КӨП ІС ТЫНДЫРАМЫН ДЕСЕҢ, ҚАНАҒАТТАН БАСТА

120

0

КӨП ІС ТЫНДЫРАМЫН ДЕСЕҢ, ҚАНАҒАТТАН БАСТАСыр елінде атқарылып жатқан кез келген игілікті істер өңір үшін өзекті. Бүгінгі өркениет бағытындағы Қармақшы ауданында жаңашыл ізденістер мен байыпты бастамалар жетерлік. Оның бір парасын ауданға жасалған кезекті сапардан анық аңғардық.
Ауданның кәсіпкерлік саласының басым бөлігін сауда және қызмет көрсету саласы қалыптастырып отыр. Бизнес жобаларды кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға бағытталған бағдарламаларға қатыстыру бойынша былтыр бірқатар жұмыстар атқарылған. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы және «Микробизнес – Қызылорда» жобасы шеңберінде бірнеше жобалар несиелендірілген.
«Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы шеңберінде «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС-нан 6 млн теңге қаражат алған жас кәсіпкер Айбек Муслимов Жосалы кентінен сұлулық салонын ашып, екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Былтыр өз қаражатына қос қабатты нысан салып, бірінші қабатына сән салонын ашқан кәсіпкер, қалған бөліктеріне той жабдығы мен дүкен ашпақ ниетте екенін білдірді. Он пайыз жеңілдікпен алған несиені 4 жылда толықтай өтеуді көздеп, отбасылық бизнесті тұрақты дамыту жоспарымен бөлісті.  
Кент орталығында ашылған жаңа той салоны да «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасының жемісі. Жас кәсіпкерлердің бірі Жұлдыз Алиева да өткен жылы «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС-нан 10 млн теңге несиеге қол жеткізіп, «Мерекелік шаралар ұйымдастыру студиясын» ашты. Бұл да отбасылық бизнес негізінде іске асырылған сәтті жобалардың бірі. Қазіргі таңда Жосалы кентінде той салоны, лимузин жалдау, қалыңдық киімін жалға беру сияқты қызмет түрлерін жандандырып отыр. 
Құрылыс саласында пластик цехын ашып, кент және ауыл тұрғындарына сапалы қызметін ұсынған кәсіпкердің бірі – Елубаев Әмит. Ол былтыр цехты құрал-жабдықтармен қамтып, жүктасығыш «Газель» автокөлігін алуға осы бағдарлама аясында 5 млн теңге несие алып, жұмысын жандандырып келеді. Әмит аға 2000 жылдан бері ағаш өңдеумен айналысқан екен. Өз кәсібін жете меңгерген ол цехта есік, терезе, тағы сол сияқты тұрмысқа қажетті бұйымдар жасап келсе, енді плас-тиктен терезе, есіктер жасап аудан тұрғындарының сұранысын өтеуде. Ағаш өңдеу және пластик цехтарында 8 азамат жұмыспен қамтылған. 
Бұрынғы фельдшер Ләззат Қызыл¬баева – «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дөңгелентіп отырған кәсіпкердің бірі. Ол жылқы бордақылаумен айналысып, аудан-ауыл халқын етпен қамтамасыз етуде. 
– Жұмыстан қысқарып қалған соң, жеке кәсіп ашуды көздеп мемлекеттік бағдарламаға жүгіндім. Керекті құжаттарды дайындап 9 пайыз жеңілдікпен 4 жылға 4 млн теңге қаржы алып, қаңтар айынан бастап жұмысты бастап кеттік. Осы кезде 7 бас жылқы бордақыда тұр. Бордақыларды кейде сойып, кейде тірілей сатамыз. Шағын шаруа болған соң, оны отбасы мүшелері – өзіміз атқарып жатырмыз. Болашақта жайылымдық жер алып, ферма ашуды жоспарладым,– дейді Ләззат. 
Атакәсіпке бет бұрған кәсіпкердің бірі –Есіркеген Ідірісов. Былтыр қыркүйек айынан бастап Зеңгі баба тұқымын көбейтумен және бордақылаумен айналысып келеді. Өз қаражатына былтыр жазда мал бордақылауға арналған жабық қораны жаңадан салыпты. 
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен 4 млн теңге несие алып, мал бордақылаумен айналысуға былтыр кірістім, – дейді ол. 
Есіркеген ағаның мал қорасы 30 басқа арналған. Өз аяғымен жайылмаған малдың да бабын жасау оңай шаруа емес. Мезгіл-мезгіл жем-шөбін, суын беру, орнын тазалау керек. Кәсіпкер қыс бойы Жосалы мен Төретам кенттеріндегі, Байқоңыр қаласындағы дүкендерге шамамен 2 мың тоннадай ет өткізген. Қазір қорада тұрған 30 сиырдың да күйі келісті. Бұл жерде 2 адам жұмыс істейді. Болашақта тағы да несие алып, 60 басқа арналған екі бордақылау алаңын салу жоспары бар.
– Кәсіп ашамын деушілерге ұсынылған мүмкіндіктерді дер кезінде пайдаланған жөн. Әсіресе, мал өнімдерін өңдеушілерге қолдау жақсы. Осы ретте асылтұқымды сүт бағытындағы сиырлар алып, шағын сүт зауытын ашу да ойымда бар, – дейді жеке кәсіпкер Есіркеген Ідірісов.
Осылайша, Қармақшы ауданына жасалған сапарымызда бизнесін  сәтті бастаған бірнеше кәсіпкерлермен таныстық. «Көп іс тындырам десең, кішкентайдан баста» демекші, олар үлкен талаппен еңбек етіп, іргелі істер тындыруда.
КӨП ІС ТЫНДЫРАМЫН ДЕСЕҢ, ҚАНАҒАТТАН БАСТА
КӨП ІС ТЫНДЫРАМЫН ДЕСЕҢ, ҚАНАҒАТТАН БАСТА

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Қармақшы ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз