КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНДАР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

109

0

КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНДАР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІШиелі ауданында Тұңғыш Президент
күні мерекесі айтулы шараларға толы болды. Ауданның белгілі кәсіпкерлері мерекені
қамқор көңіл, жомарт пейілмен қарсы алып, бірнеше кәсіпкерлік нысандарды өз жерлестерінің
қызметіне ұсынды. Балаларға қуаныш сыйлайтын, сәбилердің шат күлкісін әуелететін
орын – «Балалар әлемі» ойын-сауық кешенінің
ашылуымен басталды. Оның иесі – кәсіпкер Ақайдан Қойшыбекқызы. Кенттің орталық көшелерінің
бірінен өткен жылдың мамыр айында басталған екі қабатты кешен ғимараты пайдалануға
беріліп отыр. Оның жобалық құны 60 млн теңге тұрады. Ойын-сауық кешенінде балаларға
арналған түрлі аттракциондар, дәмді тағамдар асханасы, сауда бутиктері жұмыс істейді.
Мұнда қазірдің өзінде 5 адам жаңа жұмыспен қамтылып отыр. Нысанның ашылу салтанатында
аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев құттықтау сөз сөйлеп, аудан тұрғындарына шаттық
сыйлаған кешеннің лентасын қиды.

Осыдан соң кәсіпкер Иптихар Қошқаровтың
электр тауарлары мен жиһаз сататын екі қабатты «Электроника» сауда үйінің де ашылу
салтанаты болды. Оны тамашалауға аудан ардагерлері, кәсіпкерлер мен тұрғындар қатысты.
Үйлерін жаңа тұрмыстық заттармен толықтырғысы келген кісілер қалаған жиһазын әп-сәтте
банк бөлімшелері арқылы рәсімдеп, алып кетіп жатты. Сол күні «Көкшоқы» шағын ауданында
кәсіпкер Григорий Данилянның «Береке» сауда үйі де есігін айқара ашты. Мұнда азық-түлікпен
қатар тұрмыстық заттарды да саудалауға мүмкіндік бар. Жақсы жабдықталған дүкеннен
керегі табылғанға аудан тұрғындары да қуанышты екендіктерін жасырмады.

– Керек затыңның жақыннан табылғаны,
расында ғанибет қой, енді бұрынғыдай орталыққа әуре болмайтын болдық. Кәсіпкерге,
осы жұмысты ұйымдастырған кiсiлерге ризамыз, – дейді Тұрсынкүл апа.

Айтулы мереке күнгі қызықты да
мәнді шара Бестам ауылында өтті. Ауыл әкімдігіне салынған кеңсе ғимараты салтанатты
ашылып, пайдалануға берілсе, осы жерде «Кәсіпкерлікті дамыту және қолдау» тақырыбында
семинар өткізілді. Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев: – Экономиканың өзегі – орта
және шағын кәсіпкерлік екендігі Мемлекет басшысының Жолдауында атап көрсетілді.
Өз кәсібін ашамын, оны онан әрі жандандырамын деген үміткерлерге мемлекеттік қолдау
да көрсетіледі. Біздің ауданда жаңашылдыққа ізденіспен атсалысатын азаматтар баршылық,
бұл өз жемісін берері сөзсіз, – деді. Жиынға қатысушы кәсіпкерлер де өз ұсыныс-пікірлерін білдірісті. Ауыл әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген
ауылшаруашылық дақылдары көрмесі де келушілер назарын аударды. Аудандық мәслихат
хатшысы Әшім Оразбекұлы халық қалаулылары атынан ауыл тұрғындарын мерейлі мерекесімен
құттықтап, қорытын­дыланып келе жатқан жылдың табысты болуына тілек қосты.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз