Келбетін күн сүйген көркем шаһар

66

0

Келбетін күн сүйген көркем шаһарЕкі ғасырлық тарихы бар Қызылорда қаласы тәуелсіздік жылдарында сәулеті келіскен, дәулеті тасыған көркем шаһарға айналды. Аймақтағы жаңашыл бастамалардың көшін бастап, экономиканың барлық салаларындағы өзгерістердің алдыңғы шебінен көрінді. Қаланың аумағы ұлғайып, халқының саны артты. Мектептер мен балабақшалар, медициналық мекемелер мен мәдениет үйлері, парктер мен демалыс орындары, спорт залдары мен кәсіпкерлік нысандар, көпірлер мен тұрғын үйлер, сауда үйлері мен  ойын-сауық орындарының саны еселеп өсті.   
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  қалада жалпы ауданы 8160 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биылдың өзінде 80 көпқабатты тұрғын үй салынды. Облыста салынып жатқан құрылыстардың 80 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде. Соңғы 3 жылдың ішінде Қызылордада жаңадан  11 шағын ауданның бой көтеріп, 7 мыңға жуық отбасының жаңа пәтерге ие болуы мыңдаған отбасының берекесін арттырды.
Қаладағы 54 мек­тептің 22-сі, 26 мемлекеттік бала­бақ­шаның 18-і тәуел­сіздік жылдарында пайдалануға берілген. Мұнан бөлек, 194 жеке балабақша жұмыс жасауда.
Қызылорда қаласының бас жоспарының бекітілуі де тәуелсіздік жылдарында жүзеге асты. Бас жоспарда қала дамуының басым бағыттары айқындалып, комму­налдық шаруашылық және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту қарас­тырылды. 
Қызылорданың жақын болашақтағы даму үрдісі әлемге аты әйгілі қалалардың, ел байтағы – Астананың үлгісімен Сырдария өзенінің сол жағалауына қарай бағытталмақ. Жоба бойынша Сырдария өзенінің сол жақ бөлігінде этно-мәдени орталықтар, әлеуметтік нысандар, сауда, сауықтыру орындары мен қонақ үй кешендері және басқа да бизнес орталықтар салу көзделген. Жалпы қаланың сол жағалауын дамыту барысында қазақтың ұлттық және шығыс пен классикалық сәулет өнерінің элементтері қолданылады. Жоба іске аса бастағанда Сырдың бас қаласы бүгінгіден де басқа жаңаша келбетке ие болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз