КӨКТЕМНІҢ ӘР КҮНІ ЖЫЛҒА АЗЫҚ

64

0

КӨКТЕМНІҢ ӘР КҮНІ ЖЫЛҒА АЗЫҚСейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек
Көшербаевтың қатысуымен көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысын талқылаған селекторлық
мәжіліс өтті.

Мәжілісті ашқан аймақ басшысы
өткен жылдардың ауа райымен салыстырғанда биыл көктем ерте түскенін, соған
байланысты дала жұмыстары мерзімінен бұрын басталып кеткенін атап өтті.
«Көктемгі дала жұмыстарын өз деңгейінде атқаруға бөгет болар мәселелер де жоқ
емес. Біріншіден, биылдан бастап, әр гектарға төленетін субсидия тоқтатылуына
байланысты көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруда кейбір қиындықтар туындауда.
Осындай жағдай орын алуы мүмкін екені ескеріліп, бюджеттен «Байқоңыр» ӘКК арқылы 575 млн теңге
қаржы бөлінді. Оның 75 млн-сы сорт жаңалау мақсатында Краснодар өлкесіне
күріштің «Элита» тұқымын сатып алуға бөлінсе, 500 млн теңге көктемгі дала
жұмыстарын қаржыландыруға жұмсалады. Бұдан басқа жетіспейтін қаражатты
«Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 5 млрд теңгеге дейін біздің облысқа несие
ретінде бөлінуіне келісім жасалды. Сондықтан аудан әкімдері қаржыландыруды
қажет ететін шаруашылықтарды корпорацияға қарасты несие серіктестіктеріне мүше
ретінде кіргізіп, көктемгі дала жұмыстарын несиелендіруді ұйымдастыруы қажет.
Екіншіден, күннің ерте жылып кетуіне байланысты дарияның жоғарғы ағысында
орналасқан мемлекеттердің шаруалары көктемгі дала жұмыстарына ерте кірісіп,
«Шардара» су қоймасына түсетін су көлемі күрт азайып отыр. Оның үстiне биыл
«Шардара» су қоймасына және «Көксарай» су реттегішіне жиналатын болжамды су
көлемі орындалмайтын қаупі бар. «Сол себепті биылғы жылы лимитті қатаң сақтап,
егінді келісілген сызбаға сәйкес орналастыруымыз қажет, деді облыс басшысы.
Әсіресе, Қармақшы және Қазалы аудандарында су жеткізу мәселесі күрделене түсуі
мүмкін. Сонымен қатар, «Шиелі» үрмелі су тоспасын егін науқанына дейін
қамтамасыз ете алмасақ, проблемалар туындауы мүмкін. Аудан әкімдері мен
шаруашылық басшылары олардың алдын алуы тиіс».

Осыдан соң облыстық
ауылшаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Жаханов көктемгі дала жұмыстарына
дайындық барысы жайлы хабарлады. Ол бекітілген сызбаға сәйкес, үстіміздегі жылы
облыс бойынша 162,6 мың (2015 жылы 163,8 мың) гектарға егiс егу межеленіп
отырғанын атап өтті. Оның ішінде дәндi дақылдар 81,4 мың га, мал азықтық
дақылдар 59,1 мың га, картоп, көкөнiс, бақша 16,7 мың га, майлы дақылдар 5,4 мың гектарды құрауы тиіс.
Негізгі дақыл күрiштің көлемі 76,3 мың гектарды (2015 жылмен салыстырғанда 7,6
мың гектарға аз) құрайды.

Ауылшаруашылық дақылдарының
көлемін әртараптандыру мақсатында өткен жылмен салыстырғанда күздік бидай 500
гектарға артық егілсе, жаздық бидай 1053 гектарға, картоп, көкөніс, бақша
дақылдары 1344 гектарға артық егіледі деп межеленуде. Облыста егін егу
жұмыстары ерте басталды. Бүгінге 1187 га жаздық бидай, 1293 га мақсары дақылдары
егілді. 2810 га
ескі жоңышқа тырмаланып отыр. Үстіміздегі жылы егілетін ерте егіс үшін 552
тонна жаздық бидай,191 тонна жоңышқа және 134 тонна мақсары тұқымдары
дайындалды.

Ауыл шаруашылығы тауарын
өндірушілердің қолында көктемгі дала жұмыстарына қатысатын 1815 трактор, 475
соқа, 245 тұқым сепкіш, 365 автомашина және 905 трактор тіркемесі бар. Аталған
техника саны көктемгі дала жұмыстарын жүргізіп, межеленген егіс көлемін
белгіленген мерзімде егіп, аяқтауға толық жетеді. Бекітілген егіс көлеміне
сәйкес 2016 жылдың көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажет 14 мың тонна
жеңілдетілген дизель отыны бөлініп отыр.

Судың аз болуын ескере
отырып, аудандар шұғыл түрде тиісті шаралар қабылдап, каналдарды тазарту,
насостарды жөндеу, қажет насостармен қамтамасыз етуді қолға алуы қажет.

Басқарма басшысы аудандар
бойынша барлық қажет қаржы көлемі 13 738,5 млн теңгені құрайтынына назар
аударды. Осы көлемнің 3 768,2 млн теңгесі шаруашылықтардың өз қаржысы, 3 477
млн теңгесі инвесторлардың, 1 287,5 млн теңгесі «Агрохолдинг Байқоңыр» ЖШС, 270
млн теңгесі басқа да көздердің үлесінде болып отыр. «Аграрлық несие
корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға облысқа 5 млрд
теңге несие бөлінген. Үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларында несие серіктестіктеріне
мүше ретінде 49 шаруашылық кіргізілді. Бүгінгі таңда 31 шаруашылықтан 21465 гектар күріш
егісіне 607,2 млн теңгеге көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға сұраныс түсіп
отыр.

Мәжілісте «Қазсушар» РМК өңірлік филиалының
директоры Болат Арыс­танбаев Жаңақорған және Шиелі ауданындағы үрмелі су
тоспаларын жөндеу жұмыстары жайлы
баяндады. Облыс басшысы көктемгі егіске жөндеу жұмыстарын аяқтау қажеттігін
баса айтты.

Мұнан соң аудан әкімдері және
Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов егін егу науқанын ойдағыдай атқару мақсатында
жасалып жатқан жұмыстар жайлы айтып өтті.

Мәжілісті қорытқан облыс
әкімі су тапшылығын болдырмау мақсатында орынбасары Серік Қожаниязовқа комитет,
министрлік, Үкімет арқылы көршілес мемлекеттермен тиісті жұмыстар жүргізуді
тапсырды. Қырымбек Елеуұлы биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы, сонымен қатар,
ақ күріштің атасы, даңғайыр диқан, «Дала академигі» Ыбырай Жақаевтың 125
жылдығы аталып өтетініне тоқталды. Соған байланысты жыл сайын өткізілетін күріш
егістігін бастау 23 сәуір күні Шиелі ауданында аталып өтетін болады. Жыл бойы
ауыл шаруашылығы саласында атқарылатын жұмыстар Ы.Жақаевтың мерейтойымен
орайластырылады. Аймақ басшысы мерейтойды күз айында өз деңгейінде атап өту
үшін Шиелі ауданы мен Қызылорда қаласы әкімдіктеріне тиісті жұмыстарды
ұйымдастыру жөнінде тапсырмалар берді. Мерейтойлы жылы жоғары көрсеткіштерге
қол жеткізу үшін әкімдерге, басқарма басшыларына көктемгі дала жұмыстарына
жоспарланған жұмыстарды күнделікті бақылауға алып, пысықтап отыруды және апта
сайын баяндап отыруды тапсырды.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз