КӘСІП – НӘСІПТІҢ КӨЗІ

41

0

КӘСІП – НӘСІПТІҢ КӨЗІМемлекет басшысының елде кәсіпкерлік қызметтің дамуы үшін қажетті жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы мәлімдемесі.
Бейсенбі күні Қазақстан Президенті кәсіпкерлік қызметтің дамуына қажетті жағдайларды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы Жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді.
– Жарлыққа сәйкес, мен 2 сәуірден бастап, 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес субъектілеріне тексеру жүргізуге мораторий жариялаймын. Мен қазақстандықтардың бизнес жүргізуі үшін қажетті жағдайды одан әрі жақсарта түсу мақсатында Үкіметке бірқатар нақты шаралар қабылдауды тапсырдым, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік бақылауды жетілдіру саласында қабылданатын шаралар туралы хабарлады.
– Жоспарлы тексеріс жүргізу тәжірибесі тоқтатылатын болады. Мемлекеттік органдар менің Әкімшілігіммен келісе отырып, тексерістерді айқындаудың объективті, әлемдік стандарттарға сай жүйесін әзірлейді. Осы жүйеге сәйкес, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап шын мәнінде тек заңнаманы бұзу ықтималдығы жоғары кәсіпкерлерге ғана тексеріс жүргізіледі. Егер кәсіпкер заңның барлық талабын орындайтын болса, тексеруші органдар оған мүлде бармауға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы алда тексеріс жүргізу түрі түбегейлі қайта қаралатынын айтты, нәтижесінде кәсіпкерлерге қойылатын талаптардың жалпы саны 30 пайыздан артық мөлшерге қысқармақ. Ол үшін Үкімет тексеріс жүргізудің барлық регламентін қайта қарауы қажет.
Нұрсұлтан Назарбаев тексерістерге балама ретінде үшінші жақ алдында ерікті сақтандыруды заңнамалық тұрғыдан бекіту қажеттігіне де тоқталды. 
Қазақстан Президенті 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап елдегі барлық тексерістердің шамамен үштен бірі тиесілі болып отырған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жабу рәсімдері оңайлатылатынын хабарлады.
– Мен Үкіметке жер телімдерін беру мен пайдалану мақсатын өзгерту, сондай-ақ құрылысқа және инженерлік тораптарға қосылуға рұқсат беру рәсімдерін 50 пайызға азайтуды тапсырдым. Жер телімін ресімдеу мерзімі 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап 30 күннен аспауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Президент тапсырмасы бойынша Үкімет  2014 жылғы 1 сәуірге дейін рұқсат беру және хабардар ету мәселелері жөніндегі заң жобаларын, 2014 жылғы 1 қыркүйекке дейін кәсіпкерлік қызмет үшін қажетті жағдайларды түбегейлі жақсарту жөніндегі заң жобасын, 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін өзін-өзі реттейтін ұйымдар қызметі жөніндегі заң жобасын Парламентке енгізуі тиіс. Соңында Қазақстан Президенті кәсіпкерлікті дамыту 2050 Стратегиясының негізгі міндетінің бірі екеніне тоқталып өтті.
– Менің Жарлығымның жүзеге асуы Қазақстанда кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін қажетті жағдайды түбегейлі жақсартуды қамтамасыз етеді. Бұл – бизнес жүргізіп отырған әрбір қазақстандық үшін нақты көмек. Кәсіпкерлердің жұмыс жағдайын ұдайы жақсартып отыру жайы әрқашан мемлекеттің басты назарында болады. Бұл – Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуы жолындағы тағы бір маңызды қадам. Осы шара және кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттен қаражат бөлу экономикамыздың өсуіне, жұмыс орындарының көбеюіне, барша қазақстандықтардың әл-ауқатының артуына серпін береді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз