КӘСІПКЕРЛІК КЕНЖЕЛЕГЕН АУЫЛ ӘКІМДЕРІ ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТТІ

74

0

Жыл басында өңірде жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бірыңғай жол картасы әзірленді. Мемлекет тарапынан осы салаға бағытталған барлық қолдау тетігі біріктірілді. Содан бері он айға жуықтады. Бірақ аудан, ауыл әкімдері тиісті деңгейде жұмыс істемеген.

Арал, Қазалы, Шиелі аудандарында жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі селекторлық мәжілісте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев шағын және орта бизнестің ауыл-аймақтағы жағдайына көңілі толмайтынын айтты. Президент биылғы Жолдауында аталған сектордың ішкі жалпы өнімдегі үлесін 2050 жылға дейін кем дегенде 50 пайызға жеткізуді тапсырды. Оған жету үшін облыс әкімі әрдайым барлық деңгейдегі әкімдерге салық базасын ұлғайту, тұрақты жұмыс орындарын құру, қоғамдық-саяси ахуалды жақсартуды міндеттеп келеді. Ал бұларды түпкілікті шешудің бір жолы – жергілікті жерде жаппай кәсіпкерлікті дамыту.

– Жұмыссыз жүрген халық үшін «Бастау-бизнес», «Бизнес-кеңесші» бағыттары бойынша тегін оқуды, кәсіпкерлікті қолдау мемлекеттік бағдарламалары арқылы кепілсіз несие алу тәсілдерін жол картасына енгізіп, ауылдық жерлерде кәсіп ашу үшін типтік бизнес-жоспарлар да әзірлеп бердік. Наурыз айында барлық ауданда актив отырыстары өтіп, онда ауыл әкімдеріне жыл соңына дейін жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша тиісті нәтиже шығаруды тапсырдым. Бірінші кезекте – жаппай кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыссыздықты жою. Қаржыландыру мәселесін де шешіп бердік, – деді аймақ басшысы Қ.Көшербаев.

Биыл кәсіпкерлік саласына 27 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды. Ауыл әкімдері осыдан кейін жұмыссыз адамдарды кәсіпкерлік бастамасына тегін оқытып, олардың жобаларын сүйемелдеп, қаржы институттарымен байланысу арқылы нәтиже шығаруға міндеттелді. «Қиындық туа қалса» деп оларға бір-бір басшыдан бекітіп берді.

– Сіздердің жұмыстарыңыз – «кәсіппен айналысам» деген азаматтарды қолдарынан жетектеу. Мен сіздерді қолдың бостығынан жинап отырған жоқпын. Кәсіпкерлікті дамыту арқылы салық базасын ұлғайту, тұрақты жұмыс орындарын құру, қоғамдық-саяси ахуалды жақсарту мәселелерін шешуге болады, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы бұған дейін құзырлы органдардың басшыларын тыңдап келсе, бұл жолғы мәжілісте бірқатар аудан, ауыл әкімінің есебін тыңдады. Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевтың айтуынша, 1 қазанға дейінгі мәлімет бойынша 3975 кәсіпкерлік нысаны бар болса, оларда 5485 адам жұмыспен қамтылған. «Бастау-бизнес» жобасы шеңберінде 5 топта 172 адам оқып, сертификат алды. Қазір 6-топта 45 адам бизнестің қыр-сырын меңгеріп жатыр.

– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 14 адам мал шаруашылығын дамытуға 45,7 млн, 1 адам құс шаруашылығымен айналысуға 1,8 млн, 3 адам түрлі қызмет көрсету үшін 10,6 млн теңге несие алған, – деді М.Оразбаев.

Кейбір елді мекендерде оң динамика байқалса, кейбірінде жұмыс мардымсыз. Жиында кәсіпкерлік саласы кенжелеп қалған ауылдардың әкімдері уәждерін айтты. Жыл басында Қосаман ауылдық округіне 10 млн теңге қайтарымсыз грант, кейін қосымша 100 млн теңге бөлінген. Бірақ «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша конкурсқа қатысқан біреуі жоқ. Аманөткел, Ақирек, Атанши сияқты ауылдардың да халқында ынта жоқ әлде насихат жетпей жатыр. Жақсықылыш кенті Арал қаласына жақын орналасқан, 5 мың халқы бар. Соған қарамастан биыл кәсіпкерлікке 9 адам тартылып, 3 адам 8,5 млн теңге шағын несие алған. Аймақ басшысы мұның көңіл көншітпейтінін айтты.

Шағын және орта бизнестің даму динамикасы жөнінен Қазалы ауданы төменгі орында – небары 0,6 пайыз. Аудан әкімі Нажмадин Шамұратов статистикалық мәліметті алға тартты. Жыл басынан бері 491 кәсіпкер жаңадан тіркеліп, жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде ауылдық округтердің үлесі – 15,4 пайыз. Мыңнан астам адам тұратын Ақжона елді мекенінде шаштараз, шағын наубайхана жоқ.

– Неліктен тұрғындар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде қайтарымсыз грант қаражатын алуға ниет білдірмеген? Сонда ауыл тұрғындары шаш алмай ма, нан өнімдерін қажет етпей ме? – деді Қ.Көшербаев.

Ауылдық округ әкімі Ақтілеу Бөріқұлақов көп ұзамай шаштараз ашылатынын, ал келесі жылы наубайхана салынатынын жеткізді. Аймақ басшысы ауылдағы кәсіпкерлік жалғыз мұнымен шектелмейтінін, ынталы адамға ырзық мол екенін айтты. Халқы кәсіпкерлікпен айналысуға құлықсыз немесе икемсіз ауылдар Шиеліден де табылады. Тұрғын саны 2 мың шамалас Жөлек елді мекенінде осы кезге дейін бар-жоғы 5 бизнес субъектісі тіркелсе, «Бастау-бизнес» бағдарламасы арқылы 3 адам оқып, оның 1-еуі шағын несие алған. Жуантөбе ауылдық округінде 3200-ден астам адам тұрады. Оның 1,5 мыңнан астамы экономикалық белсенді. Сөйте тұра, биыл соның 0,4 пайызы кәсіпкерлікке бағытталған немесе 6 адам кәсіп ашқан.

– Әр ауылдың әкімі қаржы институттарының басшыларымен жеке кездесіп, 5-6 жобадан қолға алғанда кем дегенде облыс бойынша 700-ден астам жоба қаржыландырылатын еді. Әкімдер мемлекеттік бағдарламаға кәсіпкерлерді қатыстыруға, өндіріс көздерін ашуға қызығушылық танытпайды. Маған «банк қаржыландырмады», «кәсіпкер несие алуға қызықпайды», «кепіл мүлкі жоқ» деген сылтауды айтпаңыздар. «Орақшының жаманын орақ таңдайды» деп бекер айтпаған. Жұмыс сапасы өте нашар. Жыл соңына дейін нәтиже күтемін. Қай әкім тапсырманы орындамайды, соның жұмысын негативті бағалап, тиісті шаралар қабылдаймын, – деді облыс әкімі.

Әкімдер есебін тыңдаған Қ.Көшербаев Арал ауданы Қосаман ауылдық округінің әкімі, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы секілді бірнеше шенеунікті істі ілгерілете алмағаны үшін қызметтен босатты. Ал Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Совет Бабанаевқа қатаң сөгіс  жариялады. Қараша айында елді мекендерді аралап, атқарылып жатқан шаруаны тағы бір пысықтайды. Сол кезде нәтиже көрсете алмағандар да жылы орындарынан шеттетіледі.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз