КООПЕРАТИВТЕР АГРОБИЗНЕСКЕ ЖАҢАША СЕРПІН БЕРДІ

153

0

Агро­өнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі бағытын жүзеге асыру бойынша Шиелі ауданы көш бастап тұр. Мәселен, аудандағы «Шиелі төрт түлігі» өндірістік кооперативі күніне бір тоннаға дейін шұбат өндіреді. Бала би ауылындағы Жүсіповтердің қазіргі жетістігі осы. Малшы отбасы алғашында 20 бас ойсылқара тұқымын бағып-қағып, қазір түлік санын тоқсанға жеткізді.

– Інгендерді таңертең және ­кешке, екі мезгіл сауамыз. Сүт өндіретін цех күн­делікті 50-60 литр түйе сүтін нақты ақшаға қабылдайды. Күнделікті өткізгесін арзан бағада ұсынамыз. Яғни литрін 300 теңгеден өткіземіз, – дейді ферма сауыншысы Мүбә­рак Жүсіпова.

Жүсіповтер отбасы сауып әкелген сүтті осындай 35 майда шаруашылықтардың басын біріктірген «Шиелі төрт түлігі» кооперативі қабылдайды. Түйе сүтінен «АруАна» атауымен шұбат, қымыран өнді­ріледі. Бір жарым жылдың ішінде кәсіп­орын өнімдер түрін көбейтіп, қаймақ, қатық-айран, құрт-сүзбесін де саудаға шығарды. 

«Шиелі төрт түлігі» кооператив директоры Сабыр Есмаханов әдепкіде көпте­ген қиындықтарға ұшырағанын ­ай­тады.

– Кооператив алғаш құрылған ­жыл­­дары біршама қиындықтар ­туындады. Оның барлығы кәсіпкерлік саласында кез­десе­тін кедергілер. Түйе сауудың өзіндік ерекшеліктері бар, осының барлығына ауыл адамдарын үйреттік. Санитарлық нормаларын, қымыран-шұбаттың табиғи дәмін сақтау әдісін үйреніп, сүт көлемін көбейттік. Бастапқы кезде 400 литр шұбат өндіретінбіз. Қазір 1 тонна күнделікті өндіретін қабілетке жеттік. 200 бас түйе санын 750-ге жеткізген кооперативтің алдағы жоспары ауқымды. Басты меже агроқұрылым әлеуетін арттырып, ауылдықтардың әлеуметтік жағдайын жақсарта түсу. Атакәсіпті түлетушілер мемлекеттік қолдаудан да кенде емес, дейді кооператив жетекшісі.  

– Осы жылы облыста ин­ди­­ка­тив­тік жоспар бойынша 19 жеке ша­руа­шылық кооперативі құрылу керек ­болса, биылғы жылдың өзінде 20 кооператив құрылып отыр, – дейді облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасы басшысының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов. ­Қазір­гі таңда осы кооперативтерге түлік ­сатып алу және қажетті құрал-жабдықтар алуға жұмыстар жүргізілуде. Одан бөлек Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 15 кооперативке 1 млрд 56 млн теңге қаржы бөлінген. Кооперативке бірі­гу агробизнеске жаңаша серпін бергені бай­қалады. Өйткені жұмыла көтерген жүк жеңіл екенін түсініп, ұжымдасқан ауыл­дықтардың қазаны майлы, өмірі жайлы екені көрініп тұр.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз