КИНО – ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ЕҢ МЫҚТЫ ҚҰРАЛ

409

0

Кино – жай ғана өнер емес, ол қоғамның ұлттық идеологиясын қалыптастыратын үлкен құралдардың бірі болып саналады.
Кино – кез келген мемлекеттің мәдениеті, ұлттық болмысы, түрлі ұстанымдары мен көзқарасының айнасы деуге болатын шығар. Себебі, кез келген киноның көрерменге жеткізгісі келетін өзіндік ойы, мақсаты бар құнды туынды. Иә туынды… Ол бір жазушының шығармасынан немесе кинорежиссердің қиялынан туып, өз кейіпкерін сомдаған актердің шеберлігінің арқасында жарық көретін бірнеше өнердің қосындысы. 
Бір киноны жасауға кинодраматург, режиссер, актер, оператор, суретші, композитор секілді әралуан мамандықтағы творчество қызметкерлері қатысады.
Әр қазақ мақтан ететін «Сұлтан Бейбарыс», «Шоқан Уалиханов», «Отырардың күйреуі», «Менің атым Қожа», «Қыз Жібек» секілді халқымыздың әдет-ғұрпы, салт-санасы мен ұлттық болмысы шебер суреттелген көптеген кино бар. Қазақ кино өнерінің майталмандары Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықов сынды кинорежиссерлердің ізін, бүгінде қазақтың талантты жастары жалғап келеді.
Ал, еліміз егемендігін алғаннан кейінгі кино¬туындылардың ішінде, соңғы жылдары жарық көрген Сатыбалды Нарымбетовтың «Мұстафа Шоқай», «Аманат», Досхан Жолжақсыновтың «Біржан сал», «Құнанбай», Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала», «Анаға апарар жол», Шахимерден Құсайынов пен Рүстем Әбдрашовтың «Елбасы жолы» киноэпопеясы, Әнуар Райбаевтың «Алжир» көркем фильмдері, Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының желісі бойынша түсірілген Рүстем Әбдрашовтың «Қазақ хандығы» сериалы, тағы да басқа үздік туындылар бүкіл елдің рухани байлығын тасытып, өз еліне, өз елінің тарихына деген зор қызығушылық пен мақтанышын тудырды десем, қателеспейтін шығармын. Созбаланға салмай, негізгі ойымды айтайын… Қызылорда туралы, жалпы Сыр өңірі туралы бір жақсы, өте жақсы кино түсірілсе.  Әрісін айтпағанда, кешегі ХХ ғасырдағы біздің өңір туралы…
Негізі, Қызылорда қаласының көне тарихына көз жүгіртер болсақ, тамыры тереңде жатыр. Біздің заманымызға дейінгі ІV-V ғасырдан бастау алған сақтардың Ордасы, бертін келе Оғыз-Қыпшақ бір¬лес¬тіктерінің орталығы, Алтын Орда мен Ақ Орда хандарының туын тіккен қасиетті топырақ, бұл – Сыр топырағы. Қала негізі 1818 жылы Қамысқала атты елді мекенде Қоқан хандығының Ақмешіт бекінісі ретінде қаланған. 1853 жылдан бастап, генерал В.Перовскийдің атымен бекініс «Перовск форты» аталды. 1867 жылы оған қала мәртебесі беріліп, уезд орталығына айналды. ХХ ғасырдағы Қызылорда туралы айтар болсақ, 1901-1906 жылдары «Орынбор-Ташкент» теміржолы салынған тұста қала халқы тез қарқынмен өсіп, қазақтардың ең көп шоғырланған жеріне айналды. 1917 жылы 30 қазанда Қазақстанда бірінші болып, кеңес өкіметі Перовскіде орнады. 1922 жылы қаланың Ақмешіт аты қайтарылғанымен, 1925 жылдың сәуірінде Қызылорда деп қайта өзгертілді. 1925 жылы 9 ақпанда Қазақ АКСР-і ОАК төралқасы О.Исаевтың баяндамасы бойынша мемлекет астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім шығарды. Сол жылғы 15-19 сәуірде Ақмешітте өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық V съезі халқымыздың орысша «киргиз» деп аталуын «қазақ», «Киргиз АКСР-і» атауын «Қазақ АКСР-і» деп ұлтымыздың тарихи атауы қайтарылып, ал рес¬публика астанасы Ақмешіт қаласының атауын Қызылорда деп атау туралы қаулы қабылданған. 1925 жылдың көктемі мен жазында мемлекеттік басқару органдары Сыр бойына көшірілді. Жаңа астана құрылысына және Қызылорданың Қазақстанның саяси-экономикалық және мәдени орта¬лы¬ғы ретіндегі қызметін орнықтыруға С.Қожанов, Т.Рыс¬құлов, Ж.Мыңбаев, Н.Нұрмақов, М.Тыныш-паев, А.Кен¬жин, С.Ақаев, А.Сер¬ғазин, О.Исаев, С.Сәдуақасов, С.Есқараев, т.б. қоғам қайраткерлері белсенді қатысты. Қызылорда 1929 жылы мамыр айына дейін Қазақ АКСР-і астанасы болды.
Сол кездегі қазақ елінің тек саяси орталығы ғана емес, рухани және мәдени орталығы ретінде дамыды. Өткен тарихқа көз жүгіртер болсақ, қазақ театр өнерінің қара шаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының алғашқы шымылдығы 1925 жылы осы Қызылорда қаласында түрілген еді.  Халықты ағарту ісі, қазақ әдебиеті сынды рухани құндылықтар да осы топырақта жаңа қарқынмен дамыды. Осылардың ішіндегі ең маңыздысы, қазақ халқының білім беру саласындағы тарихи жаңалығының да алғашқы куәсі біздің қала. 1929 жылы Қызылордада өткен конференцияда көрнекті ғалым, ағартушы Ахмет Байтұрсынов қазақ халқына, өзінің алфавитімен бірге халқының сауатын ашу үшін жасаған зор еңбегін, алғаш болып осы киелі топырақта жария етті. Сол кезден бастап қазақ халқы сан ғасыр қолданып келген араб жазуынан жаңа жазу – латынға ауыстырылды.
«Жалпы алғанда, Қызылорда қаласының аты мемлекеттілік түрінің дәстүрлі мазмұны мен жаңа қоғамның саяси құндылықтарын бойына сіңірген тарихи атау болып қалыптасты. Қызыл империяның бодандығында болған қазақ мемлекеттілігінің Қазақ Кеңестік Социалистік республикасы деген атауын дәстүрлі ұғымға көшірсек, қазақтың Алтын Ордасы, Ақ Ордасы, Алаш Ордасының жалғасы болып шығар еді. Демек, «ҚЫЗЫЛОРДА» атауы ел тарихының тұтас кезеңін айғақтайтын тарихи-мәдени ескерткіш болып қала бермек», – дейді бір еңбегінде, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, ғалым Әзілхан Тәжекеев. 1938 жылдан облыс орталығына айналған Сырдың бас қаласында, қазақ елінің өткенінен сыр шертер көптеген тарихи оқиғаның және елі үшін жанын құрбан еткен талай Алаш қайраткерлерінің, қазақ зиялыларының ізі қалған. Қазақылықтың қайнары, Алаштың – Ақмешіті атанған бұл қала, кешегі өткен Алаш қайраткерлері мен ұлт зиялыларының басын қосқан киелі мекен, қазақ тарихындағы талай бастамалар мен тың жаңалықтардың қасиетті ордасы.
Қазір Елорда – Астана қаласында халық¬аралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі өтіп жатыр. Ал, жалпы тарихында «ЭКСПО»-ға қатысқан ең алғашқы қазақ Әміре Қашаубаев екенін біріміз білсек, біріміз білмейміз. 1925 жылы өткен «ЭКСПО» көрмесінде Әміре әнші қазақтың «Балқадиша» әнін Париждің көгінде әуелеткен. Қазақтың маңдайына біткен біртуар перзенті, қайталанбас талант иесі Әміре Қашаубаевтың Парижде болған кезінде М.Шоқаймен кездесуі және осыған байланысты оның ОГПУ-де жауапқа алынуы елге жақсы мәлім. Парижден оралған бойда Ә.Қашаубаев Қызылордада болып, осы жерде қызмет жасап, ұстаздық етіп жүрген Алаш қайраткерлері А.Байтұрсынов пен М.Дулатовқа, Алаш қозғалысына қатысқан ірі қайраткер, публицист ғалым, Сыр өңірінің тумасы М.Шоқайдың сәлемін жеткізеді.
ХХ ғасырдағы Сыр өңірі жайлы біз біле бермейтін тарихи құнды деректер жетерлік, оны қажет болса, тарихшылар толықтыра жатар…
Қысқасы, осындай ұлт тарихындағы ең айтулы кезеңдерді бастан кешірген, қазақ елінің қасиетті мекендерінің бірі – Қызылорда туралы өткеніміз бен бүгініміздің бағасын айқындап, бүгінгі және болашақ ұрпаққа мол рухани азық болатындай көркем фильм түсірілсе деген арманым бар.
«Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген халық даналығы бар.
Елбасының да «Сыр Алаштың – анасы» деуі тегін емес. Қадым заманнан мұқым қазаққа ана да, пана да болған Сырдарияның бойын жағалаған қасиетті топырақта ашылмаған қаншама сыр жатыр. Қарт Қаратаудың әрбір тасы бір тарих болса, Қызылқұмның шағыл төбелері қанша сырды бауырына бүккен десеңізші?! Әлі де болса көнекөз қариялардың көзін көрген құймақұлақ ағаларымыздың барында киелі өлке турасында сүбелі еңбек түсіріп, оны кейінгі ұрпаққа аманат ету жазылмаған парызымыз деп білемін. Қармақшы топырағының бір ғана ауылынан жүзден аса шайыр-сүлейдің шығуы неге тұрады?! Олар жөнінде бірде-бір бейнебаян жоқ. Әрбірі бір сериалға арқау болатын тау тұлғалар өмірі тұнып тұрған тәрбие ғой, шіркін. Елбасының рухани жаңғыру идеясын толықтыратын нағыз толымды дүниелер осы жерде мұрты шағылмастан жатыр. Асанқайғы бабамыз «әр бұтасының түбі бір асым ет» деп кеткен Жиделібайсын бұл аймақтың әр бұтасының түбі бір шежіре, зерттейтін жан болса. Бұл өлкені өзге өңірлерден ерекшелеп тұратын шежіре де, аңыз-әпсана да жетерлік. Тек ықылас пен ниет болса, мәңгі құндылықтар Сырда жетіп артылады. Әрине, кино түсіру арзан дүние емес. Бірақ оның шешімі Елбасы ұсынған «Туған жер» бағдарламасы деп ойлаймын.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады. Мәселен, «Ауылым – әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой», – дейді. Міне, Мемлекет басшысы бастап берген керемет идеяны жалғастырып, «Туған жер» бағдарламасы арқылы осы киноны жасауға болатын секілді. Себебі, Сыр өңірінен шыққан мықты режиссерлар мен актерлар, елдің мақтанышына айналған жомарт және атпал азаматтар баршылық, шүкір!
Ағайын, бұл ойым жершілдіктен туған жоқ. Кең-байтақ қазақ елінің қай жері болсын, қай өңірі болсын тарихқа бай, қасиетті де киелі!
Кино – мықты идеологиялық құрал! Сондықтан, барынша бұл кинонын тек бізге емес, тұтас қазақ еліне қажет екендігін және тәуелсіз ел ретінде тарихымызды дәріптеудегі маңызды қадамдардың бірі болар еді деген ниетпен өзімше жеткізуге тырыстым.

Руслан  КАЮПОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз