КӨНЕ ТАРИХТЫҢ КӨМБЕСІ

456

0

 КӨНЕ ТАРИХТЫҢ КӨМБЕСІТалай тарихы шындықтың куәсі болған, аз зерттелген қалалардың бірі – Қазалы. Уезд орталығы болған көне шаһарға биыл 150 жыл толып отыр.
Қазалы бекетінен оңтүстікке қарай 12 шақырым жерде, Сырдарияның оң жағында орналасқан қала ең алғаш рет 1847 жылы Қазалы форты ретінде құрылды.
1853 жылы №1 форт деп аталатын әскери бекініс болды. 1867 жылдан кейін қала мәртебесін алды. Оның Орынбор-Ташкент жолында орналасуы тезірек қалаға айналуына қолайлы жағдай туғызды. Қала өзінің қалыптасу кезінен-ақ аймақтың экономикалық дамуына үлес қоса бастады. 1867 жылғы әкімшілік реформадан кейін әлеуметтік-экономикалық, мәдени-ағартушылық үрдістер жаңа серпін берді. Қазалы Ресейдің Орта Азия халықтары үшін Хиуа, Бұқара, Ташкентке тауар өткізуде транзиттік роль атқарды. Қаншама ұрпаққа құтты қоныс, жайлы мекен болған қасиетті топырақта Жанкент, Шірік-Рабат, Бәбіш молда, Жент, Жаңақала сияқты қалалар өмір сүрген. Онда қолөнер мен мәдениет, архитектура, түрлі шаруашылық салалары дамыды. XIX ғасырдың ортасына дейінгі аймақ тарихы 3 бағытта баяндалады.
1. Сырдарияның сол жағалауында, Қазалының оңтүстік бетінде орналасқан Жанкент шаһары байлыққа кенелген, бау-бақшалы, көк желекке оранған, алты Алаштың әулеттері орналасқан ірі орталық болған. Тарихшы Раш ад-Диннің деректеріне сүйенсек, Жанкентті XIII ғасырдың үшінші онжылдығында Шыңғыс ханның ұлы Жошы хан қиратқан.
2. Қазалы жері небір батырлар мен ақындардан кенде емес. Батырлығы мен даналығының арқасында Самарқанды 40 жыл билеген Жалаңтөс баһадүр, адамзат баласына ислам идеологиясын ұсынған жаңа жүйені насихаттаушы, Сыр сүлейлерінің арасынан шыққан жаңашыл ақын Қарасақал Ерімбет, айбаты мен қайраты аңызға айналған Жанқожа Нұрмұхаммедұлы сол қатарда. 
3. XIX ғасырдың басында Арынғазы сұлтанның хан сайлануы үлкен тарихи бетбұрыстың бастамасы болды. Арынғазының қоғамдық-саяси өмірінде тарихи оқиғалар басталды. Ол Сыр бойы қазақтарын қайтадан Кіші жүз хандығына қосып біріктірмек болды (З.Әділбекова, «Қазалы қаласы мен уезінің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы», Алматы, 2009 ж.). Алайда Ресей империясының 40-50-жылдарынан бастап отарлау мақсатымен қазақ даласында құрылыс күшейді. 1847 жылы жер ерекшеліктерін зерттеп картаға түсіру, жаңа бекеттер салу қызу қарқынмен жүргізіле бастады. Сырдарияның Арал теңізіне құяр саласында Райым бекінісі тұрғызылды (А.Якунин, В.Шахматов, «Восстание в Казахстане 50 г. ХІХ в.», Алматы, 1940 ж.). Бекіністің «Райым» аталуын білетіндер Райым имамның моласымен немесе Райым көлімен байланыстырады. 
Ресей бекіністің сауда керуендерін тонаушылардан қорғау үшін салынғанын мәлімдеді. Ал шынында, бұл Ресейдің Хиуа хандығына қыр көрсетуі әрі Түркістан аймағын отарлауға жасалған алғашқы қадамы еді. Хиуа хандығы Сырдария бойына орыс әскери бекіністерінің салынуына қарсылығын оның төңірегіндегі  қазақтарды тонаумен білдірді. Бірақ әскери күші басым Ресей империясы Райым бекінісінің негізін қалаған соң Арал теңізі мен Сырдария өңіріне ықпалын жүргізе бастады. Сырдария сағасына Ресей әскерлері келгенге дейін жергілікті қазақ халқы Хиуа және Қоқан әскерлерінің тұрақты шапқыншылығынан зардап шегіп отырды. Бекініс салынғасын Орынбор генерал-губернаторы Перовскийдің басшылығымен 1852 жылы 29 қаңтарда соғыс министріне Қазалы өзеншесінің Сырдарияға құяр тұсына форт орнатуға «рұқсат» сұрап рапорт жазады (М.Кереев, «Казалинск начинался так», «Путь Ленина», 1968 ж.). Рапорттың мазмұны император Александр ІІ-ге таныстырылады. Император рұқсат беріп, форт құрылысы генерал Перовскийдің жауапкершілігінде екенін ескертеді. Патшалық Ресейдің шенеуніктері жергілікті халық арасынан шыққан өте беделді, артынан елді ерте алатын, сауатты, оқыған адамдарды осы бекініс-қалалардың құрылысына кеңінен қатыстырған. Жергілікті оқығандар қала салуға қай жердің ыңғайлы екенін, патша шенеуніктеріне қарағанда жақсы білген. Орыс тілін жақсы білетін, суретші, зауряд-хорунжий Сердалы Бекшоринді, би Рахмет Айтов, би әрі хорунжи Үмбет Молдағалиұлы, жақайым руының биі Жетес Қыстаубаевтарды құрылысқа пайдаланған. №1 форт жобасы әскери құрылыс инженері Богдановтың жобасы бойынша жасалып, 1853 жылдың күзінде жұмыс жүргізе бастайды. Форттағы әскери гарнизонды, башқұрт жұмысшыларын, инженерлерді азық-түлікпен қамтамасыз етуді патша үкіметі арнайы реттеп отырған.
Патша үкіметі Қазалы аймағына еніп, бекіністерін орнатып болған соң жергілікті халық патшаға 1 сом 50 тиын күміс есебімен салық төлеп тұрған. Бекіністерді күшейту арқылы патша үкіметі Хиуа, Қоқан хандығы шекарасына жақындай түсті. Себебі Орта Азияға енуге қажетті плацдарм дайындау қажет болды. Осы жолда Сырдарияның төменгі ағысын мекендеген кішкене шекті, шөмекей, төртқара сияқты рулардың көші-қон қыстаулары бар еді. Олар өздерін тәуелсіз санап, Хиуа-Қоқанға қарсы үздіксіз соғыс жүргізді. 1853 жылы №1 форт (Қазалы) болып құрылғаннан кейін оның алғашқы тұрғындары Райым бекінісінен қоныс аударғандар, Орынбор казактары, Арал флотының матростары, солдаттары болды. Алғашқы кезде бұл әскери бекініс-ті. Кейін мұнда Орал казактары, қырғыздар, өзбектер, татарлар қоныстанды. Ресейдің Бұқара, Ташкент, Хиуа қалаларымен сауда байланысының дамуынан керуен жолы өтіп, Қазалы 1867 жылы уездік қалаға айналды.
1867 жылы 11 маусымда Түркістан генерал-губернаторлығы құрылып, №1 форт атауы өзгертілді. Қазалы қаласы Сырдария облысының құрамына кірді. Қазалы уезінде 1868 жылғы 1 сәуірден бас¬тап 6 болыс құрылды. Олар – Қарақұм, Райым, Қостам, Сарытоғай, Қарабастоғай және Заңғар (ҚРОММ 267-қор, 1 т., 4 іс, 2 п.) Уезд басшысы Қаракөл, Қостам, Сарытоғай болыстарында адам санының артуына байланысты тағы 3 болыс құру керектігін, тіпті 7 болысты екі еселеуге болатынын, оның әрқайсысында 1000-1600-дей үй барын хабарлайды. Түркістан генерал-губернаторы 1875 жылы 20 қарашада патшалы Ресейге адал қызмет еткен Алайғыр, Райым, Қостам, Ақтөбе, Қараман-Мақпал, Сарытоғай, Қарабас-тоғай, Көшербаев, Заңғар, Қорғаншы болыстарын арнайы марапаттаған.
1860 жылы 21 қаңтарда тұңғыш Қазалы училищесі ашылды. 1861 жылы 9 ақпанда дінбасы Победаносцевтің бастауымен қыздар мектебі ашылды. Мектеп 1862 жылдың аяғында оқытушылардың басқа жаққа кетуіне байланысты жабылды. 1865 жылы Қазалыда қазақ балалары үшін мектеп ашылып, онда аптасына алты күн сабақ өткізілді. 16 бала білім алды. Сондай-ақ 1879 жылы 19 тамызда 2 сыныптық қыздар училищелері ашылды. 1897 жылғы халық санағы бойынша Қазалы уезінде 140 541 адам тұрды. Оның ішінде қазақтар – 135 860 (96,6 пайыз), орыстар – 2 821 (2 пайыз). Қазалы қаласында 7 585 адамға жетті (Первая всеобщая перепись населения Российской империй 1897 г., Сырдаринской область). Ұлты татар орынборлық көпес Хусайыновтың сауда дүкендері шаһардың көркін қыздырды. Осыдан соң Орынбор татарлары Қазалыға ағылып көше бастады. 
1861 жылы №1 фортта 96 лавка салынып, 8 орыс, 4 қырғыз, 96 бұқар және 1 хиуалық сауда жасады. 1869 жылы базар алаңында 256 үй және 300 лавка болды. Оның 70-і орыстарға тиесілі болса, 180-і – бұқарлық, 80-і – хиуалық. Ірі саудагерлердің сауда айналымы 45 мың сомға дейін жетті («Туркестанский сборник», 5-том). Бұл мәліметтерден Қазалы жерінде сауда керуендері жиі болғанын көреміз. Керуен жолдарының бойында керуен сарайлары, тоқтап дем алуға арналған үйлер болды. Орыс саудагерлер мен азиялық керуендер әртүрлі жолдармен жүрді. Орыс керуендері қазақ бекеттерін, азиялық керуендер қазақ жайлауларын жағалап жүрген. Екі керуен жолда тоқтап, қазақтармен айырбас сау¬-да жасап отырған. Ресейден нан, иленген тері, жүн және мақта-мата, темір бұйымдар әкелінсе, Ресейге мал, мақта, жеміс, шай, қағаз бұйымдар сатып алынды. Соның ішінде астық, иленген тері мен маталар Қазалы арқылы өтті. «Бұл жердің көпестері Ірбіт пен Нижний Новгордтан Ресей тауарларына Чугучак пен Құлжа сияқты Қытай қалаларынан – шай, жібек маталар, фарфор, әртүрлі ұсақ бұйымдар, ал Ташкент, Бұқара мен Қоқаннан – халат, кілем, күріш, кептірілген жеміс, қазақ даласынан жылқы, қара мал, қой, киіз, түлкі және басқа аңдардың терілерін айырбас¬тап отырды», – деп жазды А.Янушкевич («Дневники и письма из путешествия по казахским степьям», А., 1965 ж.).
1880 жылы Қазалы уезінде сыра қайнататын зауыт жұмыс істей бастады. Онда 900 шелек сыра өндіріліп, жылына 4 мың сом пайда әкелді. 1881 жылы арақ-шарап, ал 1886 жылы екінші сыра қайнататын зауыт ашылды («Обзор Сырдаринской области за 1886 г.», Ташкент, 1887 ж.). 1879-1880 жылдары болған жұт адам айтқысыз әсерін тигізді. Әсіресе, 1891-92 жылғы жұттан уездің өзінде жылқының – 90, қойдың – 80, түйенің 60 пайызы өлді (Х.Арғынбаев, «Қазақтың мал шаруашылығы жайында этнографиялық очерк», А., 1969 ж.). Осы жағдайға байланысты 1892 жылы қаңтар, ақпан айларында Самарқан, Ферғана облысының уездерінен 1 900 сом 27 тиын ақшалай көмек келді. Қайырымдылық комитеті көмек көрсетті. 
Қазалы өлкесінің экономикасы үшін су және теміржол транспортының маңызы орасан зор еді. Алайда қазақ даласында қатынас жолдары жоқтың қасы болды. Бұл ішкі және сыртқы сауданың дамуына бөгет жасады. «Орынбор-Ташкент» теміржолының салынуы арқылы Түркістан өлкесінен Ресейге мақта, жеміс, былғары, тері, қаракөл елтірісі, шарап және басқа ауыл шаруашылығы тауары жеткізілді. Бұл жолды қалай тарту жөніндегі талас туған кезде теміржол салуды жақтаған отаршыл әкімшіліктің әскери ведомствосы, Москва мануфактурашылары, Түркістан буржуазиясы, сондай-ақ Орынбор мен Самара саудагерлері жеңіп шықты. Теміржолдың салынуына байланысты 1904 жылы Жаңа Қазалы поселкесінің негізі қаланды. Қазіргі локомотив 1905 жылы паровоз жөндейтін шеберхана ретінде ашылып, кезінде вагондар жөнделген. Жергілікті теміржолшылар 1905 жылғы бүкілресейлік саяси ереуілге үн қосты («Советы и ревкомы Казахстана», А., 1971 ж.). Революциялық қозғалыс барысында Қазалы теміржолшыларының социал-демократиялық тобы қимыл жасады. Топ революцияшыл жұмысшылардың үйірмесі ретінде 1905 жылы құрылды. 1905-1907 жылғы революциялық қозғалысқа белсене қатысқаны үшін кейбірі сотталып, айдалып кетті. (А.Бакиров, «Это было в Казалинске»).
Қазалы қаласының елтаңбасында алтын түстес жердегі қара қалқанда жүк артқан түйе, жоғары жағында алтын жалатқан ашамай құрал бейнеленген. Бос бөлігінде – Сырдария облысының елтаңбасы. Қалқан ашамайдан бастап күміс түсті тәжбен көмкерілген және Александр лентасымен жалғасатын алтын түстес екі жүзім шоғымен қоршалған. Теміржол вокзалының іргесі Ақиректен алынған шақпақ тастан қаланған. Вокзал ғимаратының сәулетіне қызыққан жергілікті тұрғындар оны «Сұлу, әдемі үй» деп бағалап, кейін «Сұлу там» атап кеткен. Ауданның даңқты революциялық тарихы бар. Қазан революциясын Қазалы халқы «Аврораның» тарихи үнінен кейін бес күннен соң қарсы алып, Кеңес үкіметін орнатты. 1917 жылғы наурызда мұнда жұмысшы шаруа және солдат депутаттарының кеңесі құрылды (Т.Елеуов, «Установление Советской власти в Казахстане», А., 1956 ж.). 1917 жылдың қараша айында Қазалыда кеңес үкіметі орнады. Алғашқыда кеңестер құрамында солшыл эсерлер мен меньшевиктер болды, желтоқсанда олар Кеңес үкіметінен аластатылды. 
1928 жылы сәуір пленумының шешіміне сәйкес Қазақстанда әкімшілік-ай¬мақтың бөлінісіне байланысты Қызылорда және Қазалы уездері таратылып, бұрынғы екі уезд негізінде Қызылорда округі құрылды. Округтік комитеттің Қазалы және Қызылорда уездерін аудандастыру жөніндегі қаулысы бойынша 1928 жылғы 12 мамырда республикада алғашқылардың бірі болып Қазалы ауданы құрылды. 61 жыл бойы уезд орталығы болған Қазалы ауданға айналды. Соғыс аяқталып, ел тыныштық өмірге қалыптаса бастаған уақытта аудан орталығы Әйтеке би (Жаңа Қазалы) кентіне ауыстырылды. Бұл 1958 жылы еді. Ол кезде ауданның бірінші хатшысы Камаладдин Бердіқұлов болды. Солақай саясаттың кесірінен Қазалы қаласы даму жөнінен кенже қалды.
Сөйте тұра, Қазалы  – Сыр бойындағы тұнып тұрған тарихы бар рухани қазыналы бай өлке. Заманында оғыздардың Отаны болған Жанкент көне тарихтың көмбесі іспеттес. Ғалымдардың пайымдауынша, түркі әлемінің көреген көсемі, ойшыл, философ Қорқыт атаның осы топырақтан нәр алуы Қазалы жерінің киесін аңғартса керек. Жалаңтөс баһадүр, Әйтеке би, Жанқожа батыр, Ақтан батыр, Бекарыстан би, Қарасақал Ерімбет, Ғани Мұратбаев тәрізді батырлар мен билердің, ғұламалар мен қоғам қайраткерлерінің қазыналы Қазалы топырағында кіндік кесіп, Орталық Азия мен қазақ халқы үшін ғұмырларын сарп етуі бекер болмаса керек.
Өтеубай ҚОЖАҚҰЛЫ, 
тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз