ҚИЫР ШЫҒЫСТАН КЕЛГЕН КЕЛІН

236

0

ҚИЫР ШЫҒЫСТАН КЕЛГЕН КЕЛІНБіздің қазақтың өлшемімен алғанда жердің шеті саналатын, Кеңес одағының Тынық мұхи¬тына ашылған қақпасы – Владивосток шаһары соғыстың соңғы жылдарында Мәскеуден 9172 ша¬қырым қашықтықта болса да, қайнаған тіршілік мекеніне айналған аймақ орталығы еді. Төңкеріске дейін мұнда 65 мыңға жуық халық тұрды. Ал 1940 жылдары тұрғын саны 210 мыңнан асып, 200-ге жуық өнеркәсіп орны қарқынды жұмыс атқарып тұрған алып қалаға айналды.
Бұл ұлы Сібір теміржолы мен Тынық мұхитына теңіз жолы арқылы шығатын портымен аты әлемге әйгілі, ғылым мен мәдениеттің орталығы, әскер күші мен өнеркәсібі қарыштап дамыған сәулетті шаһар болатын.  
Көктем мен жазда жауын көп жауғанымен, күзде ашық, тынық ауа райы қысқа қысында жанға жайлы табиғатымен ерекшеленетін. Теңіз жағалай 20 шақырымға созылған теміржолдың бойымен жүре қалсаңыз, құрлық беті емен, қарағай, қайыңы мен ақтерегі көк тіреген қалың орман. Маньчжурия жаңғағы, жабайы жүзім бағымен көмкерілген теңіз жақ беті майда алтын түсті құм төселген жағажайлары, парк, емдеу, сауықтыру орындарының әсемдігінен көз тұнатын жер шетіндегі ұжымақ қала.
Теңіз беті Сталиннің тапсырмасымен жапон басқыншыларына  қарсы құрылған Тұнық мұхит әскери-теңіз флотының балық, тіпті кит аулайтын флотилия кемелерінен көрінбейтін. Біздің кейіпкеріміз 19 жасар Елена бойжеткен – осы жергілікті жердің тұрғыны. Ол бойының аласалығына байланысты майданға бара алмады. Алайда, хат тасу, почта жұмысының күндіз-түні бітпейтін тірлігі арқылы жеңісті жақындатуға үлес қосты. 
Еліктің лағындай елгезек жанды қызметтестері өте жақсы көретін. Теңізге тірелген әсем қаланың тұрғыны Елена жұмыстан қолы босағанда  жағалауға соққан теңіз толқындары мен шағаланың азан-қазан шуымен  жарыса өлең оқығанды ұнататын. Жас жүрек желкенін жайған кеме жолаушыларын күтетін.
Портты қалаға өнер адамдары көп келетін. Гастрольға келген сыған труппасының  көзі от шашқан  сұлу әншісі: – Ей, ұзын шашты сұлу! Мен саған бір ақыл айтайын, тыңдайсың ба? – дегені есінде. Тізесіне түскен алтын түсті сары шашын сипап тұрып: «Мына шашыңды жинап жүр, біреу қырқып алар. Шашың қырқылса, бақытың келте болар», – деп еді сонда.
– Ұзақ өмір сүресің, ұлты да діні де басқа елдің жігітімен тұр¬мыс құрасың. Өмір бойы көшіп жүресің. Терезесі төбесінде орна¬ласқан үй тұрағың болар, – деп бұрылып кете берді. Бойжеткен өзін бөгде елге алып кететін жігіт осы теңіз арқылы келетіндей көрінетін.
Төрт бірдей баласын соғысқа ат¬тан¬дырған Максим қарт пен Анна¬ның көзінің ағы мен қара¬сындай қызы да, ұлы да Лена еді. Етік тігудің шебері Максим бозбала шағында революция жұмысына да араласқан-ды. Ұлы Отан соғысының алдында ғана Владивостокқа ағылған көппен бірге осында қоныс аударған. Негізі, Енисей губерниясы меңіреу деревняларының бірінің орысы. Жас кезінде В.Ленинді көріп, етігінің ұлтанын жамап, азық-түлігін тасып қызмет көрсеткенін жырдай етіп әңгімелейтін. Ленин айдаудағы жылдарын «боль¬шевиктік партия про¬граммасының ¬жобасын әзірлеген, ең өнімді жұмыс жасаған жылдарым» деп бағалаған ғой. Астыртын революциялық ұйымдар құ¬рып, орыс шаруалары мен жұмыс-шыларының  Россияның алыс түкпіріндегі жай-күйін жан-жақты зерт¬тегенін кешегі кеңестік кезеңде дүниеге келген ұрпақ тарихтан  жаттап өсті.
Сондай жиындарда көсемнің жалынды сөздерін тыңдап өскен Максим революция жұмысына ¬белсене араласты. Ешнәрсені көзі¬нен таса етпей¬тін, кіммен болса да тіл табысқыш В.Ульянов ¬Максимге ерекше ықыласты еді. Оңашада көсем бұған «үйленген соң ұлыңның атын Володя, қызды болсаң, Елена қой» деп айтудан жалықпайтын. Кейін Максим көсемге деген құр¬меттің бел¬гісіндей  ұлын – Владимир, қызын  Елена атаған-ды.
Біздің бала кезімізде үлкендер: «Шебер құдай, адамның айтқаны емес, тағдырдың жазуы болады» – деп айтып отырушы еді. Алла¬ның шеберлігінің бір дәлелі бол¬ған оқиғаның келесі кейіпкері Жалағашта туып, балалық шағын Қызылордада өткерген Әбді¬рах¬ман Келмаханұлы еді. 1931 жылы 12 ¬жасында осы қаладағы бастауыш сыныптан білім алған Әбекең қара жұмысқа ерте араласады. Теміржолды жағалап өзек жал¬ғаған, байланыс саласының жұ¬мысына бейімделеді.
Ол 1942 жылы 12 жел¬тоқсан¬да әскерге ша¬қы¬рылып, 193-мино¬метшілер полкында ¬байланысшы болып ұрысқа кіреді. Неміс бас¬қын¬¬шыларын өз ¬апанында талқан¬дау ұрыстарына дейін қатысқан. «Жаз¬ған құлда жазық болмай», Қиыр Шығыстағы соғысты да жеңіспен аяқтап, 1946 жылы 28 қыркүйек күні әскерден босап, елге қайтуға рұқсат алады. Белгілі қаламгер Мырқы Исаевтың «Боздақтар» кітабын¬да оны 1945 жылы тамыз айынан хабарсыз кеткендер санатына жатқызуы, елге келе алмай қалуынан болса керек. Владивостокта әскер шинелін бейбіт еңбекке ауыстырған Әбдірахман Келмаханұлы елге қай¬туға асыға қойған жоқ-ты. Елдің соғыстан кейінгі жағдайы белгілі, біріне тартса, біріне жетпей жатқан жоқшылық. Бауыры Есіркеп соғыста хабарсыз кетті. «Көппен көр¬ген ұлы тойдың» ортасындағы анасы Ақжанға ай сайын хат жазып, сәлемдеме салып тұрады. Қайнаған өмір, қаптаған жұмыс. Елге қоңданып, қор жинап қайтпаққа ниеттенген қазақ жігіті портқа жұмысқа орналасады. Күш-қуаты тасыған 27 жастағы жігіт жұмыс таңдамай, тапсырған істі жапырып атқара берді. «Туған ай, туралған ет», ай артынан ай жылжып, екі-үш жыл өте шықты. Бойы да, ойы да түзелген жас жан-жағына көз сала бастады. Аласа бойлы, алтын түстес шашты Еленамен алғашқы танысқаннан-ақ өзінің өмірлік сыңарын тапқанына сенімді болды. Туған жерге деген сағынышты Қиыр Шығыстың сары қызы басты. Арқандалған аттай ауылға қайту жоспары кейінге ысырыла берді. Қыздың әке-шешесіне барып, қалған ғұмырын Еленамен бірге болуға бел буғандығын айтып, батасын сұрады. Көзінің ағы мен қарасы – жалғыз қызының тілеуін тілеген жандарда басқа қандай ниет болсын, бақыт тілеп батасын берді. Қайын атасы Максим бақиға аттанған соң бұл Еленаны елге қайтуға үгіттей бастады. Анасы Анна: «қартайған шағымда сүйегімді салдыратып мені қайте¬сіңдер, шалымның жанында қа¬лайын», – деп ырық бере қоймады. Жас жұбайлардың алғашқы пер¬зенті Рима жасқа жетпей шетінеп кетіп, 1951 жылы дүниеге келген қызының есімін тағы да Рима деп қояды. Сәби бір жасқа толғанда кәрі анасының келісімін алып, бұлар туған жерге бет алады. 
Владивостоктан шыққан шабан поезда арада бір күн өтпей жатып Анна шешей қатты науқастанып, жолдағы бір үлкен бекеттен түсіп қалып, оны ауруханаға жатқызуға тура келді. Қарт ананың тілеуі қабыл болып, сол жерде бақилыққа аттанып, туған жерінің топырағы бұйырады. Бар асылдарын сатып, анасын жерлеп, жас нәрестесімен екі жас елге бет түзеді.
Бұлар Қызылордаға келісімен қала іргесіндегі жаңадан құрылған  Жамбыл колхозына қоныс тепті. Сағынған баласын бауырына бас¬қан Ақжан ананың қуанышынан гөрі ұлты басқа келінінің келешегіне деген күдігі ұлғая береді. Өмірі есек көрмеген жас келін оның ақырғанын алып овчарка ит қуды деп бір дүрліксе, қазан асып, шай қойып ішу, ыдыс-аяқ атауын жаттау қиынға соғып, үйдегі төрт жан бір-бірімен тілмаш арқылы сөйлесіп, тіл табысу қиынға түсті. Бірақ, жас¬тайынан еті тірі, пысық болып өскен Лена барлық қиындыққа шыдап бақты. Тауық өсіріп, жұмыртқа жиып, бақша өнімін базарға шыға¬рып, сауданы сауып, қарт енеден бастап үсті-басы бүтінделіп, үйдің берекесі кіре бастады. Колхоздың басқарма төрағасы Ким Дик Маннан бастап ауылдағы көп маман корей ұлтынан еді. Еленаның тіл білуі көп жұмыстың иін қандырып, отбасының ұйытқысы болған орыс келіннің ауыл-аймаққа да жақсы аты шыға бастады.  
Елена бұған қоса пошта жұ¬мысын атқарып, қоғам жұмысына белсене араласты. Ал Әбекең жазда алма бағына сушы, қорықшы болса, қыста арба айдап отын-шөп тасып, колхоз жұмысын дөңгелентіп әкетті. Елуінші жылдардың соңында бір отар қой алып, қыста Қызылға, жазда Сарысуға жайлауға шықты. Қой бағып, қоралы жан, үш қыз, үш ұл өрбіген үлкен Отанға айналды. Баяғы сыған әншінің айтқаны келіп, терезесі төбесінде, түндігі түрулі, түтіні түзу, қараша үйді мекен етіп, көшіп-қонумен он екі жылы тағы өтті. 
Мал баққанға бітеді. Абырой¬сыз бола қойған жоқ. Кейін зей¬неткерлікке шыққан соң да қол қусырып отыр¬мады. Бүкіл Бесарық халқы ¬корей ағайындардан егін салып, жерден ырзық-несібесін ¬айыруды үйренсе, бақ¬ша өнімдерін тұздау, консервілеу, жеміс-жидек¬тен тосап жасауды осы Елена Максимқызынан үйренді. Ол кесте, шұлық, қолғап, шағын алаша-кілем тоқу, көрпеше көктеудің хас шебері болатын.  
Ерін «пірім» деп құрметтеген Елена ислам дінін қабылдап, тілін калима шаһадатпен бекітіп, өмірден өткенше харамға жоламай өткен жан еді. 1 Мамыр мен Жеңістің 72 жылдығы секілді бірлігі ұйысқан елдің мерекелері тоғысқан тұста Бесарық ауылында елеусіз ғұмыр кешкен жандар туралы ұрпақтар санасында сақталған естелікті қайта жаңғыртуды жөн санадық. 
Мұны ұлты бөлек болса да тағ¬дыр қосып, тілегі тоғысқан жандардың махаббатқа бойланған бақытты жылдары дейсіз бе? Әлде, қиындығы көп болған -сайын өмірге, жарға, балаға деген ыстық ықыластың арта түсетіндігін дә¬ле묬деген өмір жолы дейсіз бе? Оны патша көңіліңіз білсін, ойлы оқырман. 
Анығы, бұл жандардың өмірі¬міз босқа өтті деп өкінбегені. 
Жұмабай  БАЙЗАҚҰЛЫ. 
Сырдария ауданы,
Бесарық ауылы. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз