«КҮМІСАЙ» ӘНІНІҢ ТАРИХЫ немесе белгілі жырау Алмас Алматов шерткен сыр

216

0

  – Сыр сүлейлері  шоқтығының көрнекті өкілі, сан қырлы өнер иесі, атақты жырау, ақын әрі сазгер Тұрымбет  Салқынбайұлын өзінің сенімді ізбасарларының бірі Балқашбай Жүсіпов кезінде   халыққа кең тараған атақты  бір термесінде: «Тұрымбет-ән атасы Кіші Жүздің, тоғытқан әннің кесте көп өрнегін», – деп ерекше бағалаған. Менің өз басым талайды таң қалдырған Тұрымбет жыраудың  мақамдарын, әсіресе,  өзгеше мәнермен орындалатын «Күмісай» әнін жыраулық, әншілік  репертуарымның басты арқауы санаймын,Бұл кісінің әндерін  біз бала жастан жаттап өстік, Шіркін, Тұрекеңнің «Күмісай» әні бір керемет дүние ғой!,- деген-ді бірде Қармақшыда өткен   бір әдемі  өнер кешінде Алмас жырау тебіріне  сөйлеп. – Бұл әннің шығу  тарихының өзі қызық Жас кезінде Тұрекең, менің жарықтық  нағашым  өзбек елінің Тау-Елібай жерінде (Тамды ауданы) серілік құрып жүріп: «Күмісайжан, қош аман бол, жолыққанша, мал-перзентке ер тоймас молыққанша, жарқыным, еңбегіңді ескерерміз, елуге жасың жетіп толыққанша», –  деп  бір  байдың  қызына  ғашық болған  ғой.Соны біреу «Тұрымбет байдың қызымен әуей болып жүр»,-деп Сырдағы  туыстарына жеткізеді.Бұл жақтағы жақын ағайындары мен ауылдың жасы үлкен ақсақалдары Тұрымбет жыраудың елге оралғанын жөн санайды.Сонда түйеге мініп Сырға қарай көш басын бұрған   беттегі атақты жыраудың   ғашық жарымен  қимай қоштасқандағы айтқаны-осы «Күмісай» әні екен.

  – Бұл әңгімеге мен ертеректе Қармақшы өңіріне белгілі шебер  етікші, көне сөзге де жүйрік  кісі Қисықтың Оспанынан  қаныққан едім, – деп Алмас  жырау сөзін одан әрі сабақтаған. – Ол былай болған. Әскер қатарынан оралған кезім блдатын.Оcпан ағаның өзі домбыраны солақай тартады, мәсіні де солай тігеді.Бастапқыда біреуден «Қисықтың Оспаны Тұрымбет жыоаудың  «Күмісай»   әнін жақсы біледі екен» дегенді естігем.Тұрымбеттің көзін көрген кісі  ғой.Оған  қалай барудың  жолын  қарастырған  болдым.Құр қол барсам  өзім де құр қайтуым мүмкін. Содан әуелі  жөн білетін елдің  беделді азаматы Сұлтан Сармолдин ағайыма барғанды жөн көрдім.Ол кезде Сұлтекең Қармақшы аудандық Мәдениет үйінің директоры.Кеңсесіне барсам, қабырғада тізіліп тұрған су жаңа домбыраларға көзім бірден түсті Іздегенім алдымнан табылғандай, көз айырмай қарап қалыппын. Сұлтекең соны сезгендей:

     – Райком шақыртып жатыр еді…Қожеке, жәй жүрсің бе?» – деді қулана жымиып.

     – Сұлтеке, мына домбыраның біреуін маған беріңізші.

     – Оны қайтесің?

     – Бір Қаратамырға ат  ғып мінгізем, жақсы көретін  нағашым еді…( Ол кезде домбыра ескі ақшамен 22 сом тұрады).

     – Кімге?!

      -Қисықтың Оспанына…

    – Немене, мәсі тіктірейін деп пе едің?

   – Жо-ға…Осекеңде Тұрымбеттің « Күмісай» әні бар екен. Соны үйренейін деп…

     Байқаймын, Сұдтекең ойланып қалды. Бір кезде ол күлді. Сонаң соң:

    – Әй, қожам-ау, бұл дегенің үкіметтің мүлкі емес пе?

    – Үкіметтің мүлкі болса, сендерге беріп жатыр ғой.Сендерге бергені-біздерге бергені емес пе?!

    Ақыры болмай, бір домбыраны қалап, өзіммен бірге  алып кеттім. Айдап   отырып Жосалының бір бұрышындағы  Қисықтың Оспанының  үйіне келдім. Аласалау үйдің  құрқылтайдың ұясыңдай бір бөлмесінде өзінің үйреншікті кәсібімен айналысып отыр екен.Тозығы жетіп, әр жері жұлым-жұлым болған аяқ киімдер жан-жағында үйіліп жатыр. Жөндеп-жамағандарын  биіктеу  жерге  іліп қойыпты.

     – Ассалаумаһалайкум!,- деп кіріп барған  менің сәлеміме басын көтеріп, ауызын жыбырлата  ажырая қараған етікші қарт:

    – Уа,қай баласың? Сәлемші  болсаң  төрге шық!-деді тігіп отырған мәсісін былай  ысырып қойып.

    Мен жөнімді айттым.

    – Е, айналайын ,сен екенсің ғой. Әскерден аман-есен оралғаның дұрыс болған.Менің тірлігім осы ғой…Қатын жоқ.Қорадағы малдың біреуі Қожаныкі. Қонақасыңды жеп кет…  

    – Рахмет! Алла  разы болсын, Осеке!  Нағашымсың  ғой…Сізге  ат мінгізейін десем, оның реті жоқ.Мына домбыраны  сыйлайын деп келдім…

    – Өйбу, не ғыл дейді?!

    Домбыраны қолына алып, құлағын бұрап солақай тартып көрді.

     – Тәуір домбыра  ғой мынау…Ой, айналайын,талап оң болсын!      

   Ал,енді менде нендей бұйымтайың бар?

    – Тұрымбет жыраудың әні «Күміайды» сұрап келіп отырмын…

     Содан Осекең ерекше көңілденіп, домбыраны қолына қайта алды.Жіңішке мойын домбыраны өз ыңғайына тез бағындырып, солақай шертіп, біраз уақыт ыңылдап отырды да, әнді бастап кетті. Неткен үн, сұлу ырғақ! Тыңдаған  сайын елтіп, емініп барамын. Әпсәтте әннің әуезін де, сөзін де жаттап үлгердім.Осыны сезген етікші қарт енді мені тыңдауға пейіл білдірді.Оның солақайын оңқайға тез бұрып алып, өз пернемді дөп басқаннан кейін   мен де бар ынтамлы салып, тұңғыш рет «Күмісай» әнін шама-шарқымша  орындағаган  болдым. Қарасам, Қисықтың Оспаны  екі көзінен жас парлап, жылап отыр екен.

    – Аға,неге жылайсыз?-дедім  бір жағынан  қуыстанып.

    – Алда айналайын-ай, көсегең көгерсің! Айнытпай орындадың… Тұрымбеттің әні өлмейді екен,алысқа самғайды әлі Сол бақытты  сен көресің!Соған енді көзім жетті.Артыңда ұрпағы өсіп,жетіле берсін! Менің беретін батам-осы, қарағым!

      Қайран дуалы ауыз қарттарым-ай! Қисықтың Оспанының айтқаны келді.1982 жылы  сол Оспан  қарттан үйренген, бала жырау атағы күллі Сыр бойына, Арқа, Ырғыз өңірлеріне, Өзбекстан, Қарақалпақстан,Түркіменстан жерлеріне кең тараған Сыр сүлейі Тұрымбет Салқынбайұлының «Күмісай» әнін  қазақ өнерін шетел жұртына ұлттық нақышта таныстырып, кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған бір үлкен мәдени шараның аясында мен  бекзат Париж қаласында орындау құрметіне ие болдым.Сонда  жалғыз Тұрымбеттің емес,Тұрмағамбет ақын, Базар жжырау  шығармаларының бал, шырындарына, бір сөзбен  айтқанда, Сырдың сұлу мақамдарына париждіктердің құмары әбден қанғандай болды.Мұны мен даңғайыр бабаларымның мейір, шапағаты, олардың  әруақтарының  өзімді қолдағаны деп әрдайым перзенттік шынайы көңілмен тебірене еске алып жүремін…

***

   Алты Алашқа танымал игі жақсыларымыз бен жайсаңдарымызға, оның ішінде өнердегі  дарабоздарымызға мейлінше құрмет көрсету біздің елімізде Тәуелсіздіктің арайлы таңы атып, қөк Туымыз көкке желбірегеннен бері ерекше жанданып, руғани жаңару ретінде жаңа мазмүн мен жарасымды сипатқа ие бола бастағаны көңілге қуаныш нұрын ұялатады.Мұны «Сыр елі-жыр елі» атанған Қызылорда облысының өмірінен жиі көруге болады.Осындай игілікті  шара

ның бірі- 2013 жылы жыраулар Отаны атанған Қармақшы ауданында «Тұрымбет—ән атасы Кіші Жүзде» деген аймақтық жыраулар фестиваліне ұласқаны әлі есімізде.Мұндай маңызды шараның жиі ұйымдастырылуы  асыл өнердің  онан сайын жандануына, болащақ ұрпақтың  бастау бұлақ тәрбиесіне айнала түсуіне  игі ықпалын тигізері сөзсіз.

   Тұрымбет жырау Салқынбайұлының туғанына  2018 жылы 150 жыл толады.Өзі жырлағандай, талайды таңырқатқан даңғвйыр жырау 1868 жылы бұрынғы Қазалы уезінің (қазіргі Қармақшы ауданы) Жамансыр болысы, 3-ші ауылында дүниеге келген. Сол өзінің  ауылында (қазіргі «Ақтөбе  аул.))  1946 жылы қайтыс болған.

   Белгілі әдебиет жанашыры, шежіреші қарт Әдқуат Қайнарбаев Тұрымбет жырау  жайлы естеліктерінде (Қармақшы аудандық «Коммунизм  шамшырағы  газетінде, 1970 ж. 7 сәуір): «Ол бала жастан өлең-жырға әуестеніп, оларды жиын-тьойда домбыраға қосып мәпелеп айтатын болғандықтан «Бала жырау» атанған. Содан кейін  жиырма жасының шамасында-ақ суырып айтатын сандуғаш дарынды жыраудың бірі болған» деп жазады.

       Тұрымбет жырау кезінде Сыр, Арқа, Батыс, т.б. өз еліміздің көптеген өңірлерін аралап,ұзақ қисса, дастандарды, терме , толғауларды мәнеріне, нақышына келтіре орындайтын кәтекі жыраулығымен, ақындығымен әрі сазгерлігімен  ерекше көрінсе,  Өзбекстанның Тау-Елібай жерінде (Тамды ауданы),Қарақалпақ-стан Түркіменстан елдерінде де өнер көрсетіп, талайды таңдай қақтырған.«Күмісай» әні сал-сері,жырау атаның жастау кезінде  

қосыла алмай кеткен бай қызына деген ынтызар әрі қимастық көңілінен шыққан назы да, сазы да бөлек, жүрегін жарып шыққан төл әні болатын.Сондағы:

     Күмісайжан, біздер көштік Сырға таман,

     Армансың қолды бұлғап құмда қалған.

     Дүнияда бай болғанмен пайдасы не,

     Айырылсаң  жаның сүйген ғашық жардан?»- деп шығарған әнінің соңғы шумағынан өзіміз жиі айтатын зорлықшыл тар заманның, зар заманның шырқыраған шындығы-теңсіздік мәселесі елес бергендей терең әсер аласың..Тұрымбет жыраудың бұл әні 1898 жылы жазылған.  

     Өнер-халықтыкі. «Күмісай» әні  Сыр өңірінде, әсіресе, Қорқыт Ата елінде жиі айтылады. Бұл әннің басқа да  өңірлерге кеңінен тарағанына не жетсін?! 2018 жылы даңғайыр жырау атамыздың туғанына  150 жылдық мерейтойы Сыр өңірінде республикалық деңғейде тойланғалы отыр.Той қарсаңында «Күмісай» әнінің тарихына  тағы бір зер салғанды жөн көдік.

                                                        Ибрагим Бекмаханұлы,

                                                    жыраудың  немересі, 

Қазақстан Жазушылары, Журналистер  одағының мүшесі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз