КЕШІКПЕЙ КЕЛЕМ ДЕП ЕҢ…

191

0

КЕШІКПЕЙ КЕЛЕМ ДЕП ЕҢ...Ауылдың қарапайым баласымын, есімім – Ермек. Мектепті бітірген соң облыс орталығындағы іргелі білім ордасына құжаттарымды тапсырып, оқуға түстім.  Осы жоғары мектептің табалдырығын аттаған кезім, яғни, жайдары күз. Шаңырақтағы жалғыз бала болғандықтан ба, ата-анам қалаға қимастықпен шығарып салған-ды. Жатақханаға жайғасып алғанмын. Оқудың басталғанына бірнеше апта болған. Міне, сенбі де келіп жетті. Аңсарым ауылға ауады да тұрады. Шіркін, ауыл! Сағынышпен аңсап жетесің ғой. Ата-анаң, туған мекен, үйің, бәрі-бәрі жылы құшағын жаятындай. Әрине, мені барлығынан асыға күтіп жүрген бір жан бар. Ол менің алғашқы ғашығым – Арайлым. Мен де сағынып көрісуге асығамын. 
Сабақ аяқталуға жақындады, түс ауа қалта телефоным шырылдады:
– Алло!
– Алло, сәлем!
– Сәлем, ай шуағындай Арайлымым.
– Қалайсың? Бүгін сенбі ғой, ауылға келесің бе?
– Иә, асыға жетемін, жарығым.
– «Онда, кешікпей келемін» деп уәде берші.
– Уәде, жаным! Кешкі сағат 7:00-де бақта кез¬десейік.
Сабақ аяқталып, жатақханаға оралдым. Сағатыма қарасам – 17:00. Уақыттың қалай тез өткенін де байқамай қалыппын. Ширақ жиналып, ауылға қарай қамдандым. 
Автобус бектіне келдім. Ойым – жеңіл көлікке, яғни таксиге отырып, ауылға тез жету. Міне, көлік те орнынан қозғалды, орта жылдамдықпен жүре отырып қала сыртына да шықтық. Ауылым қаладан тым алыс емес, 50-60 шақырымдай бар. Қол сағатыма әлсін-әлсін қарап қоямын, сағат тілі тоқтаусыз жылжып жатыр. Даланың саф ауасын кеңінен жұтып, тынысым ашыла бастады. Сағат 18:40, мен уәделескен уақытқа таяп қалыпты. Кенет көлік сыр беріп, ақырын ғана жол жиегіне шығып, тоқтадық. Көңілім алабұртып, бір жамандықты сезетіндей қобалжумен болдым. Ауылға бірнеше шақырымдай жол қалған, ал сағат тілі уәделі мерзімге жақындап барады. Арайлымның: «Кешікпей келем деп уәде берші» деген сөзі қайта-қайта ойыма түседі. Көлік ішіндегі егде жастағы үш әйел далаға сырт киімдерін жайып, үстіне жайғасар-жайғаспастан әңгімені бастап кетті. Ал мен көлікті жөндеуге кіріскен жүргізуші жанында тағатсыздана күтіп тұрмын. 
«Сағаттың тілін ұстап тұратын күш болса ғой, шіркін!» Кенет жол бойымен үлкен жүк көлігінің келе жатқанын көзім шалды. Дереу жолға шығып, сол көлікті тоқтатуға тырыстым. Арайлымның бір ауыз сөзі санамнан шығар емес. Ауылға дейін жолай мініп алдым. Санамда: «Әйтеуір, кешікпей жететін болдым» деген ой ғана болды. Көлік жүргізушісі маған көз қиығымен қарап, күліп қояды. Ал мен бақта күтіп отырған ғашығымды ойлап отырмын. Есіктің  жақтауына сүйеніп отырып, көзім ілініп кетіпті. 
Оянып қарасам, күн ұясына батып барады екен, ауылдан біраз алыстап кетіппіз. Көліктен тез түсіп, ауылға қарай жаяулатып жүгірдім. Уақытты білу үшін қол сағатымды таппай біраз бөгелдім. Ауыл шетіндегі қырға жетіп, төбеге шықтым. Ауыл – менікі, бірақ танымастай өзгерген. Өзім туып-өскен үйге келсем, мұнда бөгде адамдар тұрып жатыр. Мәссаған! Жалма-жан мән-жайды білмекке ұмтылдым. Үй иесі мұнда осыдан 10 жыл бұрын көшіп келгенін, ал бұрынғы егесінің сол кезде жалғыз баласын жоғалтып, іздемеген жері жоқ, таппаған соң қалаға көшіп кеткенін айтты. 
Тас төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей. Ата-анамның мені ойлап қиналғанын естіп, өкінумен болдым. Дереу көрші үйдегі бала кезден бірге өскен досыма бардым. Досым үйленіпті. Баласын қолына көтеріп алған, жанында мен ғашық болған Арайлым. Тағы сол: «Кешікпей келем деп уәде берші», тағы осы сөз көкірегімді кернеп барады. Бір орыннан қозғала алар емеспін, жүрегім езіліп қала берді. Досым болса мені қатты құшақтап: «Қайда жүрсің, бауырым?» – деп өз көзіне өзі сенбей, мені айнала қарап шықты. Мені табаны тозып ұзақ іздегенін айтып көзіне жас алды. Одан бар болған жайтты сұрағанымда үй иесінің жауабын қайта алдым. 
Сол сәтте ғана мен өзімнің болашаққа кетіп қалғанымды түсініп, қайта қырға шығып төбеде өзімді жұбатумен болдым. Мұның барлығы өңім екеніне сене алмай, түсім деумен болдым. Ұзақ ойланып жол жиегіне де жеттім. Қарсы беттен сол уақыт машинасын күттім. Бірде көліктің қарасы көріне бастады. Орнымнан атып тұрып, өзіме нық сеніммен көлікті тоқтаттым. Санамда «бұл жолы қайткенде дөп түсемін» деген ой болды. Жүргізуші: «Өй, әлі сен бе?»,– деп мысқылдап күліп қояды. Көлікке мініп, жайғасып отырдым. Тоқтап тұрған көлік пен гүбір-гүбір әңгімеге батқан үш әйелді көргенде: – көлікті  тоқтат, түсемін,– деп жалма-жан түсіп қалдым. Көлік зулап кете берді. Жүргізуші көлікті жөндеп болған екен. Таксиге қайта отырып, көңілім жай ауылға келдік. Үйіме асығып барсам, анам мен әкем аулада жүр, ауыл да өз орнында. Кешікпейін деп баққа асықтым, баққа келсем ешкім жоқ. Күтейін деп шештім, қараңғы түскенше күттім, ешкім келмеді.
Суға шомылып үйге кірдім. Анам: «Қайда жүрсің? Тестке дайындалсайшы», – деп ұрыса жөнелді. Сонда ғана түсіндім, мен бір жылға кері кетіппін. Амалсыз қайта мектепті оқыдым, үлкен жол бойына шығып жүк көлігін күтумен күндер өтті. Мектепті аяқтар шақта өзім ұнатқан Арайлымға сезімізді білдірдім. Сол бақ ішіндегі сәттерді қайта бастан өткеріп жаттым. Жазда қалаға келіп, қайта оқуға тапсырдым. Жоғары оқу орнына түсіп, студент атандым. Сары күз де келді. Сенбі, ауылға қайтар сәт те туды. Түс ауа Арайлымнан қоңырау түсті. Тұтқаны көтергенімде сол баяғы әңгіме қайталанды. «Кешікпей келем, деп уәде берші». Автобус бекетіне келіп сол таксиге отырдым. Көлік баяғы орынға жеткен кезде сыр беріп, бұзыла қалды. Мен қорқумен болдым. Тәуекел етіп жүк көлігін күттім. Міне, күткен көліктің де қарасы көрінді. Ал таксидегі үш әйел сырт киімдерін жерге жайып, жайғаса отырып, әңгімеге кірісті. Қолымды қатты сермей тоқтаттым. Жүргізуші бұл жолы қарамастан, мінгізіп алды. Сол кезде мен өзімнің жоғалтқан қол сағатымды көлік ішінен таптым, ол жерде түрлі сағаттар көп болатын. Сағат тілі 18:50-ді көрсетіп тұр екен. Көлік жүргізушісі кілт тоқтап, маған: «Түс, енді мінбе!» – деп бұйырды. Көліктен түскенде бұрынғы сәтке қайта оралғанымды сездім. Жанымда бұзылған көлік пен әңгімелесіп отырған үш әйел болатын. Ал уақыт машинасы сағымдай көзден ғайып боп кете берді. 
– Көлік жөнделді, жылжимыз, – деген жүргізушінің дауысы көңілімді дірілдеткендей. Зулай отырып ауылға да  жеттік. Сол баяғы маған жылы құшағын жайып тұрған ауыл. Сағат тілі болса, 19.00-ге таяп қалыпты. Бақтағы Арайлымға қарай асыға жүгірдім. Ал бақ ішінде мен «кешікпей келемін» деп уәде берген қыз тұрды.
Рәпіш ТӨЛЕП,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың
1-курс студенті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз