КЕРЕГЕСІ КЕҢ ӘУЛЕТ

223

0

КЕРЕГЕСІ КЕҢ ӘУЛЕТШаңырақ шаттығы – ең асыл нәрсе. Ол – барлық жақсы істің бастауы.¬ Адам¬ның берекелі еңбек етіп, ортасына абыройлы болуы отбасындағы ынтымақ пен түсіністіктен бастау алады. Осылардың басты тіреуіш екендігі ақиқат. Әулеттің ауызбірлігі мен бір-бірін сыйлауы жа¬саған жиындарында байқалып қалып жатады. Қалай айтқанда да, қыз баласы жатжұрттық емес пе, «теңін тауып жатса, тегін бер» дейтін қазекем құ¬да¬ларын құдайындай сыйлап, төрінен орын ұсынып, барын алдына қойып жатады. Бәрінен де ағайын-туыстың жаңа жекжатқа деген ыстық ықыластарын айт¬саңызшы! 
Жуырда Исламхановтар отбасы қыз ұзатты. Әулеттің ортаншыларының бірі, Бақытжанның көзінің қарасы – Ақбота қызымыз тартоғайлық Рахат есімді жі¬гіт¬пен сөз жарастырыпты. Ескі салтпен үлкендердің батасын алған жастар бір ша¬ңырақ астында тіршілік етуге осылай қадам басты. Сонда ғой, ауылдастарының байланысшылар әулетінің ынтымағы мен ауызбірлігіне сүйсінгені. Үлкені бар, кішісі бар, зыр жүгіріп, тойда қызмет жасады. Бір-бірін емеуріннен түсініп-ақ, қонақтарды күтіп, қоғадай жапырылды-ау. «Тәйт» деген бөтен үн естілмеді ғой. Міне, адамдықтың алтын арқауы! 
Жақын арада тағы да бір қуанышты хабар келді. Тамсана әңгімелеп отырған отбасы аудан асып, облыста өткен «Мерейлі отбасы-2017» ұлттық конкурсының бас жүлдесін жеңіп алды. Бұл – Исламхановтар отбасы енді республикада сынаққа түседі деген сөз. Отағасы Әрібжан қария сексен жасыңыздан бір қадам асып, сексен бірге иек артып отыр. Отыр дегенді сөз салтымен қолданғанымыз болмаса, бұ кісіңіз әлі де тынымсыз, үй айналасындағы шаруаларды жайғап, немерелеріне жөн көрсетіп бір тыным таппайды. Сондықтан да қорада мал, ауласы толы жеміс ағаштары. Қайтеді, жас¬тайынан қанына сіңген әдеті болса, содан да, еңсесі еңкіш тартпай, тіп-тік жүргені. Әзірге тұмау-сымауыңа қарайлайтын әлсіз жаның бұл кісі емес көрінеді.  
– Тәшкен байланыс полите¬хни¬ку¬мы¬ның телевизиялық техника бөлімінде білім алып, сирек мамандықты игерген соң, Шиелі ауданының Н.Бекежанов ауылында орналасқан телевизиялық  ретрансляция¬ станциясында инженер болып қызметке орналастым. Сол кезде анау көрініп тұрған кіші мұнараны тұрғыздық. Бірер жылдан соң аға инженерлік лауа¬зымға көтерілдім. Ол¬ қызметті он бес жылдай атқарған екенмін. Ал өмір¬лік қосағым Назым осы мекемеде  техникалық қызметкер болып еңбек етті. Осы маңнан үй-жай салып, балаларды өсірдік. Алланың берген 10 ұл-қызы түгелдей өз орындарына жайғасты. Кешегі арық шағалап шапқылап жүретін құйтақандай құлыншақтарымның өз балаларын аяқтандырып, әулетіміздің керегесін кеңейтіп, шаңырағымызды биік¬тетіп жатқан жағдайы бар, – деп Әрібжан ақсақал мұртын бір сипап қойды. 
Назым апамыз денсаулығын нығайтып алу мақсатында алыс қалаға жол жүріп кеткен екен. Өзімен пікірлесе алмасақ та, ол кісінің қолынан өнері төгілген ісмер екенінен хабардар болдық. «Газет тілшісі келіпті» деп айналамызға үйіріле қалған келіндер мен немерелерінің әңгімесінен отанасының аса қадірлі де қарапайым жан екеніне қанықтық. Әсіресе, қолөнерге мән береді екен апамыз. Кілем тоқуды жастайы¬нан кәсіп етсе, тақыр, түкті алаша тоқу Назым апа үшін күнделікті ермегі болған кәсіп көрінеді. Өзі он бала туып-өсірген Батыр ана. Ел тәуелсіздігінен соң «Алтын алқа» иегері атанғандығы да бар.  
– Әке-шешеміз 1958 жылы шаңырақ көтерген екен, аманшылық болса, ендігі жылы екеуінің отау құрғандығына 60 жыл толады. Сол мерейлі күнді тойлаймыз ба деп дайындық үстіндеміз, – деді отбасының үлкені Серік бауырымыз. – Рас қой, қазақ бала санын айта қоймайды. Сонда да дерек дәйекті болсын деп келтіре кетейін, бұл қарияларыңыз 6 ұл мен 4 қыздан, 40 немере, 16 шөбере тәрбиелеп отырған, өсіп-өнген, мәуелі ағашқа айналды. Мұндай жетістікті атап өткеніміз дұрыс қой деп ойлаймыз. 
Серік теміржол саласында еңбек етеді. Қолы боста бал арасын өсіретін де кәсібі бар. Жұбайы Айна да – енесінен қолөнер үйренген шебер. Ал қарашаңырақтың қыз¬меті әулеттің кішісі Әлжан ініміз бен келін Индираның мойнында. Олар да 4 бірдей құлындарын өсіріп, жетілдіріп келеді. 
Иә, отбасы – шағын мемлекет. Оның берекесі мен мерекесі, сөз басында айтқа¬нымыздай, ынтымағы мен түсініс¬тігін¬де екендігі ақиқат.
Нұрмахан ЕЛТАЙ. 
Шиелі ауданы, 
Керделі ауылдық округі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз