КӘСІПКЕР КАПИТАЛЫН КӘСІПОРЫНҒА САЛСА ҰТАДЫ

34

0

КӘСІПКЕР КАПИТАЛЫН КӘСІПОРЫНҒА САЛСА ҰТАДЫБаспасөз материалдарын шолып отырып, «Айқын» газетіндегі журналист Жұмабек Жанділдиннің «Еврейлерден үйренсек» атты мақаласына көзім түскені. Еріксіз назар аудартқан мақалада  автор Израиль секілді шағын мемлекеттің ауылшаруашылық дақылдарымен өз елінің халқын қамтамасыз етіп қоймай, экспортқа шығарып, пайдаға кенеліп отырғанын келтірген. Шындап  келгенде, Израиль елінің жер көлемі  Қазақстанның бір облысы алып жатқан аумақтан артық емес. Сонымен бірге, топырағы құнарлы деп айтуға мүлдем келмейді. Керісінше топырағы деградацияға ұшыраған шөлейтті аймаққа жатады. Алайда, ондағы егін шаруашылығымен айналысушылар жылыжайларда соңғы технологияларды пайдаланып, тамшылатып суғару әдісімен мол өнім алуды жолға қойып, жеміс-жидекпен, азық-түлікпен өздерін де, өзгені де қамтамасыз етуде.  Мұның бәрі әрине, бұрыннан белгілі жайт. Әйтсе де, автор осындай жоғары нәтижеге қол жеткізіп отырған израильдік кәсіпкерлермен келісімшарт жасасып, өздерінің тәжірибелерін біздің кәсіпкерлерге үйретуді жолға қойса деген ой айтады. Мәселен, израильдік бір кәсіпкерге бір жылда 1 млн. доллар төлесе, ол жыл бойы жергілікті диқандарды оқытса дейді. Бір атап өтерлігі, ол елде бұрынғы одақтан көшіп барғандар жетерлік, тіл жағынан қиындық тумайды. Осылайша, Қазақстандағы он төрт облыс тиісті қаржы бөліп, бір-бір адамнан шақыртса,  олардан жергілікті жердегі оншақты, еліміз бойынша жүздеген шәкірт тәлім алып, игілікті істі жалғастырса деген ой білдіреді. Сонда импортқа тәуелділіктен біз де жайлап арыла бастар едік. Әрине, ол жақтың тәжірибесін енгізіп жатқан кәсіпкерлер біздің елімізде, тіпті біздің облыста да бар екені белгілі. Бұл жерде журналист ойы елімізде қайтсек кәсіпкерлікті одан әрі дамыта аламыз деген жақсы ниеттен туындап отыр. 
Иә, шағын және орта кәсіпкерлік дамымай халықтың әл-ауқатын  арттыра алмаймыз. Және оның үлесі экономикадағы басым үлеске жетуі тиіс. Дамыған елдердің қатарынан көрінудің алғышарттарының бірі осы. Өкінішке орай, еліміз бойынша ол көрсеткіш әлі елу пайызға жетпей жатыр, ал біздің облыс ең соңында келеді. Сондықтан да кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар көрсетілуде, түрлі бағдарламалар жүзеге асуда. Осы жерде шағын және орта бизнестің дамуына аяғына тік тұрған өзіміздің кәсіпкерлерде атсалысса екен дейміз.
Бұл арада басқа түсінік қалыптаспағанын қалаймыз. Кәсіпкерлеріміздің онсыз да осы мақсатта тынбай жұмыс істеп жатқаны баршаға аян. Сонымен бірге, бизнестің қиындықтарымен күнбе-күн бетпе-бет келіп жүрген кәсіпкерлерімізге ақыл айтудан не үйретуден, тапқан ақшасын қайда жұмсау жөнінде кеңес беруден де аулақпыз. Десе де, кейде бір жайттарға байланысты ойланатын кезің де болады. Бүгінде не көп. Тойхана, мейрамхана, сырахана, сауна көп.  Демек, оларға сұраныс болып тұрғаны. Демалушыларға заман талабына сай қызмет көрсету жолға қойылып келеді. Табыс көзі болумен қатар, адамдарды да жұмыспен қамтамасыз етіп тұр. Алайда, өңірімізде халық тұтынатын тауарлар мен сұранысқа ие нақты өнімдер шығаратын кәсіпорындар көбейе түссе деген ой көпшілікті мазалайтыны рас.  Өнім өндіруді жолға қою, оны өткізу, бәсекелестікке төтеп беру оңай емес. Оған тиісті технология, оны жүргізетін мамандар қажет. Инвестиция тарту керек болады. Оның бәрін дамыған шетелдерден ғана табасың.  Осы арада жоғарыда аталған мақала авторы айтқанындай, инвестиция тартудың орнына шетелдік маманды ұстаздық етуге шақырғанның тиімді жақтары көп болуы мүмкін. Іссапарға шығындалмайсың және осында келген шетелдік маманнан көптеген жергілікті мамандар үйрене алар еді. 
Жалпы кім болса да өмір бақи оқып, үйрене беру керектігі белгілі жайт. Ол бизнес өкілдеріне де қатысты. Барлығымыз да өңірімізде бизнестің дамуына мүдделіміз. Дегенмен, қарапайым бизнес түрлерінен өзгелерден кешеуілдеп жатқанымызға кейде қынжыласың. Мәселен, кәдімгі құрт пен шемішкені өңдеп, қалтаға салып, дүкендер арқылы сатуды көрші аймақ кәсіпкерлері жолға қойған.  Сол секілді сауда орындарындағы бөтелкеге құйылған таза судың барлығы да басқа облыс өнімдері. Өзіміздің ұлттық сусындарымыз қымыз бен шұбатты да сауда орындарына әдемі құтылармен шығарудың өндірісі жолға қойылса дейсің. Сол кезде аймақ тұрғындары, оның ішінде жас ұрпақ өкілдері бар, пайдасынан гөрі зияны басым түрлі сусындардың орнына жергілікті таза өнімдерді қолдана бастар ма еді. Шетел асып келген, сапасы күмәнділеу тамақ өнімдерін жергілікті өнімдер алмастырып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл бағытта міндетті түрде шетелдіктерден емес, өзімізге көрші аймақтар кәсіпкерлерінен де үйренер нәрсе аз болмаса керек.
Әрине, мұның бәрі айтуға оңай, оларды жүзеге асыруға келгенде небір қиындықтар мен кедергілер кездесетіні анық. Тіпті өндірісті жолға қойғанның өзінде шығарылған өнімнің өзіндік құны қымбатқа түсіп, шекара асып келген, бағасы арзан тауарлармен бәсекеге түсе алмауы мүмкін. Солай бола тұрса да, кәсіпкерлеріміз тәуекелге бара бергені жөн секілді. Оның соңында тәжірибе жинақтап, шығарған тауарларының өзіндік құнын төмендетуге, олардың сапасын арттыруға қол жеткізе алар еді. Қателіктер  тек жұмыс істеген жерде болады дегендей, қиындықтарды жеңбей жеңіске жетуге мүмкін емес.  Бірақ, мұндай тәуекелге кәсіпкерлікке жаңа қадам бастаған жан емес, бизнесін дөнгеленткен кәсіпкерлер барғаны абзал. Табысының бір бөлігін осындай кәсіпорындар құруға жұмсаса, қоғамға көбірек пайда әкелер еді. Әйтпесе, жоғарыда аталғандай демалыс және қызмет көрсету орындарын көптеп аша бергеннің несі жақсы? Осы арада тағы бір назар аударатын жайтқа тоқталып кеткіміз келеді. Имандылық үйі – мешіт салу өте сауапты іс. Аймақтағы имандылық үйлерінің барлығы дерлік іскер жандар демеушілігімен тұрғызылған. Сол үшін оларға мың алғыс. Десе де, бұл бағытта да артық кетпеген абзал. Жақында біздің облыстың бір кәсіпкері өңірдегі бес мешіттің құрылысына атсалысты деген ақпарат естідім. Бұған қарап, имандылық үйін салу да бәсекеге айналып бара жатыр ма деп ойлайсың. Өйткені, оны кез келген адам сала алмайды.  Ал ақшасы бар адам қаржысын басқа салаларға да салғаны игі іс болар еді.
Бұл әңгімені қызғаныштықтан айтып отырған жоқпыз. Көршісі байыса, қуанатын жандардың қатарынанбыз. «Әр қазақ – жалғызым» дейтіндерге қосыламыз. Халықтың бай болғанын қолдаймыз. Аймақ халқының, ұлтымыздың, мемлекетіміздің мәртебесі артып, жеңістерге жете бергенін қалаймыз. Сондықтан да қоғамыздағы іскер жандар халқымыздың жағдайын жақсарту мақсатында биіктерден көріне берсе, осы бағытта олар ізденсе, үйренсе, тәжірибе жинақтаса, табыс тапса, жетістіктерге жете берсе дейміз.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз