КҮРІШТІ, ЫРЫСТЫ ЖАЛАҒАШ

94

0

КҮРІШТІ, ЫРЫСТЫ ЖАЛАҒАШБүгінде
Қызылорда облысы респуб­ли­каның 85-90 пайызын күрішпен қам­та­масыз етіп отыр.
Облыстағы ауыл ша­руашылығы жағдайының нәтижесі жа­ман емес. Биыл Сыр диқандары
ел қам­басына 423 мың тонна астық құйып, үшін­ші жыл қатарынан рекордтық көр­сет­кішке
қол жеткізді. Қамбадағы қазы­наның еселенуіне, әсіресе, Жалағаш ау­да­­нының
қосқан үлесі орасан зор. Жиыр­ма мың гектар жерге Сыр маржанын еккен жалағаштық
диқандар күріштік жердің әр гектарынан 55,4 центнерден өнім жинап, «Алтын
күз-2015» мерекесінде облыстың жеңімпаз ауданы атанды.

Расында
биылғы жыл жалағаштық егінші-механизаторлар үшін жемісті жыл болды. Диқандар барлығы
31828 гектар егіс орналастырған болатын. Аудандағы шаруашылықтарда «Янтарь»,
«Маржан», «Лидерден» бөлек, «Анайт», «КазЕр-6», «Казниир-5», «КазВетта» секілді
күріш сұрыптары егілді. Еткен еңбек, төккен тер зая кетпеді. Жалағаштықтар
күріштің әр гектарынан 55,4 центнерден өнім алды.

Біз осы
ретте ауыл шаруашылығы саласының табысты һәм жұмысының тыңғылықты болуын
қадағалап, үйлес­­тіріп жүрген аудан әкімі Талғат Дүйсе­баев­ты әңгімеге
тартып, ауданның оң өзгерістерге қалай қол жеткізгені жөнінде сұраған едік.


Мұндай оң нәтиже көрсетудің бірнеше негізгі жолы болды. Біріншіден,
агротехникалық талаптарға сәйкес, егіс жоғары технологияларды пайдалану
негізінде орналастырылды. Заманауи техникалармен жер тегістелді. Бұл ретте,
күріштің түгел көктеп шығуына жағдай жасалып, бірдей бас алып, бір мезгілде
пісіп-жетілуіне мүмкіндік жасалды. Екіншіден, себілген күріш тұқымының 96
пайызы элиталық, І-ІІ репродукциялы тұқымдар. Ал себілген репродукциялы
тұқымдардан сапалы мол өнім алуға қол жеткіздік, – дейді Талғат Тұрсынұлы.

Сыр
маржанын жинаудан көш басында жүретін ауданның күріш егуде суды үнемді
пайдалануға мүмкіндік беретін инновациялық агротехнологияларды қолданғанын
ерекше атап өту керек. Дәлірек айтсақ, жерлерді лазерьлік тегістеу арқылы егу
әдісіне көшкен «Ер Әлі» шаруа қожалығының жұмысы табысты болды. Нәтижесінде,
шаруа қожалығы бітік күріш өсіріп, әр гектардан орташа 73 центнерден өнім алды.
Қазіргі уақытта бұл әдісті облыстың басқа да шаруашылықтары қолданып жатыр.

Біздің
өңірде ауыл шаруашылығы саласында күріш өсіру негізгі кәсіптің көзі саналатыны
белгілі. Сондықтан, күріш кластерін дамытудың маңызы зор. Аудан әкімі
Т.Дүйсебаев осы бағытта ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.


Осыдан екі жыл облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың бас­­та­масымен
«Жалағаш элеваторы» не­гізінде күріш кластерін дамыту жобасы қолға алынған
болатын. Бұл өнді­рістің қуаты 80 мың тонна күріш ақтау­ға жетеді. Алайда, 1982
жылдан бері жөндеу көрмеген, жеке кәсіпкерлер арасында қолдан қолға сатылып
келген элеватор ұзақ жылдар бойы толық қуатында жұмыс істемей келген. Алып
кешен тек 7 мың тоннаға жетер-жетпес күріш ақтаған. Сол себепті, «Байқоңыр» ӘКК
жанынан «Агрохолдинг Байқо­ңыр» ЖШС құрылып, Жалағаш ауда­нын­дағы «Жалағаш
элеваторы» ЖШС-на қарасты элеватор кешені сатып алын­ды. Облыс әкімінің осы
шешімі арқасында шаруа қожалықтарының жұ­мысы жүйеленді. Элеватордың жұ­мы­сы
ұтымды ұйымдастырылған. Ша­руа­шылықтардың күріші егін нау­қаны басталмай жатып
сатып алынады. Сол себепті, шаруашылықтар күз­де өнімін қайда өткізетіндігі
туралы уайымдамайды. 2013 жылы серік­тестік 9 шаруашылықтан 2 393 тонна күріш
сатып алып, сақтаса, 2014 жылы, яғни 22 жылдан соң заманауи
техника-технологиямен жабдықталған Жалағаш элеваторы күрішті молынан қабылдауға
мүмкіндік алды. Серіктестік 42 шаруашылықпен келісім-шартқа отырып, күзгі егін
жинау науқанында ешбір кедергісіз 16000 тонна күріш салысын элеваторға
қабылдады. Ал биылғы жылы шаруашылықтардан сатып алынатын күріш салысының
көлемі 23610 тоннаға жетті. Өткен жылмен салыстырғанда сатып алынатын күріш
көлемі 7456 тоннаға көбейді. Келісім-шарт жасасқандардың ішінде – Жалағаш,
Сырдария, Шиелі, Қармақшы аудандарындағы және Қызылорда қаласындағы күріш
өсіруші шаруашылықтар бар. Ал болашақта элеватордың базасында күрішті ақтап
қана қоймай, одан басқа да өндіріс жобалары қолға алынады деп жоспарланып отыр.
Бұл – біздің аудан үшін үлкен қуаныш. Өйткені, ол халықтың тұрмыс жағдайын
көтеруге ықпал етеді. Жұмыссыздық мәселесі біршама оңтайлы шешіледі, – дейді
аудан әкімі.

Талғат
Дүйсебаевтың айтуынша, бүгінгі таңда Жалағаш ауданы егін шаруашылығын
әртараптандыру бағытында көптеген шараларды қолға алуда. Шаруа қожалықтары
майлы дақылдарға, оның ішінде мақсары дақылын молынан егуге зор ынта танытуда.
Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда жаздық бидай 89 гектарға, майлы дақыл –
мақсары 315 гектарға, мал азығындық дақыл – жоңышқа 991 гектарға артық егілді.

Бұған
қоса, аудан алдында бәсекеге қабілетті нарықта өтімді тауарды өндіру міндеті
тұр.

– Ол үшін ең алдымен, агроөнеркә­сіп кешені
саласында инвестициялық ірі жобаларды іске асыру қажет. Сондықтан, аудан
егіншілік саласы бойынша тамшылатып суару әдісін енгізу үшін кешенді жұмыстар
бастап кетті. 2014 жылы аудандағы «Таң ЛТД» серіктестігінде 10 гектар картоп
тамшылатып суару әдісімен егіліп, межелі өнім алу қамтамасыз етілді. Биылғы
жылы «ЭКО-Агро-Продукт» серіктестігі картоп дақылын өндіруге барынша
дайындалды, Жаңадария ауылдық округінен жер алып, құжаттарын рәсімдеді.
Сондай-ақ, қажетті техникалар әкелініп қойылды. Келесі жылы 300 гектарға
тамшылатып суару әдісімен картоп егеді деп жоспарлап отырмыз, – дейді Талғат
Тұрсынұлы.

Жалпы,
мұндай тың жаңалықтарға жалағаштық еңбекші қауымның құлағы түрік жүреді.
Заманауи жетістіктерге үлкен үмітпен, зор сеніммен қарайды. Сондықтан, егістік
даласын еңбек дүбіріне бөлейтін дарабоз диқандар ел несібесін келер жылы да
молайтып, Сыр салысының даңқын шығара берсе дейміз…

Дәурен ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз