КӨРМЕНІ АРАЛАҒАН КЕЗДЕГІ ЕСТЕ ҰСТАЙТЫН КЕҢЕСТЕР

89

0

КӨРМЕНІ АРАЛАҒАН КЕЗДЕГІ ЕСТЕ ҰСТАЙТЫН КЕҢЕСТЕРЭКСПО көрмесі ашылғалы бері оны қызықтаушылар саны күн санап көбейіп келеді. «Жақсыны – көрмекке» деген, көрме павильондарын тамашалауға ағылған халыққа кеңестерді ұсынамыз. 
ЭКСПО-ға таксимен келсеңіз де, көлігіңізбен келсеңіз де «Mega Silk Way» ОСО жағынан (Қабанбай батыр даңғылы жағы) тоқтаңыз. Мәселен,  көлігіңізді Мега немесе ЭКСПО-ның ақылы тұрағына қоя аласыз. Көлік тұрақтың сағаты 200 теңге, әр кейінгі сағатына 100 теңге қосыла береді. 
Ыңғайлы аяқ-киіммен келіңіз. Әсі¬ресе, қыз-келіншектер биік өкше дегенді ұмытыңыз. ЭКСПО кешені үлкен алаң. Билет құнын өтеп, уақытты тиімді өткі¬зем десеңіз, көп көріп, көп жүруге тура келеді. Кешеннің ауласына -Еуропа көше¬леріндегідей брусчаткалар төселген. Жай табан аяқ-киімді жөн көргеніңіз дұрыс болар. 
Тамақтанып шығыңыз. Өзіңізбен алып шыққан суды кешенге кіргізе ме, ол жағы белгісіз. Алайда, алаңдағы тіскебасар, сусындардың бағасы әдеттегісінен қымбат. Туристердің қалтасына арналған. Мәселен, 0,5 литр  «Тассай» суы – 450 теңге. 
Жас балаларды (3-4 жасар), көп нәрсені түсінбейтін балаларды үйге тастап кетуге тырысыңыз. Себебі, оларға ғылым, мәдениет дегендеріңіз соншалықты қызық емес. Өзі де шаршайды, сізді де шаршатады. ЭКСПО-ға кіреберіс жағында балаларға арналған жалға беретін коляскалар бар. Сағаты 500 теңге. Сіз кемінде көрмеде 3-4 сағат боласыз. Қанша төлейтіндігіңізді есептей беріңіз. Өзіңізбен бірге жеке төл¬құжатыңызды ала шығыңыз. Кірерде төлқұжат талап етіледі. Және велосипед немесе колясканы жалға алатын болсаңыз, кепілге қалдыратын құжатыңыз болу керек. 
ЭКСПО павильондарының барлығын көруге тырыспаңыз. Барлығын бір күнде көру ауырлау болады. Өздеріңіз үшін қай елдер қызық болар еді деп, алдын ала ¬жоспарлап алыңыз. Мәселен, мен көрген павильондардың ішінде Әзербайжан, Вьетнам, Жапония, Италия, Австрия, Словакия, Үндістан, Пәкістан павильондарын көруді сенімді түрде ұсынар едім. Бәрінен бұрын өзіміздің Қазақстанның павильонын көруді ұмытпаңыз.  
Алаңда немесе павильонның ішінде болып жатқан ұлттық өнер, ән-би қойы¬лымдарын көруге кемінде 10 минут бөліңіз. Бұл ұлттарды күнде көріп жүрген жоқсыз. Сондықтан, ұлттың көңіл-күйін, рухын сезінуге, түсінуге тырысыңыз. 
ЭКСПО-ға билет құны демалыс күндеріне 6000 теңге, жұмыс күндеріне 4000 теңге, қыркүйекке дейін кез келген күнге 8000 теңге, 12 жасқа дейінгі балаларға 3000 теңге, 5 жасқа дейінгі балаларға тегін, студенттерге 50 пайыз арзан.
Билет бір күнге жарамды. ЭКСПО алаңынан шығып кетсеңіз, қайтып сол билетпен кіре алмайсыз. Көрме алаңына 9.00-22.30 аралығында кіре аласыз.
БАҚ көздерінен.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз