КӘСІПКЕРЛІК КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙЕДІ

46

0

КӘСІПКЕРЛІК КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙЕДІ

Осы аптаның сейсенбі күні облыстық кәсіпкерлер кеңесінің отырысы өткізілді. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов қатысты.
Кеңестің ашылу барысында басқарма төрағасы Сыр өңіріне сапарының мақсаты жөнінде қысқаша баяндап берді. Қазіргі таңда елімізде аймақтарда жалпы ішкі өнімде орта және шағын бизнестің үлесін ұлғайтуға мән беріліп келеді. Елбасымыз бұл мақсатта әрдайым үлкен қолдау жасап отыр. Мемлекет басшысы өңірлерде кәсіпкерлік деңгейін көтеру және жергілікті кәсіпкерлерді қолдау жөнінде Жарлық шығарды. Сол Жарлықты жүзеге асыра отырып, жақында орын алған теңге девальвациясына байланысты отандық кәсіпкерлікті қолдау ерекше назарда ұсталуда. Елбасының тапсырмасымен аталмыш мақсатта Ұлттық қордан 1 трлн. теңге қаралды. Оған қоса ірі қаржы институттары арқылы осы мақсатта қосымша қаржы қаралмақ. Басқарма төрағасы шағын және орта бизнесті дамыту саласында бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Облыс әкімі біздің аймақта жасалып жатқан іс-шаралар жөнінде әңгімеледі. Өңірде кәсіпкерлікті өркендетуде оң нәтиже баршылық. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі 19 пайызға өссе, тікелей инвестициялау көлемі 40 пайызға ұлғайған. Облыстың биылғы бюджеті 167 млрд. теңге болып бекітілді. Оның ішінде өңірлік дамуға 51 млрд. теңге қаралды, ол былтырғыдан 20 млрд. теңгеге артық. Бюджетті нақтылау барысында одан артуы әбден мүмкін. 
– Елбасымыз Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы мүмкіндік жасап келеді, – деді облыс әкімі сөзін одан әрі жалғап. – Оны жеке ісін жүргізуге ниет білдірген әрбір азамат сезініп отыр. Мемлекет басшысы 14 ақпан күні өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде кәсіпкерлікті, әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жөнінде тапсырма берді. Сондықтан біз бұл бағытта нақты істерді қолға алып, кәсіпкерлік саланы дамытуға көңіл бөлуіміз тиіс. Әлемдегі алдыңғы қатарда дамыған Германияда шағын және орта кәсіпкерлік саласы жалпы ішкі өнім бойынша елеулі бөлікті иеленіп, мемлекеттің қазына қазанына қыруар кіріс кіргізіп келеді. Елбасымыз шағын және орта бизнес нысандарының санын арттыру және отбасылық бизнесті, яғни, әкеден балаға мұра болып қалатын жеке кәсіпті дамытуды тапсырды. Оның ішінде ауылдық жерде осындай игілікті істерді қолға алу өте маңызды болып отыр. Сондықтан біз бұл бағытта өз ісін жүргіземіз деген азаматқа демеу білдіріп, оларға барынша қолдау көрсету арқылы тәрбиелей білуіміз тиіс. 
Өкінішке орай, біздің өңірде шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі әзірге болмашы ғана болып отыр. Оның көлемі бар-жоғы 8,5 пайызға жуықтайды. Облыс басшысы осы мақсатта оның көлемін арттыру бағытында жұмыс жасалу қажеттілігіне тоқталды. Бұл бағытта азаматтарға несие беруге көңіл бөлініп отыр. Былтыр қайтарымсыз негізде облыстың бірқатар аудандарында «Ақниет» бағдарламасы қолға алынды. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы бойынша шағын несие беру жүзеге асырылуда. Өткен жылы бағдарлама аясында шағын несиеге 3 млрд. теңге қаралса, биыл оның көлемі тағы 1 млрд. теңгеге артқан. 2020 жылға дейін жалпы ішкі өнімдегі кәсіпкерлік саланың үлесін 25 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр. 
Сыр өңірінде оған барлық мүмкіндік бар. Инфрақұрылым, электр қуаты және өзге де қажеттіліктер мәселесі өз шешімін тауып келеді. Сонымен қатар, аймақта туризм саласын дамытуға әбден болады. Дүниежүзі бойынша ең ірі ғарыш айлағы – Байқоңырдағы ұшырылымдарды тамашалауға ниет білдірген жиһанкездер көптеп кездеседі. Сондай-ақ, оның іргесінде түбі бір түркі жұртының ортақ абызы – Қорқыт атаның ескерткіш кешені орын тепкен. Арал теңізі аумағындағы іргелі туризм аймағы болуға лайықты Қамбаш көлі де талай адамның тынығып-демалуына өз септігін тигізе алады. Шығыс пен Батыстың арасын жалғаған күре жол бойында да кәсіпкерлік саланы өркендетуге болады.  
Алдағы уақытта жергілікті басшылық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, жаңа кәсіпорындар ашу бағытта жұмыстар жүргізеді. Сонымен қатар, бұрыннан ісін жүргізіп келе жатқан кәсіпорындар тынысын кеңейтуге көңіл бөлінеді.
Әділжан YМБЕТ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз