Көк тудың желбірегені

58

0

Көк тудың желбірегені«Тәуелсіздіктің 25 жұлдызды күні» шарасының екінші күні мемлекеттік рәміздерге арналды. Қарттар мен мүгедектердің жалпы үлгідегі интернат үйінде қазақстандық Олимпиада жеңімпаздары туралы «Көк тудың желбірегені» атты танымдық фильмнің көрсетілімі өтті. Оған ардагерлер, қарттар үйінің тұрғындары мен қызметкерлері қатысты.
Олимпиада жеңісінде әр елдің Әнұраны орындалып, мемлекеттік туы көтерілетіні белгілі. Танымдық фильмнің негізгі мақсаты – Тәуелсіздік жылдарында қазақ елінің спорт саласында жеткен жетістіктерін көрсету, спорт саңлақтарының көрсеткен ерліктерін насихаттау болып табылады. 
Сонымен қатар фильмде эстрада жұлдыздарының рухты, патриоттық әндері шырқалған. 2008 жылы Қытайдың Бейжің қаласында өткен олимпиадада қазақстандық спортшылар спорттың 22 түрінен бақ сынасқан еді. Нәтижесінде 13 медальға қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте 29 орынға табан тіреген болатын. 2012 жылы Лондон олимпиадасында спортшыларымыз 7 алтын, 1 күміс және 5 қола иеленіп, жалпыкомандалық есепте 12 орынға көтерілді. Ал, биылғы жылы өткен Рио-де-Жанейро олимпиадасында қазақ құрамасында 104 спортшы болды. Олар спорттың 26 түрінен бақ сынасты. Медальдар саны 17-ге жетіп, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Жыл өткен сайын қазақ спортшылары өздерінің мықтылығын дәлелдеп, көк туымыздың көкте қалықтап, әнұранымыздың жиі шырқалуына атсалысып келеді. Мұны фильм барысынан айқын аңғаруға болады. Сондай-ақ, олимпиада саңлақтары Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов, Илья Ильин, Александр Винокуров, Ольга Рыпакова, Әділбек Ниязымбетов, Жазира Жаппарқұлдардың жеңіс тұғырынан көрінген сәттері фильмде ерекше жеткізілген. 
Елге оралған спортшыларды Елбасы Н.Назарбаев қабылдап, биылғы Рио-де-Жанейрода өткен олимпиадада алған 17 медаль Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына ерекше тарту екенін айрықша атап өтті.
Танымдық фильмді тамаша¬аған қарттар  ерекше әсер алды. Солардың бірі Марат Досжанов кезінде өзі де спорт¬тың бокс, күрес секілді түрлерімен айна¬лысқанын алға тартты. Жеткен же¬тіс¬тіктері де аз емес екен. Әлі де спорттан қол үзбеген. Қазір де мұнда спорттық шараларға белсенді қаты¬сып, жеңімпаз атанып жүрген жайы бар. 
– Бүгінгі тамашалаған «Көк тудың желбірегені» атты танымдық фильм нағыз жігеріңді қайрайтын ерекше рухты туынды.  Барлық олимпиадаларды үзбей қарап, еліміздің жеңісіне қуанып отырамын. Біздің спортшылар расымен де мықты. Олардың бұдан да зор табыстарға жетіп, әлі талай көк туымызды желбірететініне сенемін, – дейді қарттар үйінің тұрғыны Марат Досжанов.
Сара АДАЙБАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз