ИНВЕСТОР ҮШІН ИГІЛІКТІ ӨҢІР

88

0

ИНВЕСТОР ҮШІН ИГІЛІКТІ ӨҢІРКеше Қызылорда қаласында VII «Байқоңыр инвест»
инвестициялық форумы өз жұмысын бастады. Оған республикамыздың барлық өңірінен
140-тан астам қаржы институттары өкілдері мен әлемнің 12 мемлекетінен
инвесторлар қатысып жатыр.

2013 жылы аймақ
басшысының баста­ма­сымен қолға алынған жылына екі рет ұйымдастырылатын
«Байқоңыр» инвес­тициялық форумы өңірге инвестиция тартудың тиімді жолына
айналған. Осыған дейін өткізілген 6 форумның нәтижесінде 70-ке жуық меморандум
мен келісімдерге қол қойылып, ферроқорытпа, машина жасау, цемент зауыты секілді
жобаларға инвестор тартуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ, форум аясындағы үлкен
жетістік – облыс орталығында шыны зауытын салу жобасына қол жеткізілді. Мұнан
бөлек, 321 қызылордалық түлек Ресейдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында
білім алуына жол ашылды. Бұл – «Байқоңыр инвест» форумының жұмысы жемісті әрі
тиімді екендігінің дәлелі.

Жетістікті жалғауды
мұрат еткен жетінші форумның жұмысы «Қызылорда облысының инвестициялық
жобалары» деп аталатын көрмеден бастау алды. Онда форум қатысушылары Сыр
өңірінде жүзеге асырылып жатқан 26 жобамен танысып, аймақтың инвестициялық
тиімділігін таразылады.

Мұнан әрі VII
«Байқоңыр инвест» инвес­тициялық форумының пленарлық мәжі­лісі өтті. Жиында
облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақтың әлеуметтік-эконо­ми­­ка­лық ахуалы
туралы баяндап, инвес­ти­циялық әлеуетін саралап берді. Мәселен, қазір
Еуропалық қайта құру және даму банкімен 8 жоба бойынша жұмыс жасалып жатса,
тағы үш жоба бойынша келісім-шарт жасасу жоспарлануда. Жалпы облыста 333
миллиард теңгені құрайтын 31 жоба жүзеге асуда.

– Экономиканы
әртараптандыруда жақсы жетістікке жетіп жатырмыз. Үш жылдың ішінде өңдеу
өнеркәсібінің көлемі 3,5 есеге өсті. Бұның барлығы жаңа жұмыс орындарын ашуға,
жоғары технологиялық өндірістерді орналастыруға және экспорттық әлеуетті
өсіруге мүмкіндік береді. Сондықтан бұл инвестициялық форум өз нәтижелігін
дәлелдеді, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар,
«Самұрық Қазына» қорымен бірлесе отырып, қорғасын-мырыштың ірі кен орны
«Шалқия» кеніші игерілетін болады. Қазірдің өзінде кен байыту комбинаты мен
қуаты 90 мВт болатын газ-турбиналық электрстанса құрылысы басталды. Оның 75 мВт
өзіндік қажеттілікке, 15 мВт Жаңақорған ауданының тұрғындарына жұмсалады, бола­шақта
қуат тау-металлургия зауытының мұқтажына пайдаланылмақ. Бұл металды айыру
үлесін едәуір арттыратын болады. Техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда.
Алғашқы кезеңнің өзінде 2017 жылдан бастап кен байыту комбинаты жылына 2 млн
тоннаға дейін, ал 2019 жылдан бастап 4 млн тоннаға дейінгі кен өндіріп, қайта
өңдей алады.

Соңғы жылдары Сыр
өңірі құрылыс алаңына айналғаны белгілі. Содан болар, инвесторлардың құрылыс
индустриясына қызығушылығы артып отыр. Бұған қоса, өткен жылдың соңында
Қызылорда қаласында үй құрылысы комбинаты іске қосылды. Биылғы жылдың маусым
айының басында әлемдегі 15 елдің нарығында жұмыс жасайтын ресейлік компания
«Глобальная безопасность» ЖАҚ-мен бірлесіп, Жаңақорған ауданында цемент
зауытының құрылысы басталады. Содан кейін – қытайлық әріптестермен Шиелі
ауданында тампонаждық цемент өндіретін зауыттың құрылысы қолға алынады. Бұлар
2018 жылдың басында іске қосылады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ,
агроөнеркәсіп саласы бойынша шетелдік әріптестермен бірлесіп, томат пас­тасын
өндіретін, түйе сүтін өңдейтін зауыт, өсімдік майын шығаратын зауыттар мен құс
фабрикасы жобалары жүзеге асырылмақ.

«Бәйтерек»
холдингімен, «Қазақстанның ин­вес­тициялық қоры» және Американың «Stewart­Engineers»
компаниясымен бірлесіп шыны зауыты салынуда. Жабдықтар жет­кізіле бастады. 2017
жылдың бірінші жарты­жылдығында ол өнім шығара бастайды. Жыл сайын 197 мың
тонна табақша шынысы шығарылады. Бұл өнім экспортқа бағ­дарланған!

– Кейде бізге
орындалуы қиын идеялар мен жобаларды тұспалдап, алдымызға өте биік міндеттерді
жиі қоятынымызды айтып жатады. Бірақ, біз, Елбасымыз айтқандай, әлемнің дамыған
30 елдің қатарына енуге мүмкіндік беретін табысты, жаһандық үлгідегі экономика
мен қоғам құру үстіндеміз. Көпшілік біздегі жобаларды жүзеге асыру мүмкін емес
деп ойлайды. Меніңше, мүмкін емес нәрсе жоқ. Бастысы – сену керек, сонда ғана
мүмкін емес нәрсе – мүмкін болады, – деген облыс әкімі аймақтың әлеуеті мен
жоспарлары туралы ашық диалог құруға, пікір алмасуға әрқашан дайын екендігін
жеткізді. «Біздің аймақ – жауапты және сенімді серіктес. Бізбен жұмыс жасауға
ынталы азаматтарды белсенді әрі тиімді серіктестікке шақырамын. Біз инвесторлар
үшін қолдағы бар мүмкіндікті жасаймыз, – деп сөзін түйіндеді.

Қазіргі таңда Сыр
өңірінің экономикасында, әсіресе, ауыл шаруашылығында жағымды жаңалық көп. Егін
егіп, төрт түлікті түлетіп, өнімдерін өңдеуге белсене кіріскен кәсіпкерлер
қатары өсуде. Енді оларға жаңа нарық қажет. Бұл тұрғыда Еуразиялық экономикалық
комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Тимур Сүлейменовтің
беретін кеңесі мен мағлұматы маңызды болмақ. Басқосуда ол Қазақстан Еуразиялық
экономикалық одақтың қызметі мен талап-ережелері төңірегінде әңгімеледі. Бұдан
бөлек, біздің интеграциялық одақ – Еуропа мен дамып келе жатқан Азия арасындағы
сенімді көпір әрі ашық экономикалық қоғамдастық. Сондықтан, Қазақстан
Президентінің ұсынысымен 2016 жыл «Одақтың үшінші бір елдермен және негізгі
интеграциялық бірлестіктермен экономикалық қатынастарды тереңдету жылы» деп
жарияланды. Осы ретте «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры, «Батыс Еуропа-Батыс
Қытай» көлік дәлізі, «Бейнеу-Сексеуіл-Жезқазған» темір жолы өтіп жатқан
Қызылорда облысы маңызды роль атқармақ.

Ал «Атамекен» ҚР
ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов кәсіпкерлікті дамытудың
өңірлік картасын таныстырды. Оның сөзінше, карта өзінше бір сайт іспеттес. Оған
кез келген кәсіпкер кіріп, көкейінде жүрген барлық сауалдарға жауап ала алады.
Яғни, бұл еліміздің кез келген аймағындағы кәсіпкерліктің даму деңгейін бақылап
отырумен қатар, инвестицияға мұқтаж саланы да анықтауға мүмкіндік береді.
Еліміздің 14 облысы мен республикалық маңыздағы 2 қаланы қамтитын Қазақстанның
бизнес-картасынан бір өңірді таңдап, оның табиғи ресурстарымен, пайдалы
қазбаларымен, өндіріс ошақтарымен, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен танысуға
болады. Карта бизнес иелеріне ғана емес, кәсіпті енді бастамақ ниеті бар
адамдар үшін де жол нұсқаушы болып табылады. Өйткені, онда әрбір аймақтың
бейінді саласы, кәсіпкерлікті дамытуға арналған жағдай, жұмыс істеп жатқан
субъектілер тізімі, қаржылық және инфрақұрылымдық мүмкіндіктері, еңбек пен
шикізат ресурстары көрсетіледі.

Басқосуда баяндама
жасаған «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын сүйемелдеу орталығы»
серіктестігінің Басқарма төрағасы Әділ Өтембаевтың пікірінше,
мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі, әсіресе, қазіргі қаржылық қиындықтар
кезеңінде ел экономикасын дамытудың бірден-бір моделі ретінде қарастырылып
отыр.

– Сыр өңірі –
мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асыруда республикада алдыңғы
қатарда келеді. Қазіргі таңда облыста үш жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олар
– 500 орындық емхана, 600 орындық кәсіптік-техникалық лицей және 200 орындық
жатақхана құрылыстары, сондай-ақ, әуежайда жолаушылар терминалын салу жобасы. Бүгінде
әуежайға қатысты келіссөздер жүргізілуде, әлеуетті инвесторлар бар. Нақты
келісім жасалғанда ол туралы кеңінен айтамыз, – деді ол.

Сонымен қатар,
отырыста Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Анатолий Петренко «жұлдызды
шаһардың” экономикалық ахуалы мен инвестициялық мүмкіндіктерін тарқатты. Ол
қалада кәсіпкерліктің дамуына мүдделі екенін айтып, оған қазақстандық, ресейлік
бизнес өкілдерін атсалысуға шақырды.

Бұдан соң,
Қазақстан туристік ассоциациясының президенті Роза Асанбаева Қазақстанда туризмнің
жандануына септігін тигізетін қажетті инфрақұрылым дамығанын айтса, «Даму»
қорының төрағасы Қаныш Төлеушин сөзін ақжолтай жаңалықтан бастады.

– «Даму» қоры
Қызылорда облысында шағын және орта бизнесті несиелендіру үшін қосымша 1,5 млрд
теңге бөледі. Осы дүйсенбіден бастап кәсіпкерлер аймақтағы екінші деңгейлі
банктерге барып, бизнес үшін несие алуы­на болады, – деді.

Оның айтуынша, өңір
республикадағы аймақтардың ішінде қаржыландыру мен несие беру көлемі жағынан
да, оны толық пайыз қайтару мәселесіне келгенде де жұмысты дұрыс ұйымдастырып
отыр.

Форум барысында
перспективалық әлеуеті жоғары инвестициялық жобалар ұсынылды. Л.Н.Гумилев
атындағы ЕҰУ инновациялық паркінің директоры Владимир Ким кремний карбидін
өндіру жобасын таныстырды. «D’Alinea Solar France» компаниясының құрылтайшысы
Жан Люк Зиброу Қызылорда облысында күн-электр станциясын салуға мүмкіндік мол
екенін айтып, бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды.

Пленарлық
мәжілістің қорытындысы бойынша Қызылорда облысы әкімдігі «Глобальная
безопасность» компаниясы, Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ, «Даму» кәсіпкерлікті
дамыту қоры және SiC technology компаниясы арасында меморандумдарға қол
қойылды.

Бұдан кейін, форум
секциялық отырыстарға ұласты. Онда агроөнеркәсіп кешенін дамыту,
мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, шағын және орта бизнес пен туризмді дамыту
мәселелері қаралды. Сонымен қатар, әріптестік қатынасты нығайту мақсатында
бірқатар меморандумдарға қол қойылды.

Ал бүгін қонақтар
Қорқыт ата кешені мен «Байқоңыр» ғарыш мұражайлық кешенін тамашалауға барды.
Мұнан бөлек, форум қатысушылары «Қамыстыбас» сауықтыру кешенінің ашылу
салтанатына қатысты.

 

Дәурен ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз