КЕН БАРЛАП, КЕНІШ ТАПҚАНДАР

241

0

КЕН БАРЛАП, КЕНІШ ТАПҚАНДАР
КЕН БАРЛАП, КЕНІШ ТАПҚАНДАР
Біздің облыста басқа өңірлермен салыстыр¬ғанда геологтар¬дың қауымдастығы бірлесе жақсы жұмыс істейтінін ерекше атап өтуге болады. Олардың қатарында жер қойнауынан тіршілік нәрі – суды, қара алтын –мұнайды, көгілдір отын – газды, атом өндірісінің өзегі – уранды және басқа да пайдалы қазба байлық түрлерін іздеу¬шілер топтасқан. Аймақтағы жер қойнауын барлаушыларда кәсіптік мерекесін бірлесіп өткізу дәс¬түрі қалыптасқан. Мейрам кезінде ардагер геологтарға сый-құрмет көрсетіліп, еңбегімен көзге түскендер марапаттарға ие болып жатады. Сонымен бірге, мекемелер өзара байланыстарын арттырып, тәжірибелерімен бөліседі. Жыл сайын осы саладағы бір компания кезегімен мерекелік шараны ұйымдастыруды міндетіне алады. Міне биылғы жылы бұл міндет «KAZPETROL GROUP» ЖШС еншісіне тиіп отыр. Сондықтан да осы компанияның бас геологы Александр Приваловпен кездескенімізде аталған компанияның саладағы атқарып жатқан жұмыстарына қанығуды мақсат тұттық. 
Әуелі бас геологтың еңбек жолына қысқаша тоқтала кетелік. Александр Семенович 1980 жылы Қазақ политехника¬лық институтының мұнай факультетін тау-кен инженер-геологы мамандығымен бітіргеннен бастап Батыс Қазақстан облысындағы мұнай-газ барлау экспедицияларында жұмыс атқарады. Кәсіби мамандығының барлық сатыларынан өткен ол 2001 жылдан бері Қызылорда облысында еңбек етуде. Алғашқы кезде «Ай-Дан мұнай» АҚ-ның бас геологы қызметін атқарса, 2007 жылдан бері KAZPETROL GROUP» ЖШС-нда осы лауазымда еңбек жолын жалғастыруда. 
Әңгіме барысында ол компаниясының тарихына тоқталып кетті. Ол 2006 жылы құрылған. Компанияны құруға бастамашы болған, оның құрылтайшыларының бірі, бүгінде директорлар кеңесінің төрағасы Оразхан Қарсыбеков. Ал бас директор болып тағайындалған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі 25 жастағы Бақыт Тоғызбаев болатын. Егер ол дайын нәрсеге келсе, онда әртүрлі ойларға берілуге болар еді. Бірақ ол қызметіне тағайындалғанда кеңсе де, ұжым да болмаған еді. Барлығын таза қағаздан бастауға тура келді. Ал енді он жылдан аса уақыт өткенде аймақтағы, тіпте елдегі деп айтуға болар, ең жас мұнай генералы қалыптасты деп сеніммен айта аламыз дейді осы орайда әріптесі. 
2006 жылы компания ҚР Энергетика және минералды ресурс¬тар министрлігімен ХХІХ-38 блогының С, D, Е аймақтарының бірқатар бөліктерінде мұнай және газға барлау жасауға және өндіруге келісімге отырады. Ал ҚР Пайдалы қазбалар қоры жөніндегі комиссияның 2005 жылғы анықтамасы бойынша аталған аймақта минералды тыңайтқыш қоры жоқ деп саналып, ол мемлекеттік балансқа тіркелмеген болатын. Келісім жасалған территория Торғай ойпатының оңтүстік-батысында, Сырдария ауданының аумағында орна¬ласқан. Келісім аумағынан «Құмкөл-Қарақойын» магистральды мұнай құбырымен жалғасқан «Қоныс-Құмкөл» мұнай құбыры өтеді. 
2007 жылы контракталық учаскеде сейсмобарлау жұмыс¬тары жүргізіліп, соның қорытындысына орай скважиналар бұрғылап көру туралы шешім қабылданады. Нәти¬жесінде «Таур» кен орны ашылады. Осындай іздеу жұ¬мыстары жалғастырыла келе бүгінге дейін «Таурдан» бөлек «Қайыркелді», «Оңтүстік Қайыркелді», «Солтүстік Қайыркелді», «Оңтүстік-Батыс Қайыркелді»,  «Солтүстік-Батыс Таур» және «Жолтай» кеніштері ашылған. 
Аталған кен орындарындағы өндірілетін мұнай қоры әзірге 8,5 млн тонна деп есептеліп отыр. 2017-2018 жылдарда жүргізілетін барлау және бағалау жұмыстары қорытындысымен тағы да 2,5 млн тонна қоры қосылады деген болжам бар. 
Бас геолог «KAZPETROL GROUP» ЖШС құрылып, бар¬лық жүргізілген геологиялық барлау жұмыстары мен өндіру нәтижесінде 590 мың тонна мұнай алынғанын жеткізді. Кен орындарының ашылуымен және өндірілген мұнай көлемінің арта түсуімен ұжым да өсіп келеді. Егер де 2007 жылы компанияда 31 адам жұмыс істесе, қазіргі уақытта 207 маман еңбек етуде. 
А.Привалов өз ұжымын мақтан ететінін атап өтті. Тиімді және сауатты геологтар ұжымы қалыптасқан деген ол әріптестеріне жекелей тоқталды. Геология және бұрғылау бөліміне мықты маман Ғалымжан Есетов жетекшілік жасаса, бөлімде геологиялық-геофизикалық ақпаратты өңдеу менеджері Нұрлан Дүйсенбаев, инженер-геолог Асқар Мәжитов еңбек етеді. Далалық қызметте жетекші геолог Руслан Гураев, геолог Данияр Тұңғышбаев пласттар бойынша инженер Досым Дәулетбаев жұмыс жүргізуде. 
Мұнан бөлек, дайындау бөлімінің басшысы Нұрлан Ахметов, мұнай және газ өндіру шеберлері Дәулет Ешмұратов пен Алмат Қасымов операторлар Талғат Құлбаев және Қуаныш Молдашев әрқайсысы кен орындарын ашуға өздерінің лайықты үлесін қоса білді. 
Он жыл уақыт ішінде компания 106 шақырым жол ¬салып, 50,5 шақырым 6кВ әуе желісін жүргізді. «Таур» кен ¬орнында қуаттылығы жылына 190 мың тонна, Оңтүстік Қайыркелді кен орнында 250 мын тонналық мұнай жинау және дайындау пункттерін салынып, оған 12 шақырым құбыр жүргізілген. 19 бұрғы орналастырылып, тұрғын-жай және техникалық ғима¬рат¬тардың инфрақұрылымы тұрғызылды. Осы жылдары компанияның жалпы салған инвестициясы 160 миллион доллардан асты. 
Бас геолог әңгіме барысында «KAZPETROL GROUP» ЖШС геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізіп және өз территория¬сын орнықтыру кезеңінде мердігерлік мекемелердің көптеген жұмыс орындарын ашуына себі тигеніне назар аударды. Мәселен, компанияның жол салу, бұрғылау алаңдарын тұрғызу бойынша бас мердігері «OrdaStroyService»  ЖШС-нде бүгінде 150 адам, күзет қызметімен айналысатын «Kulan Sekurity» ЖШС-нде 60-тай адам жұмыс істейді. 
Жер қойнауын пайдалану келісімінің шарттарына сәйкес компания тарапынан 10,5 млн доллар көлемінде бонус төленген. Астана қаласын дамыту қорына 1,8 млн доллар қаржы аударылды. Қызылорда облысы әкімдігі және Қызылорда қаласы әкімдігімен жасалған келісімдерге сай «KAZPETROL GROUP» ЖШС (КАЗПЕТРОЛ ГРУП) аймақ тұрғындарының денсаулығын қорғауға, білім беру, мәдениет және спорт саласын жетілдіруге, жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып келеді. Келісім жасалғаннан кейінгі төрт жылда компания Қызылорда облысының әлеуметтік экономикалық дамуына 1,9 млн доллар қаржы құйды. Ал қазіргі 2011-2017 жылдарға белгіленген келісімге сай 500 мың доллар көлеміндегі міндетін компания уақытылы және толық көлемде орындауда. 
Сөз соңында А.Привалов әріптестерін кәсіби мерекесімен құттықтап, жаңа кен орындарын аша берулеріне тілектестігін білдірді. Біз де өз кезегімізде бұл тілекке қосылдық. 
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз