«КӨК ТЕҢІЗІМ КЕЛДІҢ БЕ?» ДЕП ЕМІРЕНЕТІН КҮН ДЕ ЖАҚЫН

66

0

«КӨК ТЕҢІЗІМ КЕЛДІҢ БЕ?» ДЕП ЕМІРЕНЕТІН КҮН ДЕ ЖАҚЫНСүйінші ағайын, Арал елге бет бұрды! Ғалам және ғасырлар проблемасына айналған Арал теңізі тағдырында тарихи таңдау жасалды.  Жұртшылық «Кіші Арал» атап кеткен Солтүстік Арал теңізі айдынын тұтастай көтеру мәселесі мемлекет саясаты деңгейінде қолға алынды. Тек бір Арал өңірі халқының емес, Жер тағдырына алаңдаулы, көңіл көзі ояу барша ағайынның көптен күткен ақжолтай хабары десе де болады мұны.
Біз кейде, көз алдымызда жүзеге асып жатқан құбылыстардың тарихи терең мәнін бағамдай бермейміз. Шынтуайтында, жарты ғасырдан астам алапат әлеуметтік-экологиялық эксперимент додасын бас¬тан кешкен, сөйтіп, дүниеде баламасы жоқ өзіндік бірегей әлемімен Жер бетінен өшіп кетуге қараған тағдыры талқылы қайран Арал үстінде атқан бір үміт таңы бұл.
«Кіші Арал» – кешегі толымды теңіздің оннан бір айдыны. Бұл аумақта бүкіл Аралдың табиғи-ландшафттық белгі-бедерлері – дария¬ның құнарлы атырауы, мөлдір жағажайлар, құрақты тымық қолтықтар, таулы-тасты шығанақтар, ұшан тереңдіктер бар. Демек, бұл суда толымды Аралдың тіршілігі өзіндік жаңа бір нұсқада өмірге қайта келе алады деген сөз. Сонысымен де бұл планетарлық алып проблеманы жеңудің алғашқы нақты қадамы, еліміз қол жеткізген даму үдерісінде әлем алдында жасалған батыл бастама болғалы тұр.
Ел Президенті ауқымды Арал мәселесін үнемі жіті назарда ұстап келеді. Осы күні халық игілігін көріп отырған САРАТС-1 кезеңдік шешімі – сол сипатты қамқорлықтың нәтижесі. Бұл орайда өлке жұртшылығының Елбасына деген алғысы ұшан-теңіз.
Осы игі бастаманы, шын мәнінде, тарихи ауқым, көшелі көрегендікпен әрі дамытуда облыс әкімі Қ.Көшербаев орасан зор еңбек атқарды. Жауапты азаматтың ел-жер мүддесі жолындағы алғаусыз тұғыры, қапысыз принципті таңдауы, қарым-қабілеті, мемлекеттік деңгейдегі бедел-болмысы осынау мұратты бастама барысында жарқырап көрінді деуге болады. Ізденістермен, еңбекпен келген игі нәтижеге бүгін ел риза.
Халық бұл күнді көп күтті. Осынау жеңісті сәтке жетер жол тым ұзақ та, соқтықпалы болды. Әйтсе де, тарихтар сынын қайыспай көтерген Арал өңірінің отансүйгіш өнегелі ел-жұрты ғұмырлы, болашақты «Кіші Арал» нұсқасына деген сенім жолынан ауытқыған жоқ. Және сол жолдағы іздену-күрестерден де шаршаған емес. Міне енді, сол талап Елбасының қолдауымен, аймақ басшысының қажырлы ізденістерімен жүзеге асу кезеңіне қадам басты. Ел тілегі мемлекет саясатымен үндескен демократиялық қоғам дәстүрінің бір жарқын мысалы да осындай.
Енді Аралдың Қазақстан бөлігінде теңіз табиғатты өз айдыны көтеріледі.
Халықтың әлеуметтік, экономикалық ахуа¬лы жақсара түседі.
Аймақ экологиясы елеулі түрде оңалады.
Үміті өшуге қараған Аралды болашақта түгелдей тірілтудің озық үлгісін Қазақстан әлем көзінде жүзеге асырады.
Бастаманы «Ғасыр құрылысы» деп атауға енді толық моралдік негіз бар.
«Көк теңізім келдің бе?» деп еміренетін күн де жақын.
Ақжолтай қуаныш құтты болсын, ағайын!
Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ, 
жазушы, көсемсөзші-эколог, 
Арал ауданының Құрметті азаматы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз