Италия жасыл энергетикаға басымдық береді

69

0

Италия жасыл энергетикаға басымдық бередіИталия EXPO 2017 көрмесіндегі павильоның қонақтарына айқара ашты. Қазақ жерінде 20-ға жуық компаниясы бар елдің баламалы қуат өндіру ісіндегі озық жобалары көрме аясында таныстырылмақ.
Ресми Рим ұлттық павильондарын ерекше ыждаһаттықпен безендірген. Бұл жұмысқа «Астана Опера» театрын жобалауға қатысқан танымал италиялық сәулетші Паоло Дезидеридің өзі жетекшілік еткен.
Көрме алаңының жалпы аумағы – 900 шаршы метр. Онда келушілерге 1940 жылдардан бастап, бүгінге дейінгі энергетика саласында жеткен жетістіктер туралы баяндалады. Павильон 4 бөліктен тұрады. Әрқайсысы энергия саласында өзіндік із қалдырған италиялық ғалымдардың есімімен аталады. Тақырыбы да алуан түрлі. Ақпарат бейнематериал түрінде беріледі. Есімі елімізге танымал сәулетші Паоло Дезидери, «Біз бірінші кезекте келушілерге Италияның тарихынан, мәдениеті мен дәстүрінен хабар беруді көздейміз. Көрмеге қойылатын  жобаның барлығына үлкен шығармашылықпен қарадық. Виртуалды түрде жасалған жұмыстар да жұртшылыққа ерекше әсер қалдырады деген ойдамыз», – дейді.
Италия жасыл энергетикаға басымдық бередіИталия – қазақ елінің EXPO-ға шақыруын бірден қабыл алған мемлекет. Энергетикалық сектордағы 20 ірі компания осы саладағы өз жетістіктерін көрсетуге дайын отыр. Италия ежелден баламалы энергия көзін қолдайды. Себебі бұл ел  өзгелер сияқты мұнай, газ қорымен мақтана алмайды.
Италия экономикалық даму министрінің орынбасары Иван Скальфаротто, «Біз жасыл энергетикаға басымдық береміз. Осы бағытта жасалып жатқан италиялық технология әлемде үздік деп танылып жатыр. Бүгінде үлкен сұранысқа ие. Баламалы энергиядан алынатын жарық бағасы да қолжетімді. Біз Қазақстан тарапына алғыс білдіреміз. Бұл тәжірибе алмасудың, жасыл энергетиканы насихаттаудың бірден бір жолы болмақ», – деді.
Италия іскерлері EXPO-2017 халықаралық көрмесіне қатысушы мемлекеттердің бірқатарымен іскерлік байланыс орнатып, тиімді келісімшарттар жасауға ниетті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз