КӨКТЕМНІҢ БІР КҮНІ ЖЫЛҒА АЗЫҚ

118

0

КӨКТЕМНІҢ БІР КҮНІ ЖЫЛҒА АЗЫҚКөктем жетісімен диқан қауым қарбалас тіршілігін бастап та кетті. Алда егін егу науқаны. Зейнеті мен бейнеті қатар жүретін егіншілік кәсібі көктемгі дала жұмыстарына тыңғылықты түрде дайындалғанды қажет етеді. Сыр елі шаруаларының көктемгі егін науқаны дайындығына сақадай-сай болуы заңдылық.
Ағымдағы жылы облыс бойынша бекітілген сызбаға сәйкес 168,7 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылады. Оның ішінде дәндi дақылдар 84,5 мың, майлы дақылдар 7,4 мың, мал азықтық дақылдар 60,1 мың, картоп, көкөнiс, бақша өнімдері 16,7 мың гектарды құрайды. Негізгі дақыл – Сыр маржанын 78,4 мың гектарға орналастыру жоспарланып отыр. Биыл егілетін күріш көлемі былтырғыдан 2,1 мың гектарға (былтыр 76,3 мың гектар)  артық болады. Сонымен қатар, 612 тонна күздік бидай тұқымы егілсе, көктемгі дала жұмыстарына 484 тонна жаздық бидай, 20 тонна арпа, 147,5 тонна мақсары, 223,5 тонна жоңышқа және негізгі дақыл күріштің 23355 тонна тұқымдары құйылды. 
Бүгінде, көктемнің күні ерте шығатын облыстың оңтүстік аудандарында егін егу жұмыстары басталды.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы құрылымдарында 2110 гектар ескі жоңышқа тырмаланып, 2836 гектар жаңа жоңышқа, 650 гектар мақсары және 606 гектар жаздық бидай егілуде.
Биылғы жылдың егісіне қажетті минералдық тыңайтқыштардың көлемі 51,2 мың тоннаны құрайды. Осы уақытқа дейін шаруашылықтар минералдық тыңайтқыштардың 33,5 мың тоннасын (65,4 пайыз) алды. 
Жалпы, ауыл шаруашылығы құрылымдарының гербицидтерге қажеттілігі 63,4 мың литрді құраса, оның 4,7 мың литр (7,5 пайыз) гербицид сатып алынды.
Көктемгі дала жұмыстары мен егін егу жұмыстарына 1830 трактор, 491 соқа, 245 тұқым сепкіш, 394 автомашина және 905 трактор тіркемесі қатысады. Бүгінгі таңда ауылшаруашылық техникаларын жөндеу жұмыстары аяқталуда.
Көктемгі дала жұмыстарына барлығы 14 мың тонна дизель отыны қажет. Қазіргі уақытта наурыз айына бөлінген 3,5 мың тонна арзандатылған дизель отынына толық қаржы аударылып, оның 2680 тоннасы облысқа жеткізілді.
«Көктемнің бір күні – жылға азық» демекші, көктемгі егісті бастаған қызылордалықтардың ертеңгі күні ел несібесін молайтатынына сенім зор.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз