Көп талқысы кемел

65

0

Бүгін «Достық үйінде» облыстық Қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен Қазақстанда билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді бөлу мәселелері бойынша Конституцияға енгізуге ұсынылған өзгерістер жөніндегі заң жобасын талқылауға арналған басқосу болып өтті. Оған Қоғамдық кеңес мүшесі, белгілі қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов төрағалық етті.  Басқосуды ашқан Б.Досманбетов бүгінде елімізде «ҚР Конституциясында өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқылануда екенін атап өтті. Талқыланып жатқан Конституциядағы өзгерістер – еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бергі саяси реформалардың логикалық жалғасы болмақ.
Отырысқа шақырылған «Сыр медиа» ЖШС  жанындағы ақпараттық талдау орталығының басшысы Сәулет Сахиев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары Дастан Сәтбай және Ләззат Қаржаубаева өздерінің пікірлерін ортаға салды. 
С.Сахиев өз кезегінде Заң жобасында Конс¬титуцияға Президенттің қандай өкілет¬тіктері Үкімет пен Парламентке берілмек екені көрсетілгенін,  жоба бойынша, алдымен Президенттің әлеуметтік-экономикалық процес-терді реттеудегі біршама өкілеттіктері Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берілетінін жеткізді. Сонымен бірге, ол ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Игорь Роговтың  Ата Заңға енгізілетін өзгерістер жобасы жөнінде берген сұхбатындағы түсіндірмелерді келтірді. 
Заң жобасында ұсынылып отырған Конституциялық өзгерістердің мән-мағынасы ол ең алдымен жеке меншік құқығын қорғау тетіктерін күшейтумен байланысты. Қазіргі уақытта Конституция Қазақстан Республикасы азаматтарының жекеменшік құқығына кепілдік береді. Негізгі Заңның 12-бабының 4-тармағына сай Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар республикада азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ, міндеттер атқарады. Азаматтық кодекстің (Жалпы бөлім) екінші тарауы Қазақстан Республикасы азаматтарының, өзге мемлекеттер азаматтарының, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдардың меншік құқығына кепілдік береді. 
Л.Қаржаубаева ел азаматтарының Конс¬титуцияға енгізілетін өзгерістерге қатысты немқұрайлы қарамай, белсенділік танытып, азаматтық позицияларын білдіріп жатқаны қуантатынын атап өтті. Әйтсе де заңды жете білмеу көптеген түсінбеушіліктерге әкеп соғатынына назар аударды. Конституцияларды жазғанда белгілі стилистика қолданылатынын тілге тиек еткен ғалым көптеген елдер конституцияларына талдау жасағанын айтты. 
Отырысқа қатысып, пікірін ортаға салған ғалымдар қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. 
Ы.ТӘЖІҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз