КӘСІПКЕРЛІК ҚАНАТЫН ЖАЙДЫ

43

0

КӘСІПКЕРЛІК ҚАНАТЫН ЖАЙДЫЖаңақорған ауданында мемлекеттік индустриялық-инновациялық жобаларға сай көптеген шаруалар атқарылуда. Ауданда орта, шағын өндіріс және қызмет көрсету орындары ашылды. Көптеген тұрғындар жаңа жұмыс  орындарымен қамтылды. Өткен жылдың ортасында көп жылдардан бері айтылғанымен, шешілмей жүрген аудан орталығындағы базар мәселесі жүйеленді. Атқару органның белсенді әрекеті нәтижесінде  құны 170 млн. теңге, сауда алаңы 1200 шаршы метрді  құрайтын «Нұрасыл» сауда үйі салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, «Тасболат и К» ЖШС құны тәулігіне 60 тонна күріш ақтайтын зауытты іске қосты. Оның құны 30 млн. теңгені құрайды. Жаңа жұмыс орындарының қатарына іске қосылған 2 кондитер цехын жатқызуға болады. Атқарылған шаралар нәтижесінде ауданда өнеркәсіп өнімдерінің өсу қарқыны жоғары дамып келеді. 

Аудан әкімінің шешіміне сәйкес аудан орталығындағы бұрынғы «Казсельхозтехника» мекемесінің техникалық жөндеу базасы негізінде кіші кәсіпкерлікке арналған шағын индустриялық аймақ құру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл өз кезегінде шағын кәсіпкерліктің өндірістік саласын дамытуға ықпал етеді. Мұнда наубайханалар, кондитер цехтарын, темір және ағаш өңдеу цехтарын, түрлі шеберханалар және басқа шағын өндіріс орындарын ашу арқылы жүйелі жұмыс өрбітуге мүмкіндік туады деген сөз. Әлеуметтік маңызы бар осындай істерге аудан әкімдігі тарапынан тұрақты қолдау көрсетілуі, келешекте оның болашағын кемелдендіретіні анық.  
Аудандық кәсіпкерлік бөлімі де бұл тарапта белсенді қызмет жасау үстінде. Атап айтар болсақ, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы аймақтық бағдарламалардың орындалуын, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті қолдау туралы заңнама бойынша сұрақтар жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қысқа мерзімдік оқыту жүргізу, басым жобаларға іріктеу жасап, олардың мониторингін жүргізу, кәсіпкерлік нысандармен шарттарды жасау барысында аймақ тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық мүдделерін сақтауға байланысты мәселелерді шешуде тиімді жұмыстар ұйымдастыруы көпшіліктің көңілінен шығады. 
КӘСІПКЕРЛІК ҚАНАТЫН ЖАЙДЫАудан халқын азық-түлікпен және тұрмыстық заттармен қамтамасыз ету және басқа түрлі қызметтер көрсету тұрғысында да шағын кәсіпкерлік нысандарының орны ерекше. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тіркелген шағын кәсіпкерлік субъект саны 3 мыңға жуықтаса, оның 181-і заңды тұлға, 579-ы шаруа қожалығы, 1741-і жеке кәсіпкер, олардағы жұмыспен қамтылғандар саны 6 мың адамға жетті.  5,5 млрд. теңгенің өнімдері  өндіріліп, түрлі қызметтер көрсетілді. Бюджетке түскен салық көлемі 170 млн. теңгені құрағандығы да оның өсу барысын көрсетсе керек.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын түсіндіру мақсатында аудандық газетке  мақалалар жариялай отырып, кәсіпкерлерге кеңес беру, бизнес жоспар жасап беру, т.б. қолдау көрсететін орталықтар жөнінде  хабарландырулар жариялау бұл саланың тиімділігі мен жариялылығын арттыра түскендігі рас. Аудан тұрғындарымен кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпкерлер құқықтарын қорғау бағытында ауданда бірнеше жиындар өткізілді. Оған осы салада жұмыс жасап жүрген компаниялар, мемлекеттік емес ұйымдар өкілдері тартылды. Кездесулерде кәсіпкерлікті қаржыландыру жайы кеңінен  талқыланды. 
Сондай-ақ, кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Кәсіпкерлерге арналған ақпараттық анықтама», «Кәсіпкерлік саласына арналған жадынама», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне арналған жадынама» кітапшалары кәсіпкерлерге таратылды. Күнделікті келген кәсіпкерлерге өздерінің ой-пікірі мен толғандырып жүрген мәселелеріне толық жауаптар мен ақыл-кеңестер берілді. Сондай-ақ, аудан орталығында құқық қорғау орындарының байланыс телефондары мен мекен-жайлары жайлы мәліметтер жазылған билбордтардың ілінгендігі де жамағаттың дұрыс бағыт алуына ықпал етті деп айтуға болады. 
Нұрмахан ЕЛТАЙ. 
Жаңақорған ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз