КҮРІШІН КӨРШІ ЕЛДЕРГЕ ШЫҒАРАДЫ

157

0

КҮРІШІН КӨРШІ ЕЛДЕРГЕ ШЫҒАРАДЫАймақта аграрлы саланы дамытуда тың серпіліс
бар. Оның ішінде, күріш шаруашылығының
көкжиегін кеңейтуге баса назар аударылған. Бұл бағытта агроөнеркәсіп кешенін
қалыптастырып, ақ маржанның әлеуетін арттыру бағытында ілкімді жұмыстар
атқарылуда. Соның бір айғағы –жаңақорғандық «Тасболат-А» ЖШС ақталған күрішті
ел ішінде ғана емес, шетелге экспортқа шығару мәселесін жүйелі жолға қойған.
Бұл кәсіпорын алтын дәнін Шиеліге егіп, өнімін Жаңақорғанда ақтайды. Бақытжан
Сағындықұлы жетекшілік ететін серіктестіктің серпінді тірлігін тақырыпқа арқау
етуді жөн көрдік.

«Тасболат-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің негізі 2012
жылы қаланған. Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастаған Бақытжан Тасболатов өз
ісінің маманы. Алғашқыда Қожакент ауылынан күріш егуді бастап, кейіннен көршілес
Шиелі ауданынан серіктестер тапты. Былтыр серіктестік «Байсын» шаруа
қожалығымен келісім-шарт жасасып, 641 гектар жерге күріш екті. Одан бөлек «Алтын
дән», «Ақниет-2», «Нұрсанат» шаруа қожалықтарының суармалы егістігіне күріш
дақылын егіп, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, Бидайкөл,
Гигант, Ы.Жақаев, Жаңа тұрмыс ауылдарының каналын қазып, ауыспалы егістікті
жаңадан игеруге белсенді атсалысты. Бүгінде Жаңақорғанда орналасқан күріш ақтау
зауыты тәулігіне 60 тонна қара күрішті ақтауға қауқарлы. Қытайда құрастырылған
зауыттың тартылған күріш, аушақ, кебек, күрмек, өзге де жем түрлерін шығаруға
мүмкіндігі мол. Бұған қоса, серіктестіктің бес мың тонналық қара күріш сақтау
қоймасы мен елу тонналық электронды таразысы, темір жол тұйығы бар.

– Маусымдық кезеңде жұмысшылар саны елуден асса, бүгінде отызға
жуық. Былтыр мың гектар жерге күріш ектік. Одан 2000 тоннаға жуық Сыр маржанын
орып, ақтадық. Қазір заманауи зауыттың мүмкіндігін пайдаланып, стандартқа сай
өнім өңдеудеміз. Сыр маржанын Қарағанды, Шымкент, Алматы, Атырау қалаларына
сатамыз. Сонымен қатар, Кедендік Одақтың аясында көршілес мемлекеттерге өнімді
саудалауға даңғыл жол ашылды. 2014 жылы Ресейге – 600, Әзірбайжанға – 200,
Қырғызстанға 800 тонна ақталған күріш экспорттадық. Одан бөлек Тәжікстан,
Өзбекстанда тұрақты тұтынушыларымыз бар. Өздеріңізге белгілі, биыл 1 қаңтардан
бастап Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына толық мүше болды. Демек, біздің
экспорттық әлеуетіміздің үлес салмағы артып, өзге де шет мемлекеттермен
ынтымақтастық орнатудың көкжиегі кеңейді, – дейді «Тасболат-А» ЖШС директоры
Б.Тасболатов.

Иә, қолда бар дерекке сүйенсек, Сыр маржанының 25 пайызы жақын
және алыс шет мемлекетке саудаланады екен. Сыртқы сауда аймақтың экономикалық
өсуінің қуатты факторы болып табылады. Әрі халықаралық қауымдастыққа мүшелікті
пайдалана отырып, отандық өнімнің өрісін кеңейтуге оң ықпалын тигізері айқын.
Әрине, сыртқы сауда нарқы артқан уақытта зауыт жұмысшыларының жалақысы да жақсы
болары сөзсіз. Қазірде қыс айы болғандықтан күріш ақтау зауытында жиырмаға жуық
жұмысшы қызмет етуде.

Елбасы «Қазақстан жаңа
жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты халыққа арнаған
Жолдауында: «Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын.
Жұмысшы мамандықтарын меңгеру керек. Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден
бастадым, домна пеші от жалынының жанында тұрдым. Үлгі алыңдар! Жылдар өтеді,
бірақ, осы өмірлік тәжірибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да,
міндетті түрде кәделеріңе жарайды» деп, ел жастарын қарапайым жұмысшы болуға
үндеді. Елбасының «Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің» деген есті сөзді
өмірлік ұстанымға айналдыру бастамасын зауыттың жас жұмысшысы Нұрсұлтан
Өскенбаев та қолдайды.

– Негізі жұмыстың жаманы жоқ. Қазір жұмыс таңдайтын заман емес. Өзім
осында күріш қаптаймын. Жалақы да уақытылы. Зауыт толық автоматтандырылған.
Сондықтан жұмысымыз ауыр емес. Еңбек адамы болған маған ұнайды. Маңдай термен
келген нәпақа берекелі болады, – дейді ол.

Орайы келгенде айта кету керек, серіктестік «Садақаны сауыңда бер»
деген аталы сөзді өмірлік ұстанымға айналдырған. Үнемі өңірдегі
мешіт-медреселерге қап-қап ақ маржанын Алла ризалығы үшін берсе, мекеме жанында
орналасқан №125 орта мектепке де қаржылай қолдау көрсетіп тұрады.

Жаңа жаһандық ахуалда серіктестік күріш өндірісіне қоса, құрылысқа
қажетті шлакоблок өнімін шығаруды қолға алып отыр.

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Жаңақорған ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз