КӨКТЕМНІҢ ИІСІ СЕЗІЛДІ, ДИҚАН, ДАЙЫНДЫҒЫҢ ҚАЛАЙ?

142

0

КӨКТЕМНІҢ ИІСІ СЕЗІЛДІ, ДИҚАН, ДАЙЫНДЫҒЫҢ ҚАЛАЙ?Бұл күндері көктемгі дала және егін егу жұмыстарына әзірлік басталып та кетті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, аудандар және Қызылорда қаласы бойынша 2017 жылы егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының сызбасы бекітілген. Бекітілген сызбаға сәйкес, үстіміздегі жылы облыс бойынша 168,7 мың гектарға егiс егу межеленіп отыр. 
Оның ішінде дәндi дақылдар 84,5 мың, майлы  дақылдар 7,4 мың, малдың азықтық дақылдары 60,1 мың, картоп, көкөнiс, бақша 16,7 мың гектарды құрайды. Негізгі дақыл күрiштің көлемі 78,4 мың гектар.
Ағымдағы жылдың егісіне облыс ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өткен жылдың күз айларынан дайындалып, 3144 гектар күздік бидай егіліп, қазіргі уақытта егіс жағдайы жақсы деп бағаланып отыр. Сонымен қатар, биылғы жылдың егісіне 48,8 мың гектар сүдігер көтерілді. 
Тұқым дайындау жұмысына тоқталсақ, үстіміздегі жылдың егісіне 612 тонна күздік бидай тұқымы дайындалып, егілді. Көктемгі дала жұмыстарына 484 тонна жаздық бидай, 146,5 тонна арпа, 147,5 тонна мақсары, 223,5 тонна жоңышқа  және күріштің  23355 тонна тұқымдары құйылған. Дайындалған 23355 тонна күріш тұқымының – 3700 тоннасы «Маржан», 5269 тоннасы – «Янтарь», 11401 тоннасы – «Лидер», 205 тоннасы – «Анаит», 445 тоннасы – «КазЕр-6», 600 тоннасы – «Новатор», 1505 тоннасы – «Фаворит», 225 тоннасы – «Айсәуле», 5 тоннасы – «КазНИИР-5» сорттары.
Бүгінгі таңда шаруашылықтарда тұқым тазалау жұмыстары жүргізілуде. Күздік бидай тұқымы түгел кондицияға жеткізіліп себілді. Жаздық бидай тұқымының бүгінге 195 тоннасы, яғни 40,3 пайыз себу кондициясына жеткізілсе, арпа тұқымының 20,5 тоннасы (14 пайыз), күріш тұқымының 16220 тоннасы тексеруге түсіп, 4135 тоннасы, яғни 25,5 пайыз себу дәрежесіне жеткізілді. Ал мақсары, жоңышқа дақылдарының дайындалған тұқымдарын себу дәрежесіне жеткізу жұмыстары бүгінгі таңға бірде-бір ауданда басталмаған. 
Минералдық тыңайтқыштар мен гербицид дайындау бойынша 2017 жылдың егісіне қажетті тыңайтқыштардың көлемі 51,1 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде: аммоний сульфаты 25,1 мың тонна, карбамид 14,8 мың тонна, аммофос 8,6 мың тонна, аммиак селитрасы 373 тонна, фосфорит ұны 66 тонна және байытылған суперфосфат 1,7 мың тонна. 
Қазіргі таңда шаруашылықтар тарапынан минералдық тыңайтқыштардың 19,8 мың тоннасы (38,8 пайыз) алынған. Оның ішінде аммоний сульфаты 11,6 мың тонна, карбамид 4,7 мың тонна, аммофос 3,5 мың тонна және фосфор ұны 60 тонна болып тұр. 
Ал, ауыл шаруашылығы құрылымдарының гербицидтерге қажеттілігі 62,5 мың литрді құрайды. Оның ішінде Гулливер – 510 литр, Номини – 2208 литр, Солито – 17605 литр, 2М4Х – 1800 литр, Рейнбоу – 38808,3 литр, Торнадо 950 литр болып отыр. Бүгінгі күнге, шаруашылықтар тарапынан 4500 литр (7,2 пайыз) гербицид сатып алынған.
Техника және жанар-жағармай жағдайы ауыл шаруашылығы саласы үшін ең маңызды фактор болатып табылатыны белгілі.  Осы орайда, ағымдағы жылдың қаңтар айындағы есеп бойынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қолында көктемгі дала жұмыстарына қатысатын 1830 трактор, 491 соқа, 245 тұқым сепкіш, 394 автокөлік және 905 трактор тіркемесі бар. Бүгінгі күнге, 1360 трактордың 66,6 пайыз, 347 соқаның 60,0 пайыз, 184 дән сепкіштің 77 пайыз, 288 жүк көлігінің 71,7%, 715 трактор тіркемесінің 66,6% жөндеуден өткен.
Сала мамандарының айтуынша, облыстың көктемгі егіс және дала жұмыстарына барлығы 14 мың тонна дизель отыны қажет. Осыған байланыс¬ты ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан қажетті жағармайдың есебі жасалып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне жеңілдетілген дизель отынын бөлу жөнінде ұсыныс жолдады. Бүгінгі күні облысқа жеңілдетілген дизель отынын жеткізуші операторларды белгілеу жұмыстары жүргізілуде. 
Суармалы су есебі және су алуға дайындық барысы жөнінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын тұрақты суаруға  4,2 млрд текше метр су лимиті бекітілген. Сырдария өзеніндегі судың жағдайына келетін болсақ, 2017 жылдың 13 ақпанындағы жағдайы бойынша «Шардара» су қоймасына жоғарыдан секундына 1143 текше метр су түсуде. Қоймадағы су көлемі 3,9 млрд. текше метрді құрап, дарияның төменгі ағысына секундына 500 текше метр су тасталуда. Оның 300 текше метрі «Көксарай» су реттегішіне жиналуда. «Көксарай» су реттегішіне жиналған су көлемін (1,9 млрд. текше метр) қосқанда, бүгінгі күнге «Шардара» мен «Көксарайда» 5,8 млрд текше метр су жиналып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 923 млн текше метрге артық. Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру бойынша, Қы¬зылорда қаласы мен аудан әкімдіктердің мәліметтеріне сәйкес көктемгі дала жұмыстарын жүргізу және егіс егу жұмыстарына қажетті қаржы 10 492,8 млн теңгені құрайды.
Оның ішінде шаруашылықтардың өз қаржысы есебінен 4888,8 млн теңге, инвесторлар тарапынан 3342,2 млн. теңге қаржыландыру жоспарланса, «Агрохолдинг Байқоңыр» ЖШС арқылы 1326 млн теңге көлемінде форвардтық негізінде көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жетіспейтін 935,9 млн теңге қаржы «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ арқылы биылғы жылға қаралған несие бағдарламалар арқылы қаржыландыру қарастырылуда.
Жалпы, диқанда дайындық бар. Ендігі үмітті көктем келгенде байқаймыз. 

 Айнұр БАТТАЛОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз