КҮНСҰЛУДЫҢ “АЙ-КҮНІ”

41

0

КҮНСҰЛУДЫҢ “АЙ-КҮНІ”Бүгінде кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан жасалып
жатқан же­ңілдіктер аз емес. Шағын кә­сіп­ті кеңейтіп, одан әрі ­дамыту
мақсатында пайызы төмен не­сиелер де қарастырылған. Осын­дай қолдаулардың арқа­сында
кә­сіп­керлер ­шаруасын дөңгелентіп отыр. Біздің ма­қа­ла­мызға арқау бол­ған
ке­йіпкеріміз де мемлекет та­ра­пынан жасалып ­жат­қан қамқорлық аясын­да
жұмысын жандандыруды көздейді.

Күнсұлу Испанова – он
саусағы­нан өнер тамған нағыз іскер, еңбекқор жан. Оның ашқан «Ай-Күн» тігін
шеберханасы көпшілікке жақсы таныс. Халыққа сапалы қызмет етіп ғана қоймай,
үнемі жаңашылдыққа ұмтылатын Күн­сұлу­дың шеберлігіне қанықтар да көп.
«Ай-Күнде” қыз жасауы, көрпе, көрпешелер,жастықтар, қор­­жындар, матрастар мен бала­бақ­шаларға арналған төсек
жабдық­тарының барлық түрлерін заман талабына сай етіп тігеді. Ұлттық
өнерімізді дәріптеу негізінде жаса­ғанбұйымдарына қазақы ою-өрнектерді кестелеп тоқиды. Әу баста Күнсұлу жұмысын ескі көрпе-көрпешелерді жаңартудан
бастаған. «Адамдар пайдаланған дүниелерін қоқысқа тастай салады. Ол дұрыс емес.
Қайта өңдеп, қалпына келтіріп тігуге болады ғой. Бірде көшеде кетіп бара жатып,
қоқыстан ескі төсек жабдықтарын көріп ой кел­ді. Содан жарнамаға алғаш болып,
«ескі көрпе-көрпешеледі жаңартамын” деген тіркесті қосып қойдым», – дейді ісмер. Әңгімесін кезекті
тапсырысын тіге отырып, сабақтаған кейіпкеріміз осы ­жолда талай тер төк­кенін
жеткізді. Бір қарағанда жеңіл ма­ман­дық көрін­генімен, нағыз шыдамдылық пен
төзімділікті қажет ететін кәсібін Күнсұлу мақтан етеді.

– Бала кезден тігін
тігуге құмар болдым. Әжем тігінші болатын. Ол жоқта тігін машинасын пайдаланып
ең алғаш көрпеше тіккенім есімде. Содан кәсіптік-техникалық училищеге түсіп,
тігінші мамандығын бітірдім. Алғашқы жұмысым қара­көлден бас киім тігуден басталды.
Кейін тігін ­цехына жұ­мысқа орналас­тым. Тұрмысқа шық­тым, үйде баламен
отырған кезде көрпе, көрпеше тігіп, оны базарға апарып сатып келетінмін. Осылай қаражат жинап, жұмысым аз да
болса алға басты, – дейді шебер.

Күнсұлу 2011
жылы қызы Жанармен бірлесіп «Ай-Күн» жеке кәсіпкерлігін құрады. Жанар да
анасынан үйренген өнерін дамытып, осы салаға әбден машықтанып алған. Бүгінде кәсіпкер 4 адамды жұмыспен
қамтып отыр. Оның екеуі жұмыспен қамту
орталығының жолдамасы арқылы келген. Жалға алып отырған тігін цехында
жұмысшыларға жағдай жасалған. Соңғы
үлгіде шыққан 4 тігін машинасын Қытайдан алдырыпты.

– Мен өз ісімді қатты жақсы көретін жанмын. Бала
кезден кәсібімді дамыту үшін талпынып келемін. Кейде күніне 30-дан аса
көрпе-көрпеше мен 3-4 қыз жасауына тапсырыс аламыз. Бастысы, тапсырысты
уақытында бітіруге тырысамыз. Армандар көп. Жеке цехым болса, жұмыс көзін одан
әрі кеңейтер едім. Сол себепті «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан
жеңілдетілген несие алсам деймін. Қытайға барған сапарымда тігін құралдарын
сататын үлкен дүкенге барған едім. Содан ескі көрпе-төсектерді қайта өңдеп
шығатын құрылғыны көрдім. Маған ұнады. Оған қоса көрпе көктеуге арналған арнайы
тігін машиналары да бар екен. Соларға қол жеткізсем деймін. Сонда күні-түні
көзмайымды ­та­уы­сып жасаған еңбегім ақталар еді,-дейді Күнсұлу.

Расында, еңбек қашанда өз нанын жегізеді. Бізде
тігінші Күн­сұлудың мемлекеттің қолдауы ар­қылы одан әрі жұмысын жетіл­діретініне
сеніміміз мол. Аса бай­салдылықпен он саусағы майысып тігін тіккен шебердің
ісіне іштей сүйсініп қайттық.

Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз