КЕЛІСІМ – ӨРГЕ БАСТАЙДЫ ЕЛ ІСІН

73

0

Жұмыс кестесі тығыз болды. Облыс делегациясы әрбір минутты ұтымды пайдалануға тырысты. «Аққала» индустриялық аймағының жұмысымен танысты, жаңа технологияларды көрді, мүмкіндіктерді саралады. Әлбетте, тарихымыз терең халықпыз, әрбір шет елде қаракөздеріміз бар тағдырдың талайымен тарыдай шашылған. Иранда да сондай қаншама отбасы өмір сүруде. Делегация Гүлістанда тұратын қазақ диаспорасымен кездесіп, қазақ елінің жаңалықтарымен бөлісті.
Мазандаран провинциясында губернатор Рабие Фаллах Джелоудорының қабылдауында болып, «Гаре Бурун» кооперативінің бекі-ре тұқымдас балық өсіру және уылдырық әзірлеу жұмыстарын көріп, сүт өнімдерін шығаратын «Kale Dairy Company» компаниясының жұмысын көзбен көрді. Мазандаран провинциясында да бизнес-форум ұйымдастырылып, ортақ жобалар бойынша меморандумдарға қол қойылды.
Осы ретте бір жаңалық. Қараша айында ирандық кәсіпкерлер «Байқоңыр» инвестициялық форумына қатысу үшін және қол қойылған меморандумдар бойынша жұмысты бастауға арнайы Қызылорда облысына келетін болды.
Айта кету керек, биыл Иран Ислам Республикасына «Торем Хошеми» сортынан 60 тонна күріш экспорттау жоспарлануда. 2020 жылға қарай ирандық күріш алқаптарын 5 мың гектарға дейін ұлғайтып, экспорт көлемін 8 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Осы тектес бірлескен шара жүгері егіп, өңдеуге қатысты да жүргізілетін болады. Төрт түлікке қатысты да келісім бар. «Фарагир Инчеборон» ирандық компаниясымен мал экспорттау бойынша іскерлік байланыс орнатылды. Еске сала кетейік, тамыз айында «Күшімбаев Агро» кооперативі Иранға мал басының алғашқы партиясын жіберген болатын, яғни 812 бас. Биыл жыл соңына дейін тағы 10 мың түлік жіберу жоспарланып отыр. Өндіріс, өңдеу бойынша өңірімізде ирандық әріптестермен ет комбинатын және жеміс-жидектерді сақтау, жеткізу мақсатында сауда-логистикалық орталық салу көзделуде.
Міне, Иран Ислам Республикасына жұмыс сапары барысында осындай толымды тірліктер тізбесін құрайтын келелі келісімдерге қол жеткізілді.
Салтанат ШАХАНОВА.
Облыс әкімі баспасөз хатшысының міндетін атқарушы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз