КҮРЕ ЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ КЕШЕНДЕР ЗАМАНАУИ ТАЛАПҚА САЙ БОЛУЫ КЕРЕК

109

0

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төраға¬лығымен сәулет-қала құрылысы кеңесінің отырысы өтіп, онда Қызылорда қаласында салынуы жоспарланған «Форте Банк» АҚ ғимаратының, Қармақшы ауданы ІІІ Интернационал ауылы,  Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті және №99 жол айрығы, Арал ауданы, Шижаға ауылы тұсынан салынатын «С», «Д» санатты жол бойы кешендерінің эскиздік жобалары таныстырылды.
Қызылорда қаласының жаңа әкімшілік ауданына салынатын «Форте Банк» үш қабат¬ты, ерекше сәулетті болмақ. Банктің облыстық филиал директоры Е.Мұсабаев жақын күндері құрылыстың іргетасы қа¬ла¬на¬тынын айтты. Жобалаушы компания ғимараттың заманауи үлгіге, өңірдің кли¬маттық ерекшелігіне сай болуына мән берген. Банктің өңірлерде 19 филиалы бар болғанымен, биыл мұндай ғимарат тек Қы¬зыл¬ордада ғана салынбақ. Құрылысты  Тәуел¬сіздік мерекесі қарсаңында аяқтау жоспарланған. 
Кеңес мүшелері «Форте Банк» ғимара¬тының эскиздік жобасын  мақұлдап, абаттандыру және көгалдан¬дыру жұмыстарына аса мән беруді, тамшылатып суару әдісін кеңінен қолдануды ұсынды. 
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халық¬аралық автокөлік дәлізінің бойында «Рагибов» ЖК  салатын жол бойы кешені Қармақшы ауданы, III Интернационал елді мекенінің тұсында орналасады. Жеке кәсіпкер Б.Рагибовтың айтуынша, кешен 10 нөмірлік қонақ үй мен кафе, сауда павильоны, үлкен және жеңіл автокөліктерге арналған көлік жуу бекеті, автокөлік жөндеу шеберханасы, автотұрақ, жылыжай, әжетхана мен жуыну кабиналары, жазғы демалыс алаңқайынан тұрады.  
Ғимараттардың қасбеттері замануи, сапалы материалдармен әрленеді. Қонақ үйде заманауи нөмірлер, медициналық пункт, кафе, киім жуу бөлмесі болады. Кешеннің аумағындағы жуыну бөлмелері аз уақытқа аялдаған жолаушыларға қызмет етпек. Ал автокөлік шеберханасы жолаушылардың көлігін толықтай тексеруден өткізуге және істен шыққан бөлшектерін ауыстыруға мүмкіндік береді. 
Кешеннің аумағында жеңіл және жүк автокөліктеріне, автобустарға арналған тұраққа қауіпсіздік бейнебақылау камера¬лары қойылады. Кешеннің аумағы толықтай абаттандырылып, көркей¬тіл¬мек. Жо¬лаушылардың тынығуы үшін жазғы алаңқай да қарастырылды.
  Кешен іске қосылғанда, құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде ауыл тұрғындары жұмыспен қамтамасыз етіледі. Кейін тәулігіне 200-250 автокөлікке қызмет көрсету жоспарлануда. Құрылыс жыл соңына қарай толықтай аяқталмақ.
Кәсіпкер Т.Басенов қолға алған Қазалы ауданы, №99 жол айрығы тұсындағы кешен құрамына  20 орындық тамақтану орны, дүкен, жуыну кабиналары, жеңіл және ауыр автокөліктерге арналған автотұрақ, эстакада, жазғы демалыс орны кіреді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын биыл бастап, келесі жылы толықтай аяқтау жоспарланған. 
Арал ауданы, Шижаға елді мекені тұсындағы жол бойы кешеніне де кафе, қонақ үй, жуыну кабиналары, автотұрақ, дүкен, автошеберхана орналасады. Қазір бұл жерде жеке кәсіпкердің тамақтану орны мен жанар-жағармай құю бекеті  жолаушыларға қызмет көрсетуде. Кәсіпкер Т.Әбибуллаев  кешенді биыл толықтай іске қосып, қосымша 7 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.  
Кеңес отырысында «Байсуганова А» жеке кәсіпкердің өкілі Ә.Қарымсақ Қазалы ауданы Әйтеке би кентінің тұсынан салынатын  жол бойы кешені жобасы туралы айтып берді. Бұл кешенде де жолаушылар барлық қажеттіліктерін өтей алады. 
Ұлы жолдың бойындағы тағы бір нысан – Қазалы ауданы Әйтеке би кентінің тұсында бой көтереді. «МКМ Сервис» ЖШС сәулетшісі Ғ.Ерікбаевтың айтуынша, қазір бұл аумақта 1986 жылы салынған ескі жанар-жағармай құю бекеті орналасқан. Бекет 2013 жылдан бері жолаушыларға қызмет көрсетпейді. Жоба бойынша ескі бекет бұзылып, оның орнына жаңа жанар-жағармай құю станциясы салынады.  
Станция ғимаратында тамақтану орны, дүкен, жұмысшылардың жуыну кабинасы және басқа да қосалқы бөлмелер орналасады. Сонымен бірге, оның аумағында жеңіл және жүк көліктеріне арналған автотұрақ, қоқыс тастау орны да қарастырылған.   Құрылыс 6-8 ай ішінде толықтай аяқталады. 
Кеңес отырысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізінің бойында салынуы жоспарланған жол бойы кешендерінің эскиздік жобалары мақұлданды. Құрылыстарының сапалы жүргізілуі және мақұлданған эскиздік жобаларға сәйкес болуы туралы тапсырма берілді. Сондай-ақ, тиісті тұлғаларға кешен аумақтарын абаттандыру және көгалдандыру, қажетті жер учаскелерін және рұқсат құжаттарын қысқа мерзімде беру жүктелді.  

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз