ИСЛАМ ДІНІ – БЕЙБІТШІЛІК БАСТАУЫ

90

0

ИСЛАМ ДІНІ – БЕЙБІТШІЛІК БАСТАУЫСәрсенбі күні Қызылорда қаласында «Ислам діні – бейбітшілік
бастауы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғылыми басқосуға
облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және өңіріміздегі ислам дінінің дамуына қатысты зерттеу
жасап жүрген мамандар, берісі Астана мен Алматы, Қазақстанның аймақтарынан, әрісі
Ресей, Түркия, Өзбекстан мен Қырғызстаннан арнайы келген дінтанушылар, теологтар,
сарапшылар қатысты.

Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрын­да өткен конференцияның
пленар­лық мәжілісінде облыс әкімі Қ.Көшербаев айтулы жиын мәні зор, маз­мұны ерекше
шара екендігін айтты. Себебі, діннің адам, қоғам және мемлекет өміріне деген әсері
уақыт өткен сайын күшейіп келеді.

– Сыр елі – түркі халықтарына ортақ, ұлы тұлға Қорқыт бабаның
өмір сүріп, мәңгілік мекен тапқан жері. Сыр бойының тарихы мен мәдениеті тек шайырлар
мен ақындар, батырлар мен билер ғана емес, сонымен қатар, дін таратушы қайраткерлер,
атақты абыз-ахундар мен ишандар шыққан киесімен де ерекше. Біздің исламды өз дініміз
деп танып, құбылаға бет бұрғанымызға он екі ғасыр болыпты. Осы аралықта діннің дәуірлеуін
де, құлдырауын да, оның игілікке бастар қасиетті қуатын да, зұлымдықтың құралына
айналған қасіретін де көрдік. «Дін – ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің”
деген қазақы нақыл – жалпы адамзат тарихындағы діннің бар болмысы екендігіне көз
жеткіздік, – деген облыс әкімі, елдегі және әлемдегі діни ахуалды сараптады.

Бейбітсүйгіш Франция елін дүрліктірген және Мали мем­ле­кетіне
лаң салған дін атын жа­мылған содырлардың әрекетін сынға алды. Олардың кесірлі істері
асыл дін – исламға үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын айтты. Лондонның бейбітшілік
және экономика иститутының мәліметінше, 2015 жылы терроризмнің салдарынан қаза тапқандардың
саны 80 пайызға өсіп кеткен. Яғни, 32 мыңнан астам адам. Осы тұрғыда ең қауіпті
елдердің қатарына Ирак, Нигерия, Ауғанстан, Пәкістан және Сирия жатқызылды.
Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы қарулы қақтығыстардың салдарынан шамамен 13
миллион бала мектепке барып, білім алу мүмкіндігінен айрылып отыр.

Ислам дінінің ішіндегі радикалды ағымдардың әлемнің
түкпір-түкпіріндегі осындай озбыр әрекеті дүниені дүрліктіріп отыр. Ең
өкініштісі, бұл жағдай табиғаты бейбітшіл Ислам дініне көлеңке, оны ұстанушы
ізгі ниетті миллиард жарым адамның көңіліне қаяу түсіруде.

Осы ретте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Елбасының сарабдал
саясаты арқасында бүгінде Қазақстан әлем мойын­даған мәдениетаралық және
конфессияаралық сұхбат алаңына айналғанын атап өтті. Ал Астана қаласында 2003
жылдан бас­тап тұрақты өтетін әлемдік және дәстүрлі дін жетекшілерінің съездері
еліміздің әлемдік бейбітшілікке қосқан зор үлесі ретінде жоғары бағалануда. Осы
съездің бірінде Елбасы: «Жаратушы – жалғыз, дүние – ортақ, аспан асты – кең,
ендеше, біз бір атаның баласы, бір ананың перзентіндей бір-бірімізбен
береке-бірлік пен ынтымақта өмір сүруіміз керек», – деп әлем халықтарын
бейбітшілікке шақырған болатын.

– Қазіргі уақытта ислам дініне түрлі «измдерді» таңып, теріс
көзқарас қалыптастыруға әрекеттенушілер аз емес. Олар біздің елде де бар.
Сондықтан, біз өз азаматтарымыздың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ете отырып,
өз дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін жат қоғамдық нормалар мен әдетке
үндейтін әрекеттерге қарсы тұра білуіміз қажет, – деп сөзін түйіндеді аймақ
басшысы Қырымбек Елеуұлы.

Жалпы, Сыр өңіріндегі діни ахуал тұрақты деп сипатталады.
Биыл жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға сүйенсек, респонденттердің 90 пайыздан
астамы «тұрақты» деп бағаланған. Сондай-ақ, қазіргі таңда «Нұр-Мүбарак» университетінде
сырбойылық 48 шәкірт білім алуда. Оның ішінде 11 студенттің оқу ақысы мен
жатақханасына бюджеттен тыс көздер арқылы қаржылай демеушілік жасалынып, өңір
мешіттерін білімді теологтармен қамтамасыз ету мәселелері шешілуде.

Конференцияда сөз алған ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігі
Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбектің айтуынша, елдегі
діни ахуал да тұрақты. Десек те, ел арасына жік салып, бүлік жасағысы келетін
әсіредіншіл кесірлі күштер бар. Мәселен, 400-ден астам отандасымыз шетелге
қарулы қақтығыстарға кетіп қалған.

– Сондықтан ұлттық қауіп­сіз­дікке қатер төндіретін топтарға
белсенді күресу керек. Бұл бағытта Қазақстанның тәжірибесі жинақталды. Елімізде
адамдардың діни сауатын арттыру, жат ағымдарға қарсы имунитетін қалыптастыру
мақсатында көптеген жұмыс жүргізілуде. Террорлық топтардың жетегіне еруінің
басты себебі – діни-құқықтық сауатсыздық. Сол себепті, жастарға, халыққа
түсіндіру үшін 420-ға жуық ақпараттық-насихаттық топ құрылған. Аймақтардағы
діни басқармалардың жанында дін проблемаларын зерттейтін орталықтар жұмыс
істейді. Әр жоғары оқу орнының жанынан «Қыз Жібек» клубтары ашылып, әйелдерге
діни мәселелер, ұлттық тәлім-тәрбие жан-жақты түсіндірілуде. Сондай-ақ,
интернет кеңістіктегі қауіпті діни ағымдардың насихаттық беттерін бұғаттау да
аса маңызды, – деген Ғабит Мұхамеджанұлы сөзінің соңында терроризмнің
салдарымен емес, оның алдын алумен айналысып, күрес жүргізу әлдеқайда тиімді
екенін жеткізді.

Сонымен қатар, «Нұр-Мү­ба­рак» Египет Ислам мәдениет уни­вер­ситетінің
ректоры Жуда Абдулғани Басюни ислам діні әлем­ге тек бейбітшілікті үндейтінін
айтты.

– Әлемнің бейбіт өмір сүруіне ислам айрықша мән береді. Алла
Тағала елшілерін де осы ұлы мақсатпен жібергені анық. Бейбітшілік немесе
тыныштық тек белгілі бір адамдар немесе ру, тайпалар арасында емес, керісінше
әлем деңгейінде болуы қажет. Ислам діні бейбітшілікті ұлы шыңға көтерді. Мұның
дәлелі Алла Тағала Өзінің көркем есімдерінің бірін «Сәлем», яғни «Бейбітшілік»
деп Құран Кәрімде айтып, білдірді. Ислам бейбітшілікті үндейтіні тас төбемізде
күннің жарқырап тұрғанындай айқын, – деп сөзін түйіндеді теолог.

Қазақстан Мұсылмандар діни бас­қармасының шариғат жә­не пәтуа
бөлімінің басшысы Сансызбай Шоқанов та ислам ешқашан қантөгіске, біреудің ақы­­сын
жеуге шақырмайтынын, ел­дің тыныш­тығын бұзатын дау-жан­жалға, іріткі тудыруға
қатаң тыйым салатынын жеткізді. Өйткені, ғасырлар бойы ислам дінін ұстанып келе
жатқан ата-бабамыздың мәдениеті мен болмысынан тек мейірімділік пен
кешірімділікті, адамгершілік пен әділдікті байқайсыз. Сол қасиеттерді өзіміздің
бойы­мызға дарытуымыз керек.

 

– Ислам – тек догмалық сыртқы құлшылық діні емес, ол Отанды,
елді сүюге, қоғамдық тәртіптерді сақтауға, адамдармен тату-тәтті жақсы
қарым-қатынаста болуға тәрбиелейтін дін, – деді Сансызбай Шоқанов.

Бұдан бөлек, конференцияда Қазақстандағы Түркия Республикасы
елшілігінің дін істері жөніндегі кеңесшісі Йылмаз Ибрахим «Исламның басты
ерекшеліктері, бүгінгі күнгі қауіптер және оны шешу жолдары» тақырыбында
баяндама жасады. Оның айтуынша, ислам адамдарды бауырмалдыққа, мейірбандыққа
үндейді. Бұл жайында Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың «Пақырды, міскінді тұл жетімді
тап та, дертіне шипа бол! Мұсылман болмаса да, ешкімнің көңілін жықпа, себебі,
көңілдерге қаяу түсірген жан Алланы да ренжітеді», – деген сөзін дәлел ретінде
келтірді. Бұған қоса, ол көпшілікке Қазақстан топырағында ғұмыр кешкен Фараби,
Марал ишан сынды ілім иелерінің жолы ақиқатқа жетелейтінін айтты.

Йылмаз Ибрахим діни сауаттылықты арттырып, жат діни ағымдарға
қарсы күресудің жолдарын ұсынды. Атап айтсақ, арнайы мамандарды дайындау, діни
институттар мен діни білім ошақтарының құрылыстарын салу, діни білім беру
барысында заманауи әдістерді қолдану, діннің дұрыс түсіндірілуіне қатысты
арнайы тексеру жұмыстарын жүргізетін топ құру туралы ұсыныстарын ортаға салды.

Ал Ресей Орталық мұсылмандар басқармасының өкілі Артур
Ахмеров діни радикализм мен терроризмге қарсы төтеп беретін үш ұстынды атады.

– Біріншіден, мұсылман баласы Ханафи мәзһабын басшылыққа алуы
керек. Екіншіден, елінің және ата-бабасының тарихы. Үшіншісі – ұлтының исламмен
біте қайнасып кеткен салт-дәстүріне берік болу. Осы үшеуін кеудесіне жақсылап
тоқып алған жан көрінген көк аттының уағызына елітіп кетпейді, – деді Артур
Юрисович.

Халықаралық Түркі академиясының ғылыми сарапшысы, тарих
ғылымдарының докторы Гайбулла Бабаяров болса, Оғыз мемлекетінің тарихына
үңіліп, хандардың монеталарындағы ислами нақыш-өрнектердің бейнеленуін сөз
етті. 7-8 ғасырларда ислам дінінің түркі жұртына тарала бастауы қолөнер
шаруашылығына да әсер етті. Яғни, түркі қолөнері араб қолөнерімен үндесіп
кетті. Хандар мен қағандар монеталар жасатқанда өз дәстүрін сақтай отырып,
ислами нақыштарды қабылдады. Мәселен, Сырдария өзені мен Арал теңізінің
маңайынан оғыз хандарының монеталары табылған. Онда «Жабгуйа әл-Гуззийа» деп
арабша жазылған.

Ғылыми жиынның соңында Қырғыз Республикасының мемлекеттік дін
істері комиссиясының сектор меңгерушісі Дамира Құсейінова өз мемлекетінің дін
саласындағы саясатын баяндап берді. Оның айтуынша, Кеңес одағы ыдыраған тұста
қырғыз елінде 39 мешіт болса, қазіргі таңда 2814 діни ұйым қызмет етуде. Оның
2422-сі исламға, 380-і христианға, қалғаны буддизмге, еврей және бахаи қоғамына
тиесілі. Айырқалпақты ағайыннан келген өкілдің сөзіне қарағанда, діндердің
бұлай қанат жаюы – ел ішінде жүргізілген либералды саясаттың нәтижесі.

Конференцияның пленарлық отырысынан кейін Ә.Тәжібаев атындағы
облыстық әмбебап кітапханасында секциялық отырыстар өтті. Онда ғалымдар дін
мәселесіне қатысты тұшымды ойлары мен ұсыныстарын білдіріп, діни терроризм мен
экстремизмнің қауіп-қатеріне қарсы тұрудың ғылыми-идеологиялық тәсілдерін
пысықтады.

 

Дәурен ОМАРОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз