КӘСІП АШҚАН КЕМ БОЛМАЙДЫ

74

0

Облыста мүмкіндігі шектеулі жандардың 4 мыңы еңбекке жарамды. Оның 2 мыңы бюджеттік салада қызмет етсе, 85-і жұмыспен қамту орталықтары арқылы еңбекпен қамтылды. Ал қалғандары кәсіпкерлік саласына ден қойған. Мұндай жетістікке наурыз айында қолға алынған мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсартуға арналған 2017-2018 жылдарды қамтитын аймақтық «Жол картасы» бағдарламасы сеп болды. Бұл жайында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өкілдері айтты.

Мәселен, кәсіпкер Бибайша Юсупованың бір кезде ашқан шағын тігін цехы бүгінде кеңейген. «Даму» қорына бизнес жобасын өткізіп, 300 мың теңге грант иеленген шебер өткен жылы кәсібін бастап кетіпті. Қазір ұлттық нақыштағы «қыз жасауына» өзге өңірлерден де тапсырыстың толассыз болатынын айтады. Алғашында сырқатын жеңу үшін қолға алған, қазір отбасын асырайтын кәсіп көзіне айналған.

Айта кетейік, облыста қолға алған «Жол картасы» бағдарламасы жеті бағыттан тұрады. Оның ішінде-медициналық, кәсіби, әлеуметтік оңалту, спортқа қатысу, мәдени өмірге араласу, ақпараттандыру мәселелері бар. Бағдарламаға біршама қаражат қарастырылған. Басым бөлігі жергілікті бюджеттен бөлінеді. Мәселен, 2017-2018 жылдарға тоғыз миллиардтан астам қаржы қарастырылып отыр. Оның ішінде мүгедектерді жұмыспен қамту іс-шаралары да бар. Сондай-ақ Халықты жұмыспен қамту туралы Заңға өзгерістер енгізілуде. Осыған сәйкес 2018 жылдан бастап республикалық бюджеттен 33 кресло-арбамен жүретін мүгедектердің жүмыс орындарын субсидиялауға 4,4 миллион теңге қаржы бөлінбек.

Н.САҒАТҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз