Кинорежиссер Рүстем Әбдірашев: «ЕЛБАСЫМЫЗ ЖАЙЛЫ КИНОТУЫНДЫНЫ ҰРПАҚТАРҒА ҰЛАҒАТ ЕТУДІ МҰРАТ ТҰТТЫМ»

91

0

Кинорежиссер Рүстем Әбдірашев: «ЕЛБАСЫМЫЗ ЖАЙЛЫ КИНОТУЫНДЫНЫ ҰРПАҚТАРҒА ҰЛАҒАТ ЕТУДІ МҰРАТ ТҰТТЫМ»Бүгінде жас болса да, белгілі режиссер атанған жерлесіміз Рустем Жарасқанұлы Әбдірашев есімі көпшілікке жақсы таныс. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шығармалары негізінде «Балалық шағымның  аспаны», «Отты өзен», «Теміртау» кинотуындыларын өмірге әкелген Рүстем елге таныла бастады. 
Жақында Сыр еліне арнайы сапармен келген «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, режиссер Рүстем Әбдірашевпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Рүстем, туған топырағыңа басқан қадамың құтты болсын. Әңгімемізді сені Сыр аймағы тұрғындарына таныстыру үшін өмірдерегіңнен бастасақ.
– Қасиетті Арал топырағы – менің ата-бабамның, ақын әкем Жарасқанның кіндік қаны тамған жер. Содан да Сыр еліне бас иемін. Ал, мен өзім 1970 жылы Алатау баурайындағы Алматы қаласында дүние есігін ашыппын. Кеңес заманы кезінде Алматы қаласында Социалистік Еңбек Ері Р.Нұртазина басшылық жасайтын жалғыз-ақ №12 қазақ орта мектебі болды. Жүрегі өмір бойы «қайран, қазағым-ай» деп соққан әкем Жарасқанның ықпалымен осы мектептен дәріс алдым. Бала кезден белгілі ақын-жазушылардың шығармаларын жата-жастана оқушы едім. Әсіресе, Мағжан ақын жазбалары менің жүрегіме мәңгілікке жазылып қалған.
Алматыдағы көркем-сурет училищесінен білім алған соң Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік киностудиясынан дәріс алып, кинорежиссері мамандығын иелендім. Айтқандай, заңгерлік мамандығым тағы бар.
– Ендігі сөз кезегін шығармашылық жолыңызға берсек.
– Менің өнердің өрнекті жолына түсуіме белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетов ағамыздың ықпалы зор болды. Өйткені, мен еңбек жолымды осы ағамның студиясында суретші болудан бастадым. Бертін келе Сатыбалды ағамыз актерлікке баулып, фильмдерге де түсе бастадым. Уақыт өте келе қазақ халқының тарихын зерттеп, ел-халықтың басынан өткен сол бір зұлмат жылдарды көгілдір экранға шығаруға ұмтылыс жасадым. Өмірден мезгілсіз кеткен әкемді аңсап, оның «Қаладан келген қыз» поэмасы негізінде осы аттас фильмді өмірге әкелдім. Жарасқан әкемді қайта тірілтіп, балалық парызымды өтегенім бар.
«Әке көрген – оқ жонар» дегендей, шығармашылық жолына түсіп, уақыт өте келе тарихи тақырыптағы «Құрақ көрпе», «Сталинге сыйлық» атты көркем фильмдерді көрермендер назарларына ұсынып, соқпақты да тоқпақты өнер жолына бет бұрдым. Бүгінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы «Балалық шағымның аспаны», «Теміртау», «Отты өзен» кинотуындылары эпопеясын түсіріп, қуаныш құшағына кенеліп жүрген жайым бар. Жақында туған топырағымның тұрғындарына осы эпопеяның алғашқы туындысы – «Балалық шағымның аспаны» фильмін көрсеттік.
– Сәті түскен сұхбатта осы фильм жайлы бүкпесіз баян етсеңіз? Өйткені, сіздің Елбасымен талай жылдар бойы тілдескен бақытты күндеріңізді білгіміз бар.
– Өздеріңізге мәлім, еліміз осыдан 22 жыл бұрын өз тәуелсіздігін алып, бүгінде әлемге әйгілі елдер қатарынан орнықты орнын алды. Еліміздің еңсесін тіктеп, егемендігімізді дүние жүзіне паш еткен еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі өлшеусіз. Елбасымыздың есімі қазақ тарихының парақтарына алтын әріппен жазылып жатқанына қалайша қолдау жасамасқа, қалайша бүгінгі және келер ұрпақтарға ұлағат етпеске. Содан да Елбасымыз жайлы кинотуынды жасауға тәуекелге бел буып, ұмтылыс жасадым. Алла сәтін салды.
Елбасының балалық бал дәурені мен жалынды жастық шағынан сыр шертетін «Балалық шағымның аспаны» фильмінің түсірілімі 2011 жылы басталып, өткен жылы көрермендер көзайымына айналды. Бұл фильмде Елбасының дүние есігін ашқан кезінен айтулы азамат болған шағына дейінгі өмірі суреттелген. Картинада атам қазақтың салт-дәстүріне кеңінен орын берілген. Бағзы заманнан бері келе жатқан осы бір дәстүрмен Әбіш әке мен Әлжан ана Райымбек бабаның басына түнеп, Алладан перзент беруін тілейді. Сол түні Әлжан ана түс көреді. Түсінде теңіз түбінен көмкерілген ұзын мылтықты алып шығады. Бұл түсті ауылдағы қарт  сәуегей: «Ұлды боласың. Ұлыңның ғұмыры ұзақ, бірақ күрес пен қиыншылыққа толы болады» деп жориды. Айтса айтқандай, арада азғантай ғана уақыт өткенде Әлжан ана құрсақ көтеріп, өмірге Нұрсұлтанды әкеледі. Ауыл адамдары баланы еркелетіп, оның есімін Сұлтан атайды.
Сұлтанның балалық шағы Сталиннің қатал саясаты орныққан жылдармен тұспа-тұс келеді. Елімізге өзге ұлттар  мен ұлыстың өкілдері үдере көшіп келе бастайды. Қазақ халқы оларға қайырымдылық жасап, аяқтарынан тік тұрып кетулеріне жағдай туғызады.
Көкпар тартқанда өз қатарластарына дес бермейтін Сұлтан бала күнінен ұшқыш болуды арман еткен. Оның көкке деген құштарлығы өзі туып-өскен Yшқоңыр жайлауының аспанында әрі-бері қалқыған ұшақтарға қараудан бастау алады. Содан да ол авиация саласы бойынша оқуға қабылданады. Оның бұл талпынысына ата-анасы қарсы емес еді, десе де, Сұлтан отбасын жалғызсыратып тастап кеткісі келмейді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, фильмде отбасындағы бірлік, балаға деген ата-ана махаббаты, Сұлтанның балалық шақтағы бал дәурені, кеңестік заманда өмір кешкен қазағымның өмірі боямасыз баян етіледі.
Жоғарыда айтқандай, осы киноэпопеяның жалғасы «Теміртау», «Отты өзен» кинотуындылары да өмірге келді.
– Осы фильмдер туралы да қысқаша айта кетсеңіз?
– Бұл фильмдердің 1-желтоқсан – еліміздің Тұңғыш Президенті күні Қазақстандағы барлық кинотеатрлар мен теледидарларда тұсауы кесіледі. Сонда көресіздер де, талғам таразысына саласыздар.
– Елбасымыз көрген болар?
– Күні кеше ғана көрсетілім жасалды. Елбасымыз кинотуындыға асқан ризашылығын білдіріп, көрсетілімге қолдау жасады.
– Кезінде сіздің «қазағым» деп соққан жүрек лүпілімен атышулы Желтоқсан оқиғаларына қатысқаныңыз жайлы естігеніміз бар еді. Сөз орайы келгенде сол жайлы да айта кетсеңіз?
– Желтоқсан оқиғасы кезінде мен 16 жасар едім. Жоғарыда айтқандай, күн-түн көз ілмей, белгілі ақын-жазушылардың шығармаларын жата-жастана оқыған менің жүрегіме «қазағым» мәңгілікке жазылып қалған. Қойныма  Мағжан мен әкем Жарасқанның қайран қазағым туралы жазбаларын тығып келіп, алаңдағыларға таратқанмын.
Айтқандай, ақ қағазға қолжазбамен түсірілген өлеңдерді өзім дауыстап оқып жатқанымда полицейлер жүгіре жетіп келмесі бар ма? Ақ қағазды аузыма салып, жұтып жібергенім бар.
– Ендігі сөз кезегінде өнер саласындағы еңбегіңіз еленіп жүр ме, жоқ әлде?.. 
– Мен өз-өзімді мадақтаудан бойымды әсте аулақ ұстаймын. Десе де, сұраған екенсіз, азын-аулақ алған марапаттар жайлы айта кетсем, артықтық етпес. Тұңғыш туындым – «Қаладан келген қыз» фильмі жыл сайын өтетін «Шәкен жұлдызы» фестивалінде бас жүлдені иеленсе, «Құрақ көрпе», «Сталинге сыйлық» фильмдері негізінде республикалық қана емес, халықаралық сыйлықтарды жеңіп алды. «Дарын» жастар сыйлығының лауреатымын, «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер» атағым да бар. Ең басты марапат – ел-халқымның алғысы. Осы алғысты арқалаумен ғұмыр кешсем деп жүріп келемін.
– Сөз соңында алдағы жылдардағы шығармашылық жоспарларыңыз жайлы айтсаңыз?
– Алдағы уақытта қазақ тарихын зерттеп, осы тақырып төңірегінде түсірілімдер жасамақпын. Сондай-ақ, Шыңғыс хан туралы көркем фильм жасауға ұмтылыс жасап, жоспарлы жұмыс жүргізіп жатқан жайым бар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен: Еркін ӘБІЛ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз