіктің одан әрі табысты әрі қарқынды дамуы үшін барлық күш-жігердің жұмсалатынына сендірді.

Армения Президенті С.Саргсян экономикалық интеграция макроэкономикалық деңгейдегі қадамдарды үйлестірудің деңгейін арттыруды талап ететінін атап өтті.

– Осы ретте, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 2016-2017 жылдарға арналған  макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарларын жүйелі іске асыруға және экономикалық әлеуетімізді арттыру жөніндегі бұдан арғы пәрменді тетіктерді әзірлеуге зор мән береміз. Бұл біздің елдеріміздің экономикасының орнықтылығын арттыруға және қалыптасып отырған жағымсыз экономикалық ахуал салдарларын еңсеруге септігін тигізеді. Біз жалпы әлемдік саясат пен экономикадағы өңірлік құрылымдардың үлесін арттыру үдерісі жағдайында интеграциямыздың экономикалық серіктестіктің барлық мүдделі тараптармен кең ауқымдағы ынтымақтастықтың ашық, тартымды үлгісіне айналуы жолында барлығын жасауға тиіспіз,  – деді С.Саргсян.

Беларусь Президенті А.Лукашенко ЕАЭО-ны дамыту мақсатымен алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру барысындағы қиындықтарға тоқталды. Атап айтқанда, өзара саудадағы ішкі алымдар мен шектеулерден құтылу, мүше елдің бірінің үшінші елдерден нарықты қорғауда біржақты шаралар қолдануы жағдайында ЕАЭО-ның жұмыс жүргізу тетігін әзірлеу жөніндегі бастаманың орындалуы қажеттігі туралы айтылды. Бұдан бөлек, өнеркәсіптік ынтымақтастық, энергетика саласындағы, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдардың ортақ нарығын қалыптастыру ісіндегі міндеттерді жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді.

Қырғыз Республикасының Президенті А.Атамбаев ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларын интеграциялық үдерістің негізгі мақсаттары мен міндеттерінің орындалуына қол жеткізу жолындағы кедергілерді жоюға барлық күш-жігерді жұмсауға шақырды.  

 – ЕАЭО-ны құру туралы келісімге 2014 жылғы 29 мамырда қол қойылды. Шындығында одақ одан да аз мерзімде жұмыс істеп келеді.  Соған қарамастан, оның әлеуеті орасан екені көрініп тұр. Әрине, қазірдің өзінде белгілі бір нәтижелер мен табыстар бар. Қателіктер мен қолдан жасалған проблемалар да жоқ емес. Біздің халықтарымыз үшін бұдан басқа баламаның жоқ екенін де өзіміз айқын сезінуге тиіспіз. Біз Еуразиялық экономикалық одақтың болашағы үшін, елдеріміздің болашағы үшін жауаптымыз. Еңбек пен төзім, халықтарымыз бен мемлекеттердің, сондай-ақ  барлық министрліктер мен ведомстволардың басшыларының парасаттылығы және ынтымақтастығы керек. Мен ЕАЭО-ның болашағына сенемін, – деді А.Атамбаев.

Ресей Президенті В.Путин интеграциялық бірлестіктің тиімді жұмыс істеуі үшін сыртқы серіктестермен жүйелі қарым-қатынас қалыптастыру қажеттігін айтты.  

– Біз одақтың өзге елдермен және интеграциялық бірлестіктермен экономикалық байланыстарын одан әрі тереңдетуге күш-жігер жұмылдыру жөнінде Қазақстанның төрағалық ету барысында айтқан ұсынысын қолдаймыз. Ең алдымен, бұл Шанхай ынтымақтастық ұйымы және АСЕАН мемлекеттерімен байланысқа қатысты мәселе. Бұл бағытта қазірдің өзінде жасалған жұмыс аз емес. Вьетнаммен арада еркін сауда аймағы құрылды, ЕАЭО-ны қытайдың «Жібек жолы» бастамасымен ұштастыру идеясын дамыту үшін нақты жобалар тізбесі әзірленуде. Сондай-ақ қазақстандық серіктестердің Еуразиялық одақ пен ЕО арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою мәселелеріне арналған халықаралық конференция өткізу жөніндегі бастамасын да мақұлдаймыз, – деді В.Путин.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз